Кеше Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың туғанына 70 жыл толуына арналған “Рымғали Нұрғали: Мұрасы және қазіргі әдебиет пен тіл ғылымының көкейкесті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Оның жұмысына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, аспиранттар мен ізденушілер, алыс және жақын шетелдердің ғалымдары қатысып, Р.Нұрғалидың шығармашылық мұрасын зерделеу арқылы тіл білімі, әдебиеттану, тарих, филология, педагогика және психология сияқты ғылымдардың өзекті мәселелерін талқыға салды.
Сонымен бірге үш тілде өткен конференцияның аясында ғалым туралы кітап пен сурет көрмелері, “дөңгелек үстел” отырысы өткізіліп, өзі соңғы кездері қызмет еткен университеттің оқытушылары мен студенттері ұстаздарының ғылымға сіңірген еңбегі, шығармашылық ізденістері, жеке азамат ретіндегі өмірлік ұстанымдары жөнінде ойларымен бөлісті.
Дастан КЕНЖАЛИН.