Мұнайлы өңірдің орталығы – Атырау қаласынан алыстағы Жанбай ауылында тұратын Айнұр Сисекенова жаңа өнім шығаруды қолға алды. Жаңа өнім дегенде, қалбырға салынған түйе еті туралы айтып отырмыз.
Басқа өңірді қайдам, Атырау облысында бұрын-соңды дәл мұндай өнім шығарылған жоқ. Әрине, кез келген дүкеннің сөресінде сиыр, жылқы, қой еті салынған қалбырдың түр-түрі самсап тұр. Бірақ қалбырдағы түйе еті туралы естігеніңіз бар ма еді?
«Сұранысқа ие отандық өнім шығару үшін үлкен шаһарда тұру шарт емес. Халық тұтынатын сапалы өнімді алыстағы ауылда да жасауға болады. Мұндай істі қолға алу үшін алдымен ынта қажет. Ізденген адамның ісі оңға басады», дейді Жанбай ауылында тұратын кәсіпкер Айнұр Сисекенова.
Ауыл кәсіпкерінің айтуынша, бірнеше жылдан бері Жанбай ауылындағы «Рыспай Құрасов» шаруа қожалығының құрамындағы «Темірлан» жеке кәсіпкерлігі ет және шұжық өнімдерінің оннан астам түрін дайындайды. Енді жақында «Нарын» атауымен түйе етінен жасалған өнімді нарыққа шығара бастады.
«Алғаш кәсібімді «Бастау Бизнес» жобасымен шағын дүкен ашудан бастаған едім. Кейін заманауи технология орнатылған шағын цех ашып, 10-ға жуық ауылдасымды жұмысқа тарттым. Қазір шағын цехымызда ет және шұжық өнімдерін дайындаймыз. Бәрі – отандық өнім. Сол себептен шығар, тұтынушының сұранысы артып тұр. Мұнда жартылай фабрикат өнімдері де бар. Алдымен тұтынушы талабына ерекше мән беріп, өнім сапасын арттыруды көздейміз. Жақында түйе етін консервіге салып шығара бастадық. Қалбырды Алматы қаласынан алдырамын. Өнім сапалы болуы үшін қалбырлар міндетті түрде залалсыздандырылады. Арнайы құрылғымен туралған түйе етін тұздап қоямыз. Содан кейін ғана қалбырға салынады», дейді ауыл кәсіпкері.
Бағасы 1000 теңге тұратын түйе еті салынған консерві әзірге Исатай ауданының тұтынушыларына ғана сатылып жатыр.
Атырау облысы