Мұнайлы ауданының тұрғыны Гүлмира Құрманиязова жеке кәсібін әртүрлі әдістерді қолданып, органикалық тыңайтқыш – компост өндірумен бастады.
Кәсіпкердің айтуынша, компост – құрамында өсімдіктің дамуы мен өсуіне қажетті барлық минерал кездесетін құнарлы әрі қолжетімді органикалық тыңайтқыштардың бірі. Ол топырақтағы ылғалды сақтап, өсімдіктерді суаруға жұмсалатын суды 40 пайызға дейін азайтады, өсімдіктердің иммундық жүйесін нығайтып, әртүрлі вирустық аурулар мен ағаш зиянкестерінен қорғайды.
Жеке кәсіпкердің негізгі мақсаты – өңірді жасыл аймаққа айналдыруға үлес қосу, жергілікті бау-бақшада өскен табиғи өнімдерді пайдалану. Кәсіпкер алдағы уақытта табиғи тыңайтқыш – компост өнімін көбейтіп, Басқұдық ауылдық округінде орналасқан егістік базарындағы кәсіпкерлермен келісім шартқа отырып, нарыққа шығаруды жоспарлауда.
Маңғыстау жері тілі мен бабын тапқан жанға көл-көсір өнім бере алатындығы дәлелденіп келеді. Г.Құрманиязованың минералды тыңайтқыш өндіруі осы бағыттағы жұмыстарға үлкен қолдау. «Алыстан арбалағанша жақыннан дорбала» дегендей, тыңайтқыш та өзімізден дайындалатын болса Маңғыстауда егін егу ісі дами түсері даусыз.
Маңғыстау облысы