«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мәдениет және спорт министрлігі шетелдік саяхатшыларға арналған туристік салықты қайта қарауға қатысты келісімге келді. Енді Астана, Алматы және Шымкент қалаларының қонақтары туристік салықты 0,5 АЕК, ал басқа аймақтардағы туристер өмір сүру құнына бұрынғы 5 пайыздық жарна ставкасының орнына 0,2 АЕК төлейтін болады.
Қазір еліміздің 31 қаласы мен ауданында осы тарифтер бекітілген. Бұл ретте бір облыстың аудандары мен қалаларында әртүрлі тарифтер қолданылуы мүмкін, бірақ салық көлемі қонақүйдің бір күндік жалақысының 1 пайызынан кем емес. Қазақстанның туристік қауымдастығында айтылғандай, жинау тетіктері Үкімет қаулысында нақтыланып, түсіндіру жұмыстары басталып кетті
«Қазіргі уақытта біздің алдымызда қонақтарға ыңғайлы болу үшін және қонақүй иелері операциялық қиындықтарға тап болмас үшін жедел түрде өзгертулер енгізу міндеті тұр», деді вице-министр Ержан Еркінбаев.
Осыған дейінгі ұсыныстарда туржарна арқылы жиналған қаражат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердегі бағыттарды ілгерілетуге жұмсалатыны айтылған. Бірақ бұл ереже Үкімет ұсынған қаулының соңғы редакциясынан алынып тасталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық мемлекеттік органға өтініштеріне нақты жауап келмеген. Ал тәуелсіз сарапшылар болса, 2024 жылы Астана мен Алматы қалаларында пилоттық негізде жүзеге асырып, кемшіліктері мен осал тұстарын түзеп, 2025 жылы толыққанды Қазақстан аумағында жүзеге асыруға болатынын айтқан. Ең соңында Үкімет пен ҰКП келісімге келіп, жоғарыда айтып өткен нұсқаны ұсынды.
Туризм индустриясы комитеті туристік алымдарға қатысты ережелерге өзгерістер енгізу үшін бір айдан астам уақыт қажет екенін айтады. Бұл өзгерістер жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде және оған дейін ағымдағы алым мөлшерлемелері қолданылады.
Үкімет балаларды сауықтыру орталықтары мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандарындағы қонақүйлерді туристік төлем алынатын ұйымдар тізімінен шығаруды ұсынды. Оның үстіне, бұл төлемді балалардан алмай, тек алғашқы екі аптада төлейтініне көз жеткізу ұсынылады.
Осыған дейін кәсіпкерлер туристерден алынатын 5 пайыздық алым да, 0,5 пайыздық айлық есептік көрсеткіш те туристер ағынына ешқандай әсер етпейтінін де айтып келген болатын. Бұл мәселеде ең бастысы, жинау жүйесі анық және ашық болуы керек. Оның үстіне саяхатшылар баратын елді туристік салықтың бар-жоғына қарап таңдамайтынын туризм экономиканың ірі сегменті ретінде дамыған елдердің тәжірибесінен білеміз. Біздің кәсіпкерлерімізді бір күйдіріп, бір жандырған туристік салық Еуропаның бірқатар елдерінде, Жапония мен АҚШ-та бар. Дегенмен осы мемлекеттердің көпшілігі ең көп келетін мемлекеттер болып қала береді.
Мәдениет және спорт министрлігі туристік салымдардың оңай қадағаланатынын айтып отыр. Қаржы министрлігі олар үшін жеке бюджеттік сыныптама кодын белгіледі. 2023 жылы облыстардың қорын 2,5 млрд теңгеге толықтыру жоспарлануда. Бұл ақша инфрақұрылым мен жол бойындағы қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталады.
«Қала туризмін дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкаяның айтуынша, әзірге республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада тіркелген мөлшерлеме 0,5 АЕК (2023 жылы 1725 теңге), қалған барлық қалаларда 0,2 АЕК (690 теңге) болатыны талқыланып жатыр. Төлем әрбір шетелдік туристің қай қонақүйде және қай бөлмеде тұратынына қарамастан, қонақүйде болған күніне төленетін болады. Ол үшін жарлыққа түзетулер енгізу қажет. Бұл өзгерістерді бір жарым айдың ішінде жасауға болады. Сарапшының айтуынша қонақүйлер кейде туроператорлармен, компаниялармен және жай қонақтармен жеке келісімдер жасайды.
Қазір еліміздің 31 қаласы мен ауданында осы тарифтер бекітілген. Бұл ретте бір облыстың аудандары мен қалаларында әртүрлі тарифтер қолданылуы мүмкін, бірақ салық көлемі қонақүйдің бір күндік жалақысының 1 пайызынан кем емес. Қазақстанның туристік қауымдастығында айтылғандай, жинау тетіктері Үкімет қаулысында нақтыланып, түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Сарапшылар өз кезегінде 5 пайыздық алым әлемде ең жоғары емес екеніне назар аударады. Мысалы, Үндістанда тамақ пен сусындар үшін 5 пайыздық өсімге 3 пайыз қосылады, жиынтығы – 8 пайыз. Хьюстонда курорттық салық – 17 пайыз, Дубайда 22 пайыздан асады. Сарапшылар болса, туризм саласы үкіметтің ықыласынан ешқандай кенде болмағанын, күні бүгінге дейін осы саланы дамытуға қанша қаржының жұмсалғаны туралы мәліметтер Үкіметтің де есінен шығып қалуы мүмкін екенін айтады.
Өзбекстанда шетелдіктер үшін туристік салық 2012 жылы енгізілген. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркияда қонақүйлерде, пансионаттарда, кемпингтерде және басқа орналастыру орындарында тұруға 2 пайыздық салық қолданылады. Бұл туралы Түркия үкіметінің Resmi gazete газеті хабарлады. Туристік салықты қонақүйлердің өздері және басқа орналастыру орындары жинайды. Ұйымдастырылған турды жасау кезінде оны туристік агенттіктер турдың құнына қосуы мүмкін. Сонымен бірге Resmi газетінің хабарлауынша, қонақүйлер көрсететін қызметтер (мысалы, тамақтану, демалыс, спорт залын пайдалану және т.б.) салық салу көлеміне ешқандай әсер етпейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың табысы мол саласына айналдыру үшін кешенді және мазмұнды жұмыс жүргізу қажет екенін, шетел тәжірибесінен үлгі алуға болатынын, көрме-презентация, форумдар мен буклеттер мәселені шешпейтінін талай рет айтқан. БҰҰ, Дүниежүзілік туристік ұйымы, Халықаралық валюта қоры туризмнің табысы жылына 3,5 трлн долларға жеткенін айтады. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің 10,9 пайызы, инвестициялардың 7 пайызына тең.
Сарапшы Замир Қаражановтың айтуынша туризмді дамыту үшін оны жеке министрлік немесе агенттік деңгейіне көтеру керек. Туризмге байланысты қордаланып қалған түйткілдерді шешпейінше сала алға жылжымайды. Агенттік мәртебесін беріп, туризмін дөңгелетіп отырған елдер бізге үлгі болуы керек. Болашақты бүгіннен ойлауымыз керектігін айтқан сарапшы әлемде шынайылық пен табиғилықтың құны көтеріліп келе жатқанын айтты.
«Туристер экологиялық таза жерлерге саяхаттауға қызығушылық танытып жүргенін көріп жүрміз. Біз басымдық беріп отырған бағыттардың бірегейі осы болуы тиіс» дейді З.Қаражанов.
Оның өлшемінше туризмге деген біздің ұстаным тоқ баланың көзқарасымен қаралады, мемлекеттің асырауындағы квазисектор деген түсінік қалыптасып қалған. Бұл көзқарас өзгерген жоқ. Мәдениет министрлігі туристерге салынатын жаңа салық бір шыны кофеден қымбат болмайтынын айтуда.
«Дамыған елдер туристерге салынатын салық түрін әртараптандырып жатыр. Италияда 18 жастан асқан туристердің бәріне салынады. Ал Германия болса әуежай, теміржолдарға дейін кіріп-шығу салығын енгізген. Бізге енді жұмсақ салық саясатынан біртіндеп бас тартатын кез келді. Туризм индустриясы табысты сала емес, мемлекеттің субсидиясына тәуелді салаға айналып кетті», дейді З.Қаражанов.
Ішкі нарықтағы компаниялардың 80 пайызының шетелдік туризмді насихаттаумен айналысып келгені белгілі. Олардың саланы дамытуға әсері аздау болып тұр.
«Мемлекетаралық келісімдердің көпшілігінде туризм елдер арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы саласы ретінде жиі қарастырылады. Бірақ туризм индустриясы қызмет көрсету деңгейі төмен, бағасы қымбат Астана, Алматы немесе Ақтау, Көкшетаумен шектеліп қалмау керек. Оңтүстік пен Шығыс аймақтың ішкері аудандарындағы ағылшын тілін меңгерген мамандар аз. Жыл сайын тек аударма саласында мыңдаған түлек ЖОО дипломын алып шығады. Сол жастардың кемі 20 пайызы туристік әлеуеті бар аймақтарға барса шетелдік туристерге қызмет көрсету мәселесі шешілер еді. Туристік секторды мамандармен қамтамасыз етуді мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шешуге болады», дейді сарапшы.
Еуразия интеграциясы сарапшысы Эдуар Полетаев бізге берген сұхбатында туризм интеграциясы Қазақстанда бірер жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтты.
«Даму жолына енді түскен Қазақстан ғана емес, туризмнің тартылыс нүктесіне айналып отырған елдердің ендігі жерде есікті жауып алып, туризмін дамыта алмайтынын түсініп отыр. Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда Қазақстандағы туризм бұқаралық сипат алған жоқ. Демек туризмге қатысты салық пен алым мәселесін жан-жағымызбен үйлестіріп алу керек», дейді.
Қанша жерден тырыссақ та, ақша салсақ та туризмді жеке-дара дамыта алмайтынымыз белгілі болып қалды. Қырғыздың Ыстықкөлі, өзбектің Самарқанд пен Бұхара, Хорезмі Орталық Азиядағы туризм сегментінің «тартылыс ошағына» айналып отыр. Қазақстандықтардың жаз жайлауына айналған Түркия мен Дубай бағыты бойынша баға өсті. Ал бизнестің табиғаты кез келген шығынның орнын басқа бағытпен толтырғанды құп көреді. Сондықтан осы саланың ойыншылары өте танымал емес бағыттарға басымдық беріп, шығынның орнын толтыруға тырысуы әбден мүмкін. Ендігі бағыттың ыңғайы аса бай емес, орта дәулеттілердің қалтасына басымдық беріп отыр.
Э.Полетаев айтып өткендей, Орталық Азияға келетін көптеген туристер бірнеше елді бірден көргісі келеді. Бірақ аймақ мемлекеттерінің ортақ туристік визасы жоқ. Өзбекстанмен бір визаға қатысты кейбір алдын ала жоспарлар айтылды, бірақ әзірше ілгерілеу байқалмайды. Бұл визаны әзірге «Жібек жолы» деп атауға болады. 2019 жылы «Орталық Азияның туристік бренді» жобасы жарияланды. Жол Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан аумақтары арқылы өтеді. Сарапшы айтып өткендей, бұл ұсыныс та Үкімет қаперге алып жүретін бағыт.
Қазір алыс-жақын көршілеріміздің назары осы бағытқа ауып отырғанын төмендегі деректерден байқауға болады. Қырғызстан биыл 5 млн турист, Өзбекстан келесі жылы 7 млн ішкі туристі және 12 млн сыртқы туристі қабылдаймыз деп отыр. Э.Полетаев сөзімен айтқанда, шекаралық және өңірлік мәселелер шешілсе, Қазақстан Орта Азияға есік ашатын туризм хабына айналады. Пандемияның сыртқы туризмнің қабырғасын қақыратып кеткені рас, бірақ бұл ішкі туризм үшін қолайлы мүмкіндік туғызды дейді Полетаев. Ендігі жерде әлемнің ең ірі туристік компанияларының Орталық Азия елдеріне арналған туристік пакеттеріне Қазақстанды енгізуді қолға алу керек.
БҰҰ, Дүниежүзілік туристік ұйым және Халықаралық валюта қоры туризмнің табысы жылына 3,5 трлн долларға жеткенін айтады. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің 10,9 пайызына, ал инвестициялардың 7 пайызына тең. Біздің елде осы сектордың ІЖӨ-дегі үлесі туралы мәліметтер тіпті Ұлттық статистика бюросының да санатына енбепті.
Сарапшы айтып өткендей, біздің елге келетін туристер саны Әзербайжан, Грузия, Өзбекстанмен салыстырғанда кенжелеп қалды. Себебі қызмет түрі халықаралық стандарттар жүйесіне сай емес. Үкімет қабырғаларында туризмді арбаның бесінші доңғалағы ретінде қабылдайтындардың қарасы басым.
«Қазақ, өзбек, қырғыз туризм индустриясы өкілдері кездескен сайын мүмкіндігімізді біріктірейік деп жиі айтады. Бірақ іс жүзінде әркім өз жағына тартуға тырысады. Өзбекстанда туризм индустриясы КСРО кезінде-ақ бір ізге түскен. Ал қырғыз ағайындар үйінен шықпай-ақ ЕО мен Батыс елдері туристерін өздеріне тартып жатыр. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Қырғызстанға келген туристерге осы бағытта Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, сапарын Өзбекстанда жалғастыру керек. Бұл бағыт Жібек жолының бір тармағы ретінде дамуы тиіс», дейді Э.Полетаев.