Урбанизация үдерісінің өсе түсуі Павлодарда мектеп тапшылығын тудырып отыр. Әсіресе облыс орталығында бұл түйткіл айқын сезіледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 2025 жылға дейін жеті мектеп салу көзделген.
Соңғы жылдары Павлодар қаласының «Усолка», «Достық» шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер үсті-үстіне салынып, бұл аумақтардағы мектеп оқушылары үшін орын тапшылығы қалыптасқан. Бұдан екі жыл бұрын өңірдің білім беру басқармасы жетіспеушілікті азайту үшін кейбір мектептерді кеңейту, енді бірін жаңадан салу жобалары жоспарда тұрғанын хабарлаған болатын. Қала мектептерінің денінде бала саны тым көп, ал жаңасын салуға қаражат жоқ. Оның үстіне жыл сайын мектепке барушылар саны тұрақты түрде өсіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беруге қатысты тапсырмаларының нәтижесінде бұл салада сең қозғалып, мәселе шешіле бастады. 2023-2025 жылдары елімізде 401 заманауи мектеп салу жоспарланып отырғаны белгілі. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектеп құрылыстарының бірыңғай тапсырыс берушісі ретінде белгіленді. Компания алдағы үш жыл ішінде облыс орталығындағы «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарының әрқайсысында 1 200 орындық төрт жаңа мектеп салуды жобалап отыр. Тағы үш білім ордасында, атап айтқанда № 4, 22, 27 мектептердің жанынан әрқайсысы 1 200 оқушыға арналған жаңа корпустар салынады.
Қазіргі уақытта бір ғана Павлодар қаласында 7 мың оқушыға орын тапшы. Өңірлік білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, 8 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды. Ауылдық жерлерде де тозып тұрған орта оқу орындары бар. Жаңадан тұрғызылатын мектептердің барлығы бірыңғай стандартпен жобаланып, заманға сай жабдықталады. Болашақ білім ошақтарының құрылысы алдағы айдан қолға алынады деп күтіліп отыр.
Облыс әкімі Асайын Байханов пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру бойынша кездесу өткізіп, арнайы жер учаскелерін бөлу, инженерлік коммуникацияларды жүргізу, болашақ мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтады. Ғимараттарды салу кезінде жергілікті құрылыс материалдары мен отандық жабдықтарды пайдалану ұсынылды. Өңір басшысы жергілікті жауапты мекемелерге құрылыс жүретін аумақтардағы жер телімдерін уақытында рәсімдеуді, сыртқы инженерлік желілерді жеделдетіп тартуды тапсырды.
Павлодар облысы