• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Еңбек 13 Наурыз, 2023

Ақжайықтың жылыжайы

322 рет
көрсетілді

Махамбет ауданында Ақжайық аталатын ауылдық округ бар. Жайық өзенінің жағасындағы ауыл тұрғындары негізінен төрт түлік өсіріп, егін егеді. Былтыр мұнда жылыжай кешенінің құрылысы басталған еді.

Жаңа жылыжайдың аумағы – 4 гектар. «Жұмағалиева Н.М» шаруа қожалығы іске асырған жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Жақында үш блоктан тұратын жылыжай кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды. Жылыжайдан жылына 1 600 тонна өнім жиналады.

«Атырау облысында бұрын-соңды болмаған жылыжай кешені ашылды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау туралы тапсырмасы аясында қолға алынған еді. Ең басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, жылыжай кешенінде 60-тан астам адам жұмыс істейді. Оның 40-тан астамы – жергілікті тұр­ғын­дар. Олар жылыжайдан жылына 900 тонна қызанақ, 700 тонна қияр жинауды көздеп отыр. Өнімнің екеуі де голландиялық сорттан өсіріледі. Мәселен, қызанақтың «Merlice» деп аталатын түрі тәулігіне 6 тонна, қияр­дың «Golden» сорты тәулігіне 7 тонна өнім береді екен. Тоғыз айда әр өскін­нен тәулігіне 18 кило өнім алуға болады.

Жыл бойы көкөніс өсірілетін жылыжай кешенінің жұмысы толық автомат­тандырылған. Мұнда тамшыла­тып суару әдісі қолданылады. Тіпті аталған әдіс арқылы тыңайтқыш ері­тінді түрінде беріледі. Енді шаруа қожа­лығының жетекшісі жылыжай кешенінің аумағын 16 гектарға ұлғай­тып, үй жануарларын, құс пен балық түрлерін өсіруді жоспарлап отыр.

 

Атырау облысы