Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 ақпандағы бұйрығына сәйкес, отандастарды ерікті түрде көшіру қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұйрық 13 наурыздан бастап қолданысқа енді.
Министрліктің мәліметінше, өңірлік комиссия жыл сайын 15 қаңтарға дейін қандастар мен көшіп келгендерді (ішкі көші-қон) қоныстандыру үшін елді мекендердің тізімін бекітеді. Өңіраралық қоныс аудару шеңберінде тұрғылықты жерге келгеннен кейін қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек көрсетіледі. Сөйтіп, қандастарға баспана сатып алуға немесе үй салуға ақшалай төлемдер беріледі.
«Оларға Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотека бойынша бастапқы жарнаға ақшалай төлемге – экономикалық ұтқырлық сертификат табыстайды. Экономикалық ұтқырлық сертификаты қандастар мен қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алу кезінде беріледі», делінген мәлімдемеде.
Ақшалай төлем алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына өтініш беріп, қажетті құжаттар жинауы керек. Мәселен, үй сатып алу шарты; екінші деңгейдегі банктің тұрғын үй қарызын беруді мақұлдағанын растайтын құжат; тұрғын үй салу кезінде қандастың немесе қоныс аударушының меншігінде жер телімінің болуын растайтын құжат. Халықты жұмыспен қамту орталықтары үш жұмыс күні ішінде оны қарайды, экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша ақшалай төлем беру туралы себептерін негіздей отырып, шешім шығарады.
«Атажұрт» оралмандар мен босқындарды қолдау бірлестігінің басшысы, заңгер Талғат Мүрсәлімнің айтуынша, репатрианттарға тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасына арнаулы сертификат берілуі – ең әділетті әрі тиімді жол.
– Бұл мәселені бұған дейін де біраз көтеріп едік. Енді ол оң шешімін тауыпты. Қуанарлық, құптарлық жайт. Бұл көші-қон тарихындағы ең оңтайлы бастамалардың бірі деуге болады. Бұған дейін де шетел қазақтарына жасалған игіліктер көп. Онда кейбірінің жүргізілу механизмі дұрыс болмай шыққандары да бар. Тіпті жемқорлықтың ошағына айналған бағдарламалар болды. Шетелден көшіп келетін қазақтар үшін ең басты екі нәрсе бар. Бірінші – жедел әрі жеңілдікпен құжаттандыру және баспаналы болу. Бұл екеуі шешілсе, қалғаны қиын емес. Мәселен, мөлшерден тыс берілген жеңілдіктер масылдық тудыратынын айтпағанда, жергілікті жұрттың көңіліне тиіп келгені рас. Өйткені елімізде қордаланған әлеуметтік мәселе онсыз да көп. Сондықтан бұл – әділетті шешім. Екіншіден, теріскейдегі босап қалған елді мекендердің бойына қан жүгіртуге зор септігін тигізетін қадам, – дейді ол.
Рас, шетелден жаңа көшіп келген отбасы үшін баспана мен құжаттың қажеттілігі ауадан кейінгі екінші орында тұрған шетін нәрсе екені белгілі.
Қазір құзырлы министрліктің бұл бұйрығын естіген репатриантар экономикалық ұтқыр сертификатын алуға қамдана бастаған көрінеді. Оның бірі – Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай ауданынан ШҚО Глубокое ауданына көшіп келген Әден Мәуітұлы. Ол – қазір аталған бағдарламамен баспана рәсімдегісі келетіндердің бірі.
– Біз 2022 жылдың басында Өскеменге көшіп келдік. Әуелі екі балам осы жақта оқуын оқып, үлкен ұлым дипломын алған соң бізді шақырды. 2023 жылдың алғашқы айларында қазақ елінің азаматтығын алдым. Ал оқуға келген екі баламен әйелім азаматтықты менен бұрын алған еді. Сөйтіп, кейін келген маған үкіметтен 700 мың теңге квота берілді. Оған қоса ауыл шаруашылығына арналған грантпен 1 млн 200 мың теңге берілген ақшаға бұзау-тайынша сатып алған едім. Бір жылда 6-7 тұяқ ірі мал болып шыға келді, қазір соның сүт өнімдерін сатып, пайдасын көріп отырмыз. Ендігі мәселе осы баспана болып отыр. Үй алуға алғашқы жарнасына үкіметтен жеңілдік жасалады дегенді естіп қуандық. Қазір соның мән-жайын жан-жақтан сұрастырып, құжаттарын дайындап отырмыз. Алғашқы жарна – жаңа көшіп келген отбасылар үшін біршама салмақ. Ал оған жеңілдік болса, қалған қаражатын бөліп төлеу қиын болмас еді, – дейді Ә.Мәуітұлы.
Ішкі қоныс аударушылардың баспаналы болуына кедергі аз. Өйткені олар еліміздегі баспаналы болуға қатысты тиісті құжаттарды және қандай мекемеге баруды белгілі деңгейде біледі деуге болады. Ал сырттан келетін ағайын үшін біршама қиындықтың бары рас. Олардың айтуынша, құжат жинау барысында орыс тілін білмеуі көп кедергі келтіретін көрінеді. Қазірдің өзінде репатрианттар жоғарыда аталған бұйрыққа қатысты ақпараттарды қайдан білуге, қалай алғашқы жарнаға қол жеткізуге болатынын білмей отыр.