• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі 07 Наурыз, 2023

Қолдасаң, әйелді қолда

559 рет
көрсетілді

Бұдан бір ғасыр бұрын Анадолыдағы түрік елінің кемел реформаторы Мұстафа Кемал Ататүрік министрлердің басын қосқан бір жиында «Әйел теңдігін, әйел еркіндігін айтып жүрміз, ендеше түрік әйелдері де ерлерімен қатар кәсіп меңгерсін. Тым болмағанда шағын немесе орта бизнеспен шұғылдансын» деген мағынада тамызықты отқа отын болар ой тастапты. Бұл ізгілікті ойды амалға асыру үшін үкіметке екі-үш айдың мерзімін кесіп беріп, шараны өз бақылауына алатынын нықтап шегелепті.

Заулаған уақыт қойсын ба, екі-үш ай өте шығып, Ататүрік тапсырған іс­тің нәтижесін сұрапты. Сонда өндіріс ми­нистрі түрік әйелдерінің табиғаты батыс менталитетіне ұқсамайтынын, сол себепті олардың ерлермен жағаласып, далада кәсіп қуып жүре алмайтынын айтыпты. Онымен қоса әйел кісі атқаратын бала тәрбиесі мен үй шаруасының өзі үш еркекке жүк екенін жеткізіпті. Сонда ұзағырақ ойланып қалған Ататүрік түрік әйелі кәсіпке бармаса, кәсіп әрбір «түрік әйелінің есігін қақсын, кәсіпті түрік әйелінің үйіне кіргізіп беріңдер» деп қатаң бұйырған көрінеді.

Нәтижесінде жеңіл өнеркәсібі, қол­өне­рі мен шағын және орта бизнесі қа­на­тын кеңге жайған бүгінгі Анадолы тү­ріктерінің мұртын балта шаппай тұр. Экономикалық қуатының арқасында айдарынан жел есіп, айбарынан жау ығып жүр. Қолдасаң әйелді қолда дегендегі ұсыныс-ойымыздың ұғым-парқы осы.

Біздің елде де әйелдер әлемі жыл өткен сайын байып, қуаттанып келеді. Десек те әйелдер бизнесін қолдау процесі кейде тым баяу қозғалғандықтан көп шаруа орта жолда қалып қойып жатқандай. Осы сұраққа жауапты ай басында Астанада өткен «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау арқылы ауылдың тұрақты дамуы» атты республикалық конференциядан іздеп көрдік.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жо­ба­­ларының нәтижесі қоғамдағы оң өзге­рістер болуы тиіс, дейді шараны ұйым­дас­тырушылар. Олардың айтуынша, әйелдер бизнесті ашу кезінде, сондай-ақ кәсіпті жүргізудің бастапқы кезеңінде қиындыққа көп тап болады. Бұл – ең алдымен қаржыландырудың жетіспеушілігі, оған қоса ауылдық жерлерде қажетті дағды мен ақпарат та тапшы. Конференцияға қатысушылар осы кедергілерді еңсерудің жолын іздеді.

«Ауылды қолдаудың мемлекеттік шаралары туралы қажетті ақпарат алу және оны өңірлердегі аудиториямызға жеткізу үшін қоғамдық ұйымдар мен бизнес бірлесуі керек. Ал ортақ жобаларды жос­парлау үшін серіктестіктің барлық тараптары үйлесімді әрекет етуі қажет», деді Ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина.

The Coca-Cola Foundation өкілі Александра Аккирманның айтуынша, «Coca-Cola Белестері» секілді әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы табысты тәжірибе қоғамға өз пайдасын беріп отыр.

«Барлық әйелдер мен қыздардың құқығын кеңейту, лайықты еңбекпен қамту істері құптарлық. Экономикалық өсу, тұрақты даму мақсаттары арасында өзара байланыстар қажет екені аян. Са­лын­ған инвестиция мен алынған нәти­же­лерді сараптап, салыстыру қажет. Жо­баларды бағалап, қоғамдағы өзге­ріс­тер­дің бар-жоғын және сипатын көрсетуге тиіспіз», дейді ол.

«Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры Елена Ожгоның айтуын­ша, қазір қоғамдағы әйелдер биз­не­сіне деген көзқарас елеулі өзгерді. Конференция барысында «Атамекен» ҰКП, «Әлеуметтік динамика» қоры, «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы секілді қо­ғамдық ұйымдар арасында бірге қызмет ету туралы үшжақты меморандумға қол қо­­йылды.

«Осы серіктестігіміз аясында ұсы­на­тын дүниелеріміз бар. 2021 жылы жүр­гізілген «Ауылдағы әйелдер кәсіп­кер­лі­гі­нің әлеуеті» атты зерттеу елде ауыл кәсіп­керлігіндегі әйелдердің әлеуеті үлкен екенін көрсетті: әйелдердің үштен біріне жуығы өз ісін ашқысы келеді. Осындай мониторингті бүкіл өңірде әйелдерді көбірек қамту арқылы жыл сайын бірлесіп жасауға болады деп есептейміз. Біздің Farmerschool.kz және Businessteam.ccb.kz онлайн алаңдарымыз болашақ кәсіпкер әйелдер арасында сұранысқа ие және серіктестік тараптары оны қолдана алады. Соңғы бірнеше жылда онлайн студенттер саны 6 есе өсті», деді «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов.

Farmerschool.kz онлайн мектеп курс­тары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Skills.enbek.kz платформасына орналастырылды және жыл қорытындысы бойынша отандық әйелдер арасындағы осы алаңға сұраныс бірінші орында екені анықталды. Жаңа курстардың саны артып келеді және биыл пайдаланушыларға агробизнестің 6 жаңа бағыты ұсынылады.

Осы айдың бірінен бастап жыл са­йынғы оқыту кезеңі мен кәсіп бастағысы келетін әйелдер арасындағы үздік бизнес-идеяға арналған «Coca-Cola Белестері» байқауы басталады. Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға грант ұсынылады. Байқау осы жылдың 11 қазанына дейін жалғасады. Марапаттау Астанадағы Ауыл әйелдерінің республикалық форумында өтеді.

2013 жылы негізі қаланған жоба кә­­сіпкерлік негіздеріне оқыту бағдар­ла­малары арқылы Қазақстанның бүкіл аума­ғында, атап айтқанда аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағыт­тал­ға­н. 10 жыл ішінде 60 мыңнан астам әйел оқытылды, олардың 117-сі өз ісін дамытуға грант алып, 300-ден астам жұмыс орнын ашты. Жобаға қатысушылардың саны онлайн оқытудың арқасында жылына 2 мың адамнан 15 мыңға дейін өсті. Ал грант саны екі есе артқан.