• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Наурыз, 2023

Еліміз Сияньда терминал салады

235 рет
көрсетілді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қы­тай­­дың Сиянь қаласын­дағы құрғақ порт аумағында терминал салатын болды. Осы мақсатта Қытай тарапы 8 гектар жер бөлуге дайын. Бұл туралы ұлттық ком­па­ни­я басшылығының Қы­тай­­ға сапары кезінде мәлім болды.

Кездесу барысында көлік маршрут­тары мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланған. Тараптар Сиянь қаласы Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы екенін атап өтті.

«Оның аумағында «Сиянь халықаралық сауда-логистикалық паркі» халықаралық құрғақ порты орналасқан. Осы құрғақ портқа жүктердің 40%-ы Қазақстан тарапынан келеді. Сондай-ақ мұнда ҚХР-ЕО қатынасымен жөнелтілген контей­нерлік пойыздардың жалпы көле­мінен контейнерлердің 30%-ы қалыптас­ты­ры­ла­ды», делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша келісімге қол қойылып, соған сәйкес Сиянь қаласындағы құрғақ порт аумағында терминал салу үшін 8 гектар жер учаскесі бөлінбек. Қала мэриясы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға жаңа логистикалық жобаны іске асыру бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін растаған.

Жүк тасымалы мәселесінде Қытайдың басты көзір ел болып тұрғаны жасырын емес. Бұған дейін ҚТЖ басшылығы «Қытай темір жолдары» МК басшыларымен де кездесу өткізген еді. «Қытай темір жолдары» МК-ның басшысы Лю Чжэньфан атап өткендей, «Қазақстан темір жолы» делегациясы – бұл пандемиядан кейін Қытай тарапы қабылдаған алғашқы әкімшілік.

Кездесуде екі ел арасындағы жүк тасымалдау көлемі оң қарқын көрсетіп отырғаны атап өтілді. 2022 жылы жүк тасымалы 23 млн тоннаны құрап, тарихи максимумнан асқан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Тараптар Қазақстан арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамыту мәселелері бо­йынша ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады. ҚХР-дан импорт мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Кездесуде жаңа жобалар туралы да айтылды. Нақтыласақ, Достық – Мойынты учаскесін жаңғырту және Бақты – Тачэн учаскесінде үшінші теміржол шекара өткелін салу мәселелері қаралды.