ПЕТРОПАВЛ. 26 маусым. 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде 11 елді мекенге жергілікті әуе қатынасын тарту жоспарланса, мұның игілігін облыс орталығынан алыс жатқан Уәлиханов ауданының тұрғындары да көретін болады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұл бағытта республикалық қазынадан 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, Петропавл-Кішкенекөл бағытындағы әуе қатынасын жаңғыртудың жобасын жүзеге асыру қолдау тапты. Көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына жауаптылардың сөзіне қарағанда, бірінші кезекте Жасқайрат, Қулыкөл, Қаратал секілді қоғамдық көліктің қатынауы өте қиын түкпірдегі ауылдардың тұрындарының жүріп-тұруы жеңілдейді. Сол сияқты көршілес аудандар жұртшылығы да оның қызметін пайдалана алады.
Қазір 12 орынды ұшақтар қатынайтын аэродром құрылысы үшін жер телімдерін және жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлу қарастырылып отыр.
Өмір Есқали.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: strategy2050.kz.