Орал өңірінде құрылыс индустриясының жаңа өнімі – ұяшықты бетон өндірісі өз жұмысын бастап отыр. Бұған дейін салада қолданылып көрмеген бұл жоба қабырғалық материалдар қатарын толықтырмақ. Мамандардың мәлімдеуінше, мұның басты артықшылығы отқа жанбайды. Жылу сақтағыш қасиеті жоғары. Сондай-ақ, жаздың ыстық күндерінде салқын температураны да бірқалыпты ұстап тұра алады. Шуды өткізбейді.
Елімізде баламасы жоқ жаңа жобаны іске асыруға «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ бастамашы болды. Бұл байырғы кәсіпорында бұған дейін қабырғалық материал – силикат кірпіш жасайтын екі үлкен цех бар болатын. Мұның біріншісінде бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша аталған құрылыс материалы шығарылып келеді. Бұл өндіріс ошағы заманауи шетелдік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осындай техникалық жаңғыртудан өткізілген корпорация өнімдеріне қашан да сұраныс мол.
Ал мұндағы екінші цехтың құрал-жабдықтары моральдық тұрғыдан ескіріп, өндірістің бүгінгі жоғары талаптарына жауап бере алмайтындай күйге жеткен еді. Осыны ескеріп, корпорация жетекшілері оны түбегейлі қайта құру және жаңғырту жобасын жасақтады. Бейнелеп айтқанда, тыңнан түрілген түрен жоғарыда айтылғандай елімізде пайдаланылып көрмеген қабырғалық материал – ұяшықты бетон өндірісін өркендетуге жол ашты.
– Жобаны жүзеге асыру үшін «Сбербанк» АҚ-тың Оралдағы филиалынан 200 миллион теңге несие алынды. Оның пайыздық мөлшерлемесін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша субсидиялау қажет деген ұйғарымға келдік. Осы ойымызды аяғына дейін жеткізу үшін жобамызды аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсындық. Бұл мұнда оң шешімге ие болды. Яғни, қазіргі кезде несиенің жалпы мөлшерінің 7 пайызы корпорация, 6 пайызы мемлекет есебінен өтелуде. Тағы бір айтайын дегенім, жаңа жобаны іске асыруға тек екінші деңгейдегі банктің қаражаты ғана емес, сонымен бірге корпорацияның да 86 миллион теңге қаражаты құйылды, – деді аталмыш кәсіпорынның өндірістік директоры Рамазан Нұрлиев.
Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 25 мың шаршы метр ұяшықты бетон өндіруге лайықталған. Қажетті құрал-жабдықтарды алдағы апталардың бірінде Ресей зауыттарынан әкеліп орнатуға келісімшарттар жасалған. Мұнда өнім өндіруге қажетті шикізат мәселесі де жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, корпорация меншігінде әк тас, кварц құмы кен орындары бар. Тек цемент жөнінде ғана өз шешімін толық тауып үлгермеген мәселелер кездеседі екен. Алайда, мұның да реті мен шешімін тауып отырмыз. Оны Ресейден тасымалдау қазіргі Кеден одағы жағдайында, ешқандай қиындық келтірмейді, дейді мұндағы өндіріс жанашырлары.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Суретті түсірген
Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ.