• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Наурыз, 2023

Дерттің дендеуіне дәрігер жетіспеушілігі себеп

403 рет
көрсетілді

Өңірдегі денсаулық сақтау саласы демігіп тұр. 234 дәрігер жетіспейді. Оның 151-і қалалық жерде болса, 83-і – ауылдық жерде. Кейбір шалғайдағы шағын елді мекендердегі фельдшерлік-акушерлік пункттердің де жағдайы мүшкіл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың тапсырмасы бойынша медицина қыз­меткерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көбейіп келеді. Сәл ғана таратып айталық, 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға, кіші персоналдың жалақысы 18 пайызға көбейту жоспарланған. Сондай-ақ медицина кадрларын ынталандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Әйтсе де білікті мамансыз өңірдің өңі жақсаратын емес.

Дәрігер тапшылығы туралы қат-қабат қиын­дық­ты көз алдыңызға елестету үшін нақты деректер келтіре кетелік. Қазіргі күні өңірде 35 жалпы практикалық дәрігер, 23 анестезиолог, 18 педиатр, 13 терапевт, 14 акушер-гинеколог, 9 офтальмолог, 8 неонотолог, 10 отоларинголог тәрізді мамандар жоқ. Оны айтасыз, балалар невропатологі мен офтальмологін облыс орталығында күндіз қолыңызға шам алып іздесеңіз, таба алмайсыз. Өңір тұрғындары бауыр еті балалары ауыра қалса, Астанаға шапқылап әлек. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған заманда ауылдағы ағайынның бәрі бірдей Астанаға жете ала ма?! Бұл жайында ойлаған жанның иманы қасым болар еді. Дертіне дауа табатын мамандардың өңірге келуін келгенімен, түпкілікті тұрақтап қалмай­тыны алаңдатады. Бұл – қаншама жылдан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселе. Сала бас­шылығы бір қарағанда қаны шығып тұрған түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға ұмтылып-ақ жатыр.

– Дәрігер кадрлардың тапшылығын азайту мақсатында әр жыл сайын резидентура оқуға 35 грант, «жалпы медицина мамандығы» бойынша оқуға 50 грант бөлінеді. Орта буын мамандарын даярлау Көкшетау жоғары медициналық колледжінде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі күні бұл оқу орнында 1 237 білім алушы оқып жүр. Өткен оқу жылында білім алушылардың 88 пайызы жұмысқа орналасты. Алдағы жылы 380 студент өз саласының маманы болып шығады, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы адам ресурстарын басқару қызметінің бас маманы Динара Баймағанбетова.

2018 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде медицина факультеті ашылған еді. Қазір 740 адам оқып білім алса, оның 200-і облыс әкімінің гранты есебінен оқиды. Сондай-ақ облыс әкімінің атаулы стипендиялары еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарында оқитын 72 адамға төленеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 52 млн теңге қаражат бөлініп отыр.

Бір қарағанда медицина кадрларын ынталандыру жұмысы жүргізіліп жатқан тәрізді. Мәселен, тұрғын үй беру, тіпті болмаған жағдайда пәтер жалдауға көмектесу, балабақшалардан бөбектеріне орын қарастыру тәрізді әлеуметтік қолдау қарастырылған.

2022 жылы облысқа 88 маман келіпті. Олардың 56-сы – ауылда, 32-сі қалада тұрақтаған. Айтарлықтай сұранысқа ие 27 жас маманға 50 млн теңге көлемінде көтер­меақы төленген. Қалалық жерге орналасқан 18 дәрігерге 27 млн теңге, ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласында қызмет ететін 9 дәрігерге 23 млн теңге төленген. 2023 жылға облыстық бюджеттен осы мақсатқа 120 млн теңге қарастырылған. Міне, осындай оң мысалдарды сыналай келтіруге болады. Әйтсе де осыншама қолдау дәрігер кадрларының тапшылығын жоя алмай отыр. 2021 жылы 244 дәрігер жетіспесе, 2022 жылы 234 дәрігер жетіспеген. Демек бұрынғы тапшылықтың мұрты бұзылмай, сол қалпында тұр деуге болады. Осы арасы мүлде түсініксіз. Кадрдың тұрақтамауында өзге бір сыр бар ма? Бәлкім, жас мамандарды шалғайдағы шағын ауылдардың ірі мегаполис­терден алыстығы, жол қатынасы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сескендіретін шығар. Олай болса облыс орталығының іргесіндегі, табиғаты көркем Зеренді ауданының 13 ауылын­да дәрігердің жоқтығын қалай түсіндіре алар едіңіз. Аудандағы Айдабол, Троицкое, Ершовка, Бірлестік, Красный кардон, Айдарлы, Көктерек, Бұлақ тәрізді ауылдарындағы тұрғындар басы ауы­рып, балтыры сыздай қалса, қаралатын дәрігер таппай қарадай баз кешіп отыр. Облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының мамандары дәрігерлердің жетіспеушілігін елорданың іргеміз­де тұрғанымен байланыстырады.

– Біздің Красиловка ауылындағы ФАП-тың жағдайы мүлдем мүшкіл. Қыстың күні дұрыс жылытылмағандықтан, ішіне адам кіріп болмайды. Науқас адамға ине салу да мүмкін емес. Құрқылтайдың ұясындай кіп-кішкентай бөлмені жылытып қоюға әбден болар еді. Сайып келгенде мұның барлығы ауыл тұрғындарына жасалатын қамқорлықтың қаншалықты деңгейде екенін көрсетіп тұр емес пе?!  – дейді ауыл тұрғыны Қайратбек Хамзин.

Айтса айтқандай, бір бөлмені жылытуға көп шығынның да қажеті жоқ қой. Адам денсау­лығынан қымбат емес шығар. Осы арада тақы­рыпқа тікелей қатысы болмаса да, шағын ауылдан неге көшіп жатыр деп шақшадай басымыз шарадай болады. Сол сұрақтың жауабы осы жерде менмұндалап тұрған жоқ па?!

– Облыста медициналық бейіндегі мамандарды тарту мен тұрақтандырудың негізгі мәселелерінің бірі елордаға жақын орналасқандықтан, білікті кадрлар жекеменшік медициналық ұйымдарда жұмыс істеуге ынталы. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін бөлу кезінде мамандардың негізгі бөлігі үлкен қалаларға қарай ұмтылады, – дейді Динара Баймағанбетова.

Біздің ойымызша, жас мамандардың бойында алдымен ел мен жерге деген сүйіспеншілік болуы керек. Бәлкім сонда ғана өз парызын адал атқарып, қарапайым халықтың ортасынан табылар. Ал оған дейін елдің көрген күні – осы. Қазір сала білікті ғана емес, саналы маманға сусап отыр. Осы арада Астрахан ауданына қарас­ты Шілікті, Ягодное, Ақбейіт, Бұлақты, Степное, Қаракөл ауылдарының медициналық пункттерінде фельдшердің, Ерейментау ауданына қарасты Олжабай батыр елді мекеніндегі, Сілеті ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларда дәрігердің жоқтығын қадап айта отырып, осы аудандардың басшылары дәрігерлерге жеткілікті қамқорлық жасау керек екенін айта кетсек, артық болмас.

Осыдан бір ай бұрын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыстағы көкейкесті мәселелер бойынша кеңес өткізген кезде қорда­ланып қалған күрделі жайттар айқындалды. Министр кеңес барысында өңірде скринингтік зерттеулер нәтижесінде дерттің анықталу төмен­дігін атап өтті. Айталық, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 29,4 пайызға төмендегенімен, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 17 пайызға жоғары екен. Өңірдегі қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіштері де орташа республикалық мәннен 34 пайызға көп. Бұл ісіктердің визуалды 27 пайыз­дан 27,2 пайызға өсуін көрсетеді. Еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Облыста іс жүзінде әрбір үшін­ші онкологиялық науқас мамандандырылған ем­деуді жүргізу кезінде асқынған күйде тіркелген. Инсульттен болатын өлім-жітімді төмендету бағытында дәрігерлердің әлсіз жұмыс істейтіні айқындалып отыр. Сондай-ақ станционардан шыққаннан кейін инсульт алған адамдарды дис­пан­серлік есепке алумен толық қамтамасыз етіл­меген. Министр, әсіресе кардиология саласында бейінді мамандардың жетіспейтінін, жүйелі тромболиздің төмен деңгейін, инфаркт алған нау­қастарға көмек көрсетудің жүйесіздігін атап өтті.

Міне, дәрігердің жетіспеушілігі осындай жайдың орын алуына себепші болып отыр. Алдағы уақытта сала басшылары сылтау іздегеннен гөрі кешенді шаралар қабылдаса екен дейсіз.

 

Ақмола облысы