ПЕТРОПАВЛ. 26 маусым. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының кезекті мәжілісінде денсаулық сақтау саласына қатысты небір өрескел олқылықтардың беті ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аға прокурор Руслан Мұқанов баяндағандай, біржарым жылдың ішінде облыстағы медицина мекемелерінде 45 адам көз жұмса, бұлардың арасындағы кейбір науқастар дәрігерлердің біліксіздігінен қайтыс болған.
Өздерінің міндеттеріне салдыр-салақ қарағаны үшін 18 мейірбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, науқастарға жалған анықтама жазып беру, жеңілдікті дәрі-дәрмектерді сатып алдырту, жаңа қондырғылардың жиі істен шығуы және олардың арнайы маман жоқтығынан босқа қаңтарылып тұруы секілді фактілер тіркелген.
Ең сорақысы, солтүстікқазақстандық кейбір дәрігерлер ер-азаматтарды «тексеру» барысында төртеуінен тек әйелдерде ғана кездесетін ауруды «тапқан». Атап айтқанда, үш науқаста жатыр мойыны, біреуінен омырау безі ісігі ауруын «анықтаған». Шындығына келгенде, олардың бәрі құлан-таза күйде болған.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, осы жерде бір шикілік сезілетін секілді. Өйткені, скирингтік тексерілуге мүлдем келмеген тұрғындар тізімге енгізіліп, әр «клиент» үшін мемлекеттен 3 мың теңгеден төленіп отырған.
Өмір Есқали.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: peopleandcountries.com.