Дүйсенбіге қараған түн Орал қаласының Зашаған кенті тұрғындары үшін үрейлі болды. Сарытау шағын ауданында жиналған қар суы арыққа сыймай ағып, Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты үйлердің жертөлесіне құйылған.
«Жұмыстан үйге кешкі 20.00-дер шамасында келген едім. Үйге жақындағаннан-ақ қарбалас қимыл, жиылған жұртты байқадым. Бүкіл ауламыз айдын көлге айналған. Біздің жанымыздағы үйдің жертөлесіне су құйылып кетіпті. Көп кешікпей біздің үйдің де асты суға толды. Қауіпсіздік үшін үйді электр желісінен ажыраттық. Мен өзім құжаттарымды әзірлеп, түнгі сағат 03.00.-ге дейін ұйықтамадым», дейді Мұрат Мөңкеұлы көшесіндегі №105/1 үйде тұратын Айгүл Оразбекова. Мөңкеұлы көшесінен көпқабатты 8 үйдің жертөлесіне су кіріп, электр желісінен ажыратылғаны белгілі болды. Міне, бір тәулікке жақындады, ол үйлер жарықсыз отыр.
«2023 жылғы 12 наурызда сағат 15.00-ден бастап температураның +12 градусқа дейін күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі нәтижесінде Сарытау және «Свистун» тауларынан (биіктігі 300 м.) қалаға еңіс жерлермен Зашаған кентінің Саратов трассасы бойындағы жұмыс істеп тұрған арналар бойымен судың көп мөлшері келіп, еріген су көлемі жобалық өткізу қабілеттілігінен асып түсті. Нәтижесінде, Сарытау шағын ауданы бойынша су жайылды», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Мөңкеұлы көшесіндегі тұрғындарды құтқару үшін жергілікті атқарушы органдар, төтеншеліктер, Ұлттық ұлан сарбаздары тізе қосып жұмылып, 250-дей адам, 200-ге тарта техника кенттегі тұрғын үйлерді одан әрі су басуға жібермей алып қалды. Көпқабатты 2 үйдің жертөлесінен су сорылып, тазартылған.
Орал қаласы бойынша 27 құрама-эвакуациялық пункт бекітілген. Су басу қаупі төнген жағдайда халықты орналастыру үшін қосымша 10 мектеп, 1 мәдениет үйі және 1 спорт кешені әзір тұр. Бұған қоса қажет жағдайда халықты көшіруге 30 автобус, Орал қаласынан 2 қонақүй дайындалған.
Аудандардан да алаңдаушылық білдіріп жатқандар бар. Қаратөбе ауданында Қалдығайты өзені Аққозы ауылының тұсында өткелді бұзғанын, Қаратөбе – Жымпиты аралығында автожол үстінен қарғын су өткенін, Бөрлі ауданында да қауіпті ахуал қалыптасқанын халықтың өзі хабарлап жатыр.
Бәйтерек ауданында ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары далада қалған 20 бас қойды құтқарып, судың арғы бетінен моторлы қайықпен алып шыққан.
Батыс Қазақстан облысы