Анамен әлем нұрлы. Біз ізгілікке барар жолды ана арқылы табамыз. Көңілімізді бұлт торласа, сенімімізге селкеу түссе, алдымен әйел заты араша түседі. Бұл – Тәңірдің мейіріміндей көркем қасиет. Сондықтан аналарға көрсеткен қошемет – ең ұлы қошемет. Жетісуда биыл әр салада қызмет ететін 500 әйелге ерекше құрмет көрсетілді. Бірі – «Алтын алқа», «Күміс алқа» тақса, бірі Алғыс хатқа ие болды.
Аяулы аналар мен арулардың төл мерекесіне орай Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында салтанатты кеш шымылдығын түрді. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен шарада кино өнерінің жарық жұлдызы, ел мақтанышы, жұрт жадында «Тақиялы періште» атауымен жаңғырған Әлімғазы Райымбековтей абыздың асыл жары Гүлжауар Айтжанқызы секілді ел аналары, сан салада жемісті еңбек етіп келе жатқан қарапайым қызметкерлер, құрсағы құтты, ғазиз жүректі нәзік жандар мен облыстың бетке ұстарлары меймандар қатарынан көрінді.
Әсем ән әуелеп, шалқыған күй шанақтан ұшқан мерекелік шара барысында бейнеролик көрсетілді. Онда ғұмыры ғибратпен өрілген, кәсіптен нәсіп терген аналар туралы арнайы дайындалған бейнешолу көрермен ықыласын оятты.
Жиында алғашқы болып облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз алды. Ол әуелі қазақта Жер-Ана, Отан-Ана дейтін қасиетті ұғымдар барын, бұл елге, туған жерге, мемлекетке қатысты құндылықтардың барлығы анадан бастау алатынын айғақтайды деп атап өтті. Сонымен қатар әйелдер қауымына қатысты тебіреніске толы толғамын айшықтай келе, көпшілікті мерекемен құттықтады.
«Жетісу өлкесінде кешегі Зылиха Тамшыбаева, Бәтима Сақауова, Алтынай Есболатова сияқты тарихи тұлғалардың көші жаңа заманда да үзілген жоқ. Бүгін арамызда 10 бала, 22 немере, 23 шөбере тәрбиелеп отырған белгілі актер, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлімен көптің сүйіспеншілігіне бөленген, күні кеше ғана өмірден озған жерлесіміз Әлімғазы Райымбеков ағамыздың асыл жары Айтжанқызы Гүлжауар анамыз отыр. Әлімғазы ағамызға Бикен Римова, Әмина Өмірзақова аналарымыз бүкіл Алматыны аралап, елдің сан қиырынан келген сұлулардың арасынан қалыңдық іздеп жүріп, бәрібір таңдауы Гүлжауар апамызға түскен екен. Екеуі жарты ғасырға жуық өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп, үлгілі отбасы болды. Қазір Райымбековтер үлкен әулетке айналып отыр», – деген облыс әкімі ел анасына құрмет көрсетті.
Тамыры терең тарихтың көшінде аналардың алатын орны ерек. Ел басына күн туған сәттен ерінің серігі, ошағының көрігі болған әйелдердің асқан батылдығы мен қайраты шежіреміздің баянды болуына тегершік. Бүгінгі таңда кемел елдің көшін бастаған, сан салада толайым табысымен Толағай атанғандардың анасы да салтанатты шарада атаусыз қалмады. Жан жадыратқан, жүрек тебіренткен сөздерімен мерекенің шырайын ашқан облыс әкімі қарапайым еңбек адамдарын да алқап, ардақтады. Мерейін өсірді.
Салтанатты шарада аймақ басшысы алдымен «Алтын алқа» иелерін марапаттады. Өз кезегінде «Күміс алқа» иелері де мерейленді. Айта кетуіміз керек, бүгінде қазақтың санын көбейтіп жатқан құтты құрсақтардың дені жас аналар екені көңіл қуантып, көз сүйсіндірді. Ал жиында тағы бір жан толқытқан дүние – облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алған нәзік жандылардың дені мекемелердің тазалығына жауапты, мемлекеттен несие алып, шағын кәсібін ашып жатқан, көпбалалы аналар секілді қарапайым жандардың болуы. Міне, осындай қатардағы жандардың мерейленуімен айшықталған мерекелік кеш көңіл тебірентті. Ел көсегесін көгерту жолында түн қалғымай, күн тыным таппай еңбек етіп жүрген, әр салада ақ адал еңбегімен отбасына тірек болған аяулы жандарға арналған шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ән асқақтап, күй күмбірледі.
Осы ретте айта кетейік, Панфилов ауданында жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлер төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға үй сыйлады. Шолақай ауылында тұратын отбасы бұған дейін апатты үйді мекен еткен екен. Енді олар көктемгі мерекені 12 сотық жер телімі бар, барлық қажеттіліктермен жабдықталған 7 бөлмелі үлкен үйде қарсы алды. Жетісудағы аяулы аналар мерекесі осылай тойланды.
Жетісу облысы