• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2014

«Нұр Сұңқардың» сұңқарлары анықталды

272 рет
көрсетілді

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында елордада Astana Music Hall мейрамханасында жыл сайынғы дәс­түрлі «Нұр Сұңқар» республикалық бай­қауының жеңімпаздарын марапаттау сал­та­наты болды. Аталған шара «Нұр Отан» партиясы мен Байланыс және ақпа­рат агенттігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Шараның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, биылғы жылғы «Нұр Сұңқар» сыйлығына деген ықыластың зор болғанын жеткізді. «Бүгінгі таңда бірде-бір тарихи шешім мен бірде-бір реформаның БАҚ-та насихатталып, талқылауынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. «Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасында «жауапты азаматтық қоғам» мемлекеттің демократиялық дамуының факторы ретінде белгіленген. Біз азаматтық бастамалардың дамуы, қоғамдық бірлестіктердің кең мағынадағы үнқатысуы, қоғамдық бақылауды нығайту үшін жағдай жасауымыз қажет», деді Б.Байбек. Өз кезегінде сөз алған Байланыс және ақпарат агенттігінің төра­ғасы Асқар Жұмағалиев: «Соң­ғы он жыл ішінде Қазақстан медианарығында бірнеше оң өзгерістер болып жатыр: біз сандық эфирлік теледидарды іске қосудамыз, отандық телеарналарымызда өз өнімдеріміздің бағдарламалары көбеюде. Әр жаңа кезең сайын бұқаралық ақпарат құралдарының аудиториясы тартымды бола түсуде. Сондықтан да қазақстандық медиа әрі қарай да бәсекеге қабілеттілігін дамытып, контентінің сапасын арттыра түсуі керек», деді. Сонымен, «Нұр Сұңқардың» жеті аталымы бойынша жеңім­паздарына келейік. «Сөз ше­бері» аталымында ең үздік газет журналисі болып қазақ бас­пасөзінің қарашаңырағы – рес­публикалық «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің шолушысы Сүлеймен Мәмет танылды. «Ерек­ше пікір» номинациясында «Жетінші канал» телеарнасының «Другими словами» сараптамалық қоры­тынды бағдарламасының жүр­гізушісі Майя Бекбаева ең үздік телевизиялық журналист атанса, «Медиа-профи» аталы­мында «Bnews.kz» ақпарат агент­тігінің бас редакторы Анар Баз­мухаметова ең үздік ақпарат агенттігі журналисі болды. Сон­дай-ақ, «Аймақ айналымы» аталымында ең үздік өңірлік тілші ретінде «Айқын» газеті руханият, әлеумет бөлімінің редакторы Гүлзина Бектастың бағы жанса, «Көзқарас» аталымы бойынша Өркен Кенжебек пен Яков Федоров ең үздік блогерлер атанды. Ал «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» аталымында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, «Пар­тия қызметі туралы ең үздік материалы үшін» номинациясында «Хабар» телеарнасының шеф-редакторы және «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі Ольга Цой жеңімпаздар легін қорытындылады. Бұл жеңім­паз­дардың барлығына да 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді. Биылғы жылы еліміздің бар­лық аймағынан «Нұр Сұңқар» бай­қауына қатысуға ниет біл­дірген 221 өтініш келіп түскен. Байқауға Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаев қойған мін­деттердің жүзеге асырылуын, «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сының басымдықтары мен «Нұр Отан» партиясы Док­трина­сының қағидаларын, сон­дай-ақ, партиялық бастамаларды жан-жақты көрсеткен еңбектер қа­был­данған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».