Павлодардың «Ақсу» футбол клубы Қазақстан чемпионатының жаңа маусымына қатысатын өз құрамын жариялады. Биыл командадағы ойыншылар құрамы 60 пайызға жаңарған.
Жергілікті жанкүйерлер биыл «Ақсудан» жүлде күтеді. Кезінде еліміздің 5 дүркін чемпионы атанған «Ертістің» жеңісті дәстүрін жалғастырарына сенімі мол. Былтыр Қазақстан біріншілігіне тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, жерлестеріміз маусымды 6-орынмен түйіндеп, ала доп аламаны десе ішкен асын жерге қоятын футбол жанкүйерлерін жоғары орындардан үміттендіріп қойған. Әйтпесе, Ертіс жағасында орналасқан қалада көптен бері футбол тойы өткізілмегенін былайғы жұрт жақсы біледі.
Жаңа маусымда Руслан Есімов жергілікті команданы капитан ретінде алаңға бастап шығады. Клуб капитаны «Ақсуда» былтырғы тамыздан ойнай бастаған, ал оған дейін «Екібастұз» бен «Ертіс», ақтаулық «Каспий», қызылжарлық «Қызылжар» командаларының намысын жыртқаны мәлім.
Команда құрамы биыл 60 пайызға жаңарғанымен, ондағы 8 ойыншының Павлодар футбол мектебінің түлегі екені қуантады. Өңірдің футбол резервіндегі жас футболшылар «Спорт-Сити» спорт қалашығының жабық манежінде жыл бойы жаттығуға мүмкіндік алған. Алдағы уақытта өңірде жаңадан бес мектеп стадионы мен 20-дан аса шағын футбол алаңы салынады деп жоспарланған. Осының барлығы Ертіс-Баян өңіріндегі футбол деңгейін өсіреді деген үміт зор.
Айтып өтейік, жергілікті ойыншылардан бөлек, биыл клубтың абыройын Қырғызстан ұлттық құрамасының футболшысы Қайрат Жырғалбекұлы, украиналық «Мариупольдің» түлегі Артур Мурза, қабардин-балқар футболының өкілі Ислам Жилов, Финляндия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Фейт Обилор, бразилиялық қорғаушы Брайан Гарсия Сильва, сербиялық Никола Эскич қорғайды. Одан бөлек, кезінде «Ливерпульде» ойнаған Тони Силва, нигериялық Чиди Осукву, «Бенфикада» доп тепкен Жилсон Коста, тағы бір бразилиялық Луис Гедеш жанкүйерлер сенімін ақтайды деген үміттеміз. «Ақсу» алғашқы тур ойынын сырт алаңда «Тобылмен» өткізеді.
ПАВЛОДАР