Атырау облысында 412 165 сайлаушы тіркелген. Олар өз дауысын 269 учаскеде береді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өңірде 269 сайлау учаскесі ашылды. Оның ішінде ауруханаларда, уақытша ұстау орындары және әскери бөлімдерде 11 жабық учаске бар. Барлық сайлау учаскесі материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін 54 инватакси қызметі ұйымдастырылып отыр. Сайлауда 412 165 сайлаушы дауыс береді», деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.
Парламент Мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығы үшін 442 кандидат бақ сынайды. Мәселен, Мәжіліске 11 кандидат таласып жатыр. Кандидаттардың арасында әр саланың өкілдері бар. Мәселен, Сенат пен Мәжілістің бұрынғы депутаттарының мамандығы – заңгер. Олармен бірге БАҚ-тың өкілі де бағын сынап көреді.
Сайлаушылар әр деңгейдегі мәслихаттың 140 депутатын таңдайды. Облыстық мәслихаттың партиялық тізімінде 60, ал 15 бірмандаттың сайлау округтерінде 39 кандидат тіркелген. Атырау қалалық мәслихатына 71, сондай-ақ 7 аудандық мәслихаттың депутаттығы үшін 261 кандидат сайлауға түсіп жатыр.