2019 жылы Алматыдағы Көксу қант зауытының мамандары Керекудің егіс танаптарында өніп шыққан қант қызылшасының қанттылығы 18-20 пайызды көрсеткенін байқап, таңданыстарын білдіргені есімізде. Сөйтсек, оңтүстікте жиналатын өнімдегі қант деңгейі 15 пайыздан аспайды екен. Бүгінде жергілікті аграрлық ғалымдар мен фермерлер өңірде қызылшадан қант өндіретін зауыттың салынуын асыға күтіп жүр.
«Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасында» соңғы төрт жылдан бері қант қызылшасының жергілікті егіншілікте жақсы өніп шығатын түрлері сынақтан сәтті өтіп, сырттан келетін шикізатты толық алмастыруға дайын отыр. Серіктестік басшысы Байжан Уалхановтың жетекшілігімен жүргізілген тәжірибе оң көрсеткіштерді бағындырып, Ақсу қаласында қант зауыты салына қалған жағдайда оны толығымен өзіміздің фермерлер сапалы шикізатпен қамтамасыз ете алатындығын іс жүзінде дәлелдеді десе де болады.
«Өңірде қант зауыты тұрғызылады» деген сыбыс шыққан уақыттан-ақ шикізатпен қамтамасыз ету бойынша Жол картасы әзірленіп, тәжірибелік стансасының ғылыми қызметкерлері сапалы өнімді іріктеп алып шығудың жауапкершілігін арқалаған. Олардың алдына Ертіс бойындағы жерлерде жоғары өнімділік көрсететін қант қызылшасының түрлерін іріктеу, оны егіс айналымына толық енгізу үшін фермерлерді үйрету, қызылшаның отандық сорттары мен гибридтері бойынша тұқым шаруашылықтарын құру міндеті қойылды. Бұл мақсатты бағындыру үшін «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» әлемдік селекция саласындағы жетекші ұйым әрі қант қызылшасының тұқымын өндіру жөнінен көшбасшы саналатын KWS SAAT SE деп аталатын неміс компаниясымен меморандумға отырды. Алғашқы жылы тәжірибе үшін Ақтоғай, Павлодар, Тереңкөл аудандары мен Ақсу ауылдық аймағы бойынша 10 шаруашылықта өнімнің гибридті түрлері мен отандық сорттың 40-тан аса үлгілері отырғызылды.
Тәжірибелік стансаның аға ғылыми қызметкері Наталья Жукованың айтуынша, алғашқы жылы гибридті қызылшалар бойынша төрт сорттың биологиялық өнімділігі эксперименттік егіншілік кезінде жоғары көрсеткіштерді көрсеткен.
«Ғылыми жұмыстардың барлығын өзім және әріптестерім А.Сарбасов пен Д.Валиев бастан-аяқ бақылай отырып жүргіздік. Бұл көкөніс түрінің негізгі сапалық көрсеткіші – қанттылық деңгейі. 2019 жылдың қыркүйегінде төрт шаруашылықтан алынған өнімді Ресейдің Черемнов қант зауытында тексергенімізде – 17,7 пайызды, ал желтоқсан айында қайталай апарғанымызда 19,3 пайызға дейін қанттылық деңгейі барын көрсетті. Эксперименттік егіс танаптарында өсірілген өнім гектарынан 500 центнерден жиналды. Сөйтіп, «Акация интенсив», «Максимелла», «Дуняша», «Терранова» деген сорттар біздің жерімізде өсіруге қолайлы деген ұйғарымға келдік. Кейін 300 тонна қызылшаны Алматыдағы Көксу зауытына қайта өңдеуге жібергенімізде ондағылар қанттылық деңгейі орташа – 18, ең жоғарғысы 22 пайызды құрағанын хабарлады. Оңтүстік өңірлерде жиналатын қызылшалардың қанттылық деңгейі әрі кетсе 17 пайыздан аспайтыны мәлім. Бұл алғашқы жылдың нәтижелері еді. Зерттеудің толық қорытындысын жасап, нақты нәтижелерді жариялау үшін гибридті қызылшаларды кемі 3 жыл егуді жалғастыру керек. Себебі әр жылдың берекесі әртүрлі болады», дейді жас ғалым.
Орталықта қант қызылшасын өсіру тәжірибесі алдағы жылдары да жалғаса бермек. Келешекте қажет болса егіс танаптарын кеңейтіп, түрлі топырақты-климаттық жағдайда зерттеулер жүргізеді. Бұл үшін әлеуетіміз де, тәжірибеміз де жеткілікті дейді ондағы қызметкерлер. Қазіргі уақытта мұнда отандық селекциядағы қант қызылшасының жаңа гибридті сорттарын экологиялық тұрғыдан сұрыптау жалғасуда. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп өнімнің 30 гибридті түрі зерттеліп жатыр екен. Жаңа сорттар мемлекеттік сорт сынауға жіберіледі.
Атап өтерлігі, биылдан бастап қайта өңдеуге тапсырылған 1 тонна қант қызылшасы үшін фермер 40 мың теңге қаражат алады. Бұған субсидиялау нормаларының 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайғаны себеп болды. Бағаның бұлайша өсуі болашақта павлодарлық көкөніс өсірушілерді де ынталандырады деген сенім зор.
«Қант қызылшасы суарылатын алқаптарға егілетіндіктен жергілікті фермерлер құрғақшылық жылдары да мол өнімнен қағылмайтыны анық. Егер Ақсу қаласында қант зауыты салына бастайтын болса тәжірибелік станса алдағы 3-4 жылда қанттылық деңгейі жоғары жаңа сорттарды жеткілікті деңгейде дайындап, тұқым шаруашылықтарын толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы», дейді ғылыми ұйым директорының орынбасары Бауыржан Рахимов.
Атап өтейік, Павлодар облысында салынатын қант зауытының жобасымен «Павлодар» ӘКК айналысуда. Әзірше оны қаржыландыратын инвестор анықталған жоқ. Алдын ала жоспар бойынша, кәсіпорын күніне 6 мың тонна қызылшаны өңдеп, шекерге айналдырады. Қант зауытын шикізатпен қамту үшін кемі 15 мың гектарда қант қызылшасы егілуі керек.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы,
Кемеңгер ауылы