Көкшеге көктем кеш келеді. Дарқан даланың төсі жаңа жіпсіп, сай-салада қызыл су енді жүре бастады. Жауапты кезеңге дайындық біршама жасалғанымен, ілгеріден келе жатқан олқылықтың орны ойсырап тұр.
Су айдындарының үстіндегі мұз әлі сол қалпы. Өзендер де әзірге міз бағатын емес. Өңір соңғы жылдары көктемгі су тасқынынан қаншама бейнет шекті. Сондықтан да тиісті мекемелер қауіпті кезеңге қарекет жасап, тас-түйін дайындалуға күш салуда. Алдымен өткен жылдардағы су тасқынының зардаптары ескерілген. Биыл да қардың қалыңдығы, топырақтың қату тереңдігі есепке алынып, қызыл су осы тұстан жайылады-ау, ағын су осы маңда кептеліске ұшырайды-ау деген болжамдар екшелуде. Бар жайды таразы басына тарта келе, Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Шортанды аудандары қауіп-қатердің шеңберінде деген ұйғарым жасалып отыр. Міне, сондықтан осы аймақтардағы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары ширай түсуде.
Облыста су тасқынынан зардап шегуі мүмкін 128 елді мекен анықталды. Негізгі күш осы бағытқа жұмылдырылуда. Бір жақсысы, өңірде жол бойын қардан аршып, елді мекендерді тазартуға барынша мән беріліп отыр. Қаржыландыру көлемі де өткен жылмен салыстырғанда, 36 пайызға көбейіпті. Мәселен, 2022 жылы 859 миллион теңге қарастырылса, биылғы жылы 1 миллиард 341 миллион теңге бағытталған. Облыстық бюджеттен 63,3 миллион теңге қаражат бөлініп, су тасқыны қаупі бар өзен арналарындағы мұзды жарып, ағын судың кептелісін болдырмау үшін қам-қарекет жасалуда. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттерден де 12 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі қалыптасқан ахуалды мұқият қадағалауда. Ол үшін қауіп-қатері мол өңір санатындағы аудандарда ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Елді мекен тұрғындарымен де қауіпсіздікті қалай сақтау керектігі туралы жиындар өткізілуде. Кешегі күннен бастап «Көкше-Бур», «БВР-техносервис» серіктестіктері 20 мың шаршы метр алқаптағы мұзды жарып, 15 өзеннің аңғарын тазалауда.
Көктем келісімен кейбір елді мекендерді су басып қалатыны болады. Оның негізгі себебі, қыс бойғы жауған қардың күрт еруінде. Бұл кезде суағарлар қатып, сай-сала жіби қоймағандықтан, жоғарыдан лықсып келген қызыл су етектегі елдің есін шығаратыны бар. Осындай жағдай болмауы үшін 869 мың текше метр қар шығарылды. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 40 пайызға көп. Көктемгі сынақ – қашанда қауіпті. Осы орайда, ерте қамданғанның есесін кетпейтінін ескерген департамент қажетті техникасын сайлап, 17 мың тонна инертті материал дайындап, тас-түйін отыр.
Қауіптің төнер тұсы гидротехникалық құрылыстардың әбден ескіруінде болып тұр. Басқасы басқа, бұл жайды терең талдап, шара қолданбасқа болмайтындай. Мәселен, өңірде 90 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 17-сі республикалық меншікте, 66-сы коммуналдық қызмет иелігінде, жетеуі жекеменшіктікі. Осы арада ашына айтар бір жайт, гидротехникалық құрылыстардың табаны күректей отыз жылдан бері үздіксіз пайдаланылып келе жатқандығы. Мамандардың айтуына қарағанда, тозығы жетпіс пайыздан астам. Тексеру нәтижелері кезінде 3 гидротехникалық құрылыстың әбден апаттық жағдайға жеткендігі анықталып отыр. Нақты айтатын болсақ, Бұланды ауданындағы Иванковская, Шортанды ауданындағы Негізгі, Бурабай ауданындағы Веденовская бөгеттері. Сондай-ақ 18 құрылыстың жағдайы қанағаттанғысыз. Бұл бөгеттер Аршалы, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жақсы және Қорғалжын, Ерейментау аудандарында.
Шортанды ауданының Дамса, Пригородное, Сарықамыс, Қорғалжын ауданының Борлысай-1, Борлысай-2, Қызылсай, Ерейментау ауданының Бәймен бөгеттерінің де жағдайы мүшкіл. Толқын ұрып тоздырған, сең соғып сілікпесін шығарған бұл бөгеттер ертең қар суына лықылдап толған кезде төтеп бере ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бөгеттердің төндіретін қаупі де аз емес. Сәл ғана таратып айта кетелік, мәселен, Бұланды ауданындағы коммуналдық меншіктегі Иванковская бөгетінің сыйымдылығы 15 миллион текше метр. Тозығы жеткен бөгеттен 4,5 шақырым жерде Иванковка ауылы орналасқан. Ал ол ауылда қазіргі күні 214 адам тұрады. Сондықтан да қауіп қайдан деуге болмайды.
Гидротехникалық құрылыстарды тексерген кезде іргелерінің қопарылып, су шайғандығы, бетонның жалаңаштанып, бүйірдегі топырақтың төмен сырғуы байқалады. Осындай тозудан кейін тұс-тұста терең ойықтар пайда болған. Уақыт тоздырған құрылыстарды тап-тұйнақтай етіп жөндемесе болмайтындай. Жоғарыда Иванковская бөгетінің қаншама халыққа қауіп төндіретіні туралы айттық. Шынтуайтында мұндай қауіптің көп екендігін жасыруға болмас. Мәселен, Бурабай ауданындағы коммуналдық меншіктегі Веденовская бөгетінің сыйымдылығы – 10 миллион текше метр. Сай-саланы қуалай аққан көктемгі қар суы бөгетті лықылдата толтырады. Міне, сол кезде ернеуінен асқалы тұрған топан су төңірекке кәдімгідей қауіп төндіреді. Веденовка ауылы аталған бөгеттен небәрі 3 шақырым жерде. Ауыл тұрғындарының саны – 1 176 адам.
Міне, осындай қауіп-қатердің бар екендігін айта отырып, қызыл судың қаһарынан аман-есен құтылу үшін бұл тараптағы бар жұмысқа мұқият болу керектігін тағы да еске салғымыз келеді.
Ақмола облысы