• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жоба 16 Наурыз, 2023

Брендтік жобалар басымдыққа ие

244 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының мәдени өмірінде өткен жылы игі істер өте көп болды. Мәдениет басқармасының бастығы Досбол Әбдірайысовтың айтуына қарағанда, салаға өткен жылы 10,4 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалған, ал бұл 2021 жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. 2020 жылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы да артып келеді, 2025 жылға қарай еңбекақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғаяды. Соның ішінде облыстық театрлар әртістеріне кәсіби шеберлігі үшін лауазымдық жалақысының

2020-2022 жылдар аралығында жалпы сомасы 8 млрд 526 млн теңгеге баға­ланған 71 жоба іске асырылса, 2022 жылы 18 жоба іске асырылып, оған 6 млрд 363 млн теңге жұмсалды. Мәдени жобалар облыс орталығында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүзеге асырылуда. 2022 жылы іске асырылған барлық жобаның 15-і ауылдарда болды. Сонымен қатар мәде­ниет үйлері жанында бюджет және демеу­шілік қаражат есебінен құрылған 69 мәдени-сауықтыру орталығы табысты жұ­мыс істеп жатыр. Олар мәдениеті мен тари­хы бай өңірлерде іске асырылып, туризм­ді дамытуға жаңа серпін беріп отыр.

Өңірде мәдени сала мамандарының тапшылығы білінеді. Облыс әкімі­нің гранттары орындаушылық өнер, теат­р, режиссура, арт-менедж­мент, мә­дени-демалыс жұмысы мамандық­тарына елі­міздің ЖОО-ларына бөлі­не­тін болды. Осы әдіспен жалпы сала бо­йынша 100-ге жуық маманды, шы­ғармашылық адамдарын және тех­никалық қызметкерлерді даярлау жос­парлануда.

Былтыр облыста кейінгі үш жылда алғаш рет жаңа форматтағы халықаралық фестивальдар өткізілді. Соның ішінде «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» І халық­аралық суретшілер симпозиумын атап өтуге болады. Оған Қырғызстан, Өз­бек­стан, Ресей және өз еліміздің дарын­ды кескіндеме өкілдері қатысты. Әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұса­қо­жае­ваның қатысуымен «Qyzyljar Music fest» музыкалық фестивалі өтіп, оған Италия, Германия, Башқұртстан ел­де­рінің атақты әртістері, «Астана-Опе­ра» театрының орындаушылары қа­тысты. «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Со­нымен қатар бас провайдер ретінде жер­гілікті дарындарды, облыстың мә­дени саладағы игіліктерін көрсетуге ар­нал­ған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы іске асы­рылды.

«Былтырғы қол жеткізген табыс­тар­­­дың қатарында Ольга Ростовщи­ко­­­­ваның жетекшілігімен құлағы кеміс өнер­­паздардан ұйымдастырылған «Sen­sitive» бал биі ансамблінің АҚШ-тағы «25-ші орындаушылық өнер түрлері» фестивалінде Гран-при жеңіп алғанын және Мысыр елінің Хургада қаласында болған әлем чемпионатында бас жүлде алғанын айтуға болады. Ал «Әдемі-ау» би ансамблі Түркияның Измир қала­сында өткен IV Дүниежүзілік көшпен­ділер ойын­дарының салтанатты рәсіміне қатысты.

Жеке орындаушылардың табыстары да аз болған жоқ. Облыстық фи­лар­монияның әртістері Асхат пен Ди­нара Таушевтар және Руслан Мұста­фин Түр­кияның Алания қаласында өткен «Global Art Competition» 2-ші ха­лық­аралық бай­қауының Гран-при ие­герлері және лауреат­тары атанды.

Өңірдің тамаша көріністері кино сала­­сындағы жобаларды жүзеге асыруға тартымды болып отыр. Кейінгі жылдары об­лысымызда «Мағжан», «Долгое эхо» және «Қара қыз» атты 3 көркем фильм тү­­сірілді. Өткен жылы дарынды режиссер Сәбит Ернат «Күлпәш» фильмін түсірді. «Мұндай жобалар алдағы уақытта да жал­ғасады», дейді Д.Әбдірайысов.

Облыстағы 321 кітапхананың ішінде С.Мұқанов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың атағы алысқа кеткен. Бұл еліміздегі халықаралық қордан грант алушы 26 кітапхананың бірі АҚШ, Франция және т.б. көптеген мем­лекеттердің ел­шілік­терімен тығыз жұмыс істейтін жал­ғыз кітапхана. Осы кітапхана арқылы біздің өңіріміз «Оқырманы озық өлке»  атағына ие.

Облыста 14 филиалы бар облыстық мемлекеттік архив жұмыс істейді, олар­дың қорларында Ұлттық мұрағат қо­рының 1 миллион 700 мыңнан астам құ­жаттары шоғырланған. Архивтік құ­жат­тар негізінде жыл сайын облыс архивтері 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Осы жылы облыстық мәдениет бас­қар­­масының брендтік жобалары қата­рында Қожаберген жыраудың 360, Шал ақынның 275, Ақан серінің 180, Айғаным ханшаның 240, Мағ­жан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың 130 жыл­дығы аталып өтеді. Соның ішінде М.Жұ­мабаевтың 130 жылдығына ар­налған челлендж бас­талып кетті.

Сондай-ақ дәстүрге айналып кеткен «Qyzyljar Music fest» және Ермек Серкебаев атындағы халықаралық клас­сикалық музыка фестивальдерін өткізу жоспарланып отыр. Ал «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» ІІ халықаралық сурет­шілер сим­позиумына қатысушылар Түр­кия, Франция және Нидерландтан келетін болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы