Грекия астанасы Афинада көркем гимнастикадан VIII «Афродита Кубогы» атты халықаралық турнир мәресіне жетті. Бұл жарыста көркем гимнастикадан қазақстандық мектеп өкілдері алты жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Милана Парфилова шығыршықпен және доппен өнер көрсету бойынша финалға жетіп, қос бағдарламада да күміс жүлде жеңіп алды. Эрика Жайлауова ұршықпен өнер көрсетуде қола жүлдегер атанса, шығыршықпен көрсеткен жаттығуда 7-ші, лентамен өнер көрсетуде 8-ші орыннан көрінді. Жастар арасында Айым Мейіржанова лентамен жаттығу көрсетіп, қола жүлдегер атанды. Оның еншісінде 25.850 балл бар.
Командалық сайыста Айдана Шаяхметова, Аяулым Қадыр, Аружан Қасенова, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Әсел Шүкірбай 3+2 бағдарламада (3 гимнаст лентамен, 2-уі доппен) 25.800 ұпай жинап, 2-ші орынға тұрақтады. Бұл сында жарыс қожайыны Грекия топ жарса, үздік үштікті АҚШ құрамасы түйіндеді.
Қазақстандық жастардың финалдағы лентамен көрсеткен бағдарламасына төрешілер 28.050 балл берді. Қазақстан құрамасы Италия мен Болгариядан кейін үшінші орынға табан тіреді.