Сәнді әшекейлерді, зергерлік бұйымдарды жасау бұрын хобби болса, қазір – бизнес. Осы орайда қолөнерші, кәсіпкер Ардақ Әбішевпен Наурыз мерекесі қарсаңында әңгімелесіп, зергерлік саладағы мәселелерді тілге тиек еткен едік.
– Ардақ, қолөнерге кәсіби тұрғыда қашан кірісе бастадың?
– Зергерлікпен, қолөнермен айналысқаныма он шақты жылдың жүзі болды. Әуелі белгілі шебер Серікқали Көкенов ағамыздың алдына шәкірт болып келіп, үш жылдай сол кісіден тәлім алдым. 2016 жылдан бастап өзімнің шеберханамды ашып, жеке айналыса бастадым. Күмістен қазақтың дәстүрлі зергерлік, әшекей бұйымдарын жасаумен айналысамын. Дәстүрлі зергерлік өнердің Батыс Қазақстан немесе Маңғыстау стилі деп аталатын бағытында жұмыс істеймін. Сақина, жүзіктен бастап өңір алқа, жай алқа, өңіржиек, бойтұмар, бесбілезік, қосбілезік, жұмыр білезіктер, құдағи жүзіктер, одан бөлек шашбау, шолпы сияқты бұйымдарды жасаймыз. Қазақта әйел адам тағатын қандай әшекей бұйым бар, соның барлығын дерлік жасап, нарыққа шығаруға тырысамыз.
– Әшекей бұйымдарды жасау үшін этнографиядан, ежелгі тарихтан хабардар болу керек шығар. Бұл тұрғыда біліміңді қалай жетілдіресің?
– Үнемі ізденісте жүремін. Қолөнершілер одағының мүшесімін. Ол жерде жасы да үлкен, тәжірибесі де мол шебер ағаларымыз бар. Солармен жиі әңгімелесіп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алып тұрамын. Одан бөлек, кітаптар оқып, білімімізді толықтырамыз. Интернет мүмкіндігін де пайдаланамыз. Шыны керек, бізде материал өте аз. Әлкей Марғұлан атамыздың, бертіндегі Дәркембай Шоқпарұлының еңбектері бар. Бірақ соның барлығында зергерлік бұйымдар туралы жалпылама жазылған. Ал әр зергерлік бұйымның атын атап, түсін түстеп, ерекшелігін айшықтап жазған не оқулық, не кітап әзірге жоқ. Біз үшін ең негізгі білім көзі – халықтың өзі. Көненің көзіндей болған ата-әжелеріміз түрлі бұйымдардың шығу тарихын, әр зергерлік бұйымның өзіне тән сырын айтып отырады. Өзінде бар әшекейлерді көрсетеді. Біз соны көріп, естіп, жадымызда тоқуға тырысамыз.
– Бір дүниені жасап шығуға қанша уақыт жұмсалады? Бір мезетте бірнеше бұйымды жасаумен қатар айналысатын сәттер бола ма?
– Екі-үш бұйымды қатар жасау деген біз үшін дағдыға айналып кеткен. Мысалы, 1 кило күмістен бірнеше бұйым шығару үшін созатынын созып, құйып, кесіп, алдына ала дайындап қоямыз. Тапсырыс келген кезде бірден іске кірісеміз. Шеберханада өзіммен бірге төрт жігіт жұмыс істейді. Оларға қарағанда тәжірибем көбірек. Сол себепті ретіне қарай ақылымды айтып, кеңес беріп, бірлесе еңбек етіп келеміз.
– Еліміздегі Қолөнершілер одағының да тынысынан хабар беріп өтсеңіз?
– Одақтың жұмысы өте белсенді жүріп жатыр. Былтыр он жылдығын атап өттік. Қазір түрлі тренинг, семинар, шеберлік кластарына қатысып жүрміз, соның бәрін одақ ұйымдастырады. Кітап, журнал, буклеттер шығарумен айналысады. Одақ отандық шеберлерді шетелге шығарып, басқа да өнер ұйымдарымен байланысуға мүмкіндік жасап отыр. Былтыр халықаралық деңгейдегі үлкен фестиваль ұйымдастырып, оған мықты сарапшылар қатысты. Сондай-ақ әйел қолөнершілерді насихаттау бойынша да үлкен жұмыс атқарып келеді. KazTrade және Ready4Trade бағдарламаларына қатысуымызға мүмкіндік туғызды. Ready4Trade – International Trade Center-дің жобасы. Елімізде KazTrade және Қазақстан қолөнершілер одағымен бірлесе жасап жатыр. Бағдарламаны Еуропалық одақ қаржыландырып отыр. Осы жобаның аясында біршама семинарға қатысып, білім көкжиегімізді кеңейттік. Кәсіп жүргізудің қыр-сырына да қанықтық. Негізгі бағыт – электронды сауданы дамыту бойынша жүргізілді. Жобаға бірнеше қолөнерші, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Бизнесті жүйелеу, электронды сауда нарығына шығу, өзге елдерге өнім сату, ол жақтың нарығымен байланыс орнату бойынша білім алдық. Бұл сабақтар әсіресе, пандемия уақытында үлкен көмегін тигізді. Сабақ барысында клиентпен сөйлесу, өз бизнесіңді қалай жарнамалау, жасаған әшекейіңді қалай фотоға түсіру сияқты қарапайым дүниелерді де үйретті. Бағдарламаға қатысқалы бері сауда айналымы 2-3 есе өсті. Жақында ғана осы жобаның қорытындысын шығаруға арналған Дубайда өткен конференцияға барып қайттық. Онда Орталық Азия елдері арасында электронды коммерцияны дамыту мәселелері талқыланды.
– Салада қандай проблемалар бар?
– Біз сияқты кәсіпкерлерге арнайы субсидия, жеңілдік қарастырылса дейміз. Әрине, шағын және орта бизнес өкілі ретінде банктен несие алуымызға болады. Бірақ олардың пайызы жоғары. Банк ірі зергерлік зауыттарға да, біз сияқты ұсақ кәсіпкерге де бірдей талап қояды. Осы мәселелер реттелсе деген тілегіміз бар. Қолөнершілерге арналған бизнесті құру және оны жүргізуге қатысты арнайы бағдарлама қабылданса деген ұсынысымыз бар. Мемлекет қолдау көрсетсе, бұл сала әрі қарай қарқын алып кетер еді деп ойлаймын.
– Өнімдерге деген сұраныс динамикасы маусымдық кезеңге байланысты өзгеріп отыра ма?
– Сұраныс негізінен көктем кезінде артады. Негізі ақпаннан басталып, мамырға дейін белсенді түрде жалғасады. Батыста Амал мерекесі ретінде басталған Наурыз мерекесі елімізде жақсы тойланады ғой. Желтоқсаннан бастап тапсырыс қабылдаймыз. Ал жазға қарай сұраныс деңгейі төмендейді. Батыс зергерлік бұйымдарының шығыс бұйымдарынан кәдімгідей айырмашылығы бар. Түр сипаты жағынан да, жасалу техникасы тұрғысынан да. Шығыс адамдарына жеңілдеу әшекейлер көбірек ұнаса, батыс жақ тұрғындары салмақтырақ, көлемді бұйымдарды таққанды жақсы көреді. Сұраныс та осы ерекшеліктерге сәйкес қалыптасады.
Әңгімелескен
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»