• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Жаңа жоба атауы – ұяшықты бетон

375 рет
көрсетілді

Орал өңірінде құрылыс индустриясының жаңа өнімі – ұяшықты бетон өндірісі өз жұмысын бастап отыр. Бұған дейін салада қолданылып көрмеген бұл жоба қабырғалық материалдар қатарын толықтырмақ. Мамандардың мәлімдеуінше, мұның басты артықшылығы отқа жанбайды. Жылу сақтағыш қасиеті жоғары. Сондай-ақ, жаздың ыстық күндерінде салқын температураны да бірқалыпты ұстап тұра алады. Шуды өткізбейді. Елімізде баламасы жоқ жаңа жобаны іске асыруға «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ бас­тамашы болды. Бұл байырғы кәсіп­орында бұған дейін қабыр­ғалық материал – силикат кірпіш жа­сайтын екі үлкен цех бар болатын. Мұның біріншісінде бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша аталған құрылыс материалы шығарылып келеді. Бұл өндіріс ошағы заманауи шетелдік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осындай тех­ни­калық жаңғыртудан өткізілген корпорация өнімдеріне қашан да сұраныс мол. Ал мұндағы екінші цехтың құрал-жабдықтары моральдық тұрғыдан ескіріп, өндірістің бүгінгі жоғары талаптарына жа­уап бере алмайтындай күйге жеткен еді. Осыны ескеріп, корпорация жетекшілері оны түбегейлі қайта құру және жаңғырту жобасын жасақтады. Бейнелеп айтқанда, тыңнан түрілген түрен жоғарыда айтылғандай елімізде пайдаланылып көрмеген қабырғалық материал – ұяшықты бетон өндірісін өркендетуге жол ашты. – Жобаны жүзеге асыру үшін «Сбербанк» АҚ-тың Оралдағы филиалынан 200 миллион теңге несие алынды. Оның пайыздық мөлшерлемесін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша субсидиялау қажет деген ұйғарымға келдік. Осы ойымызды аяғына дейін жеткізу үшін жобамызды аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсындық. Бұл мұнда оң шешімге ие болды. Яғни, қазіргі кезде несиенің жалпы мөлшерінің 7 пайызы корпорация, 6 пайызы мемлекет есебінен өтелуде. Тағы бір айтайын дегенім, жаңа жобаны іске асыруға тек екінші деңгейдегі банктің қаражаты ғана емес, сонымен бірге корпорацияның да 86 миллион теңге қаражаты құйылды, – деді аталмыш кәсіпорынның өндірістік директоры Рамазан Нұрлиев. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 25 мың шаршы метр ұяшықты бетон өндіруге лайықталған. Қажетті құрал-жабдықтарды алдағы апталардың бірінде Ресей зауыттарынан әкеліп орнатуға келісімшарттар жасалған. Мұнда өнім өндіруге қажетті шикізат мәселесі де жеткілікті еке­ніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, корпорация меншігінде әк тас, кварц құмы кен орындары бар. Тек цемент жөнінде ғана өз шешімін толық тауып үлгермеген мәселелер кез­де­седі екен. Алайда, мұның да реті мен шешімін тауып отырмыз. Оны Ресейден тасымалдау қазір­гі Кеден одағы жағдайында, еш­қан­дай қиындық келтірмейді, дейді мұндағы өндіріс жанашырлары. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ.