• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кітапхана 20 Наурыз, 2023

Елорданың қоғамдық кітапханасы

250 рет
көрсетілді

Астананың рухани өміріне ерекше өзгеріс сыйлайтын жағымды жаңалық бар. Жақында елордадағы Maqsut Narikbayev University-де «Public Library» атты қоғамдық кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Менің ойымша, университет әрқашан қоғамға қызмет етуі қажет. Сәйкесінше оның ішіндегі материалдық құндылықтар да сол миссияға сай болуы тиісті. Мысалы, қазіргі гаджеттер мен интернет бел­­сен­­ділігінің заманында кейбір түсі­ніктер бойынша кітап оқу дегені­ңіз  ол сондай қиын жұмыс ретінде көрсе­т­іледі. Ал шын мәнінде, біз кітап оқу­ды сәнге айналдыра білуіміз керек. Кітап оқудың насихатымен айна­­лысуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет. Яғни кітапхана мақсаты қоғамдағы кітап оқуға деген құштарлықты оятып, кітапқа деген құрметті арттыруға арналған орта болғаны дұрыс. Бұл аймақ инно­вациялық идеяларды талқылауға, білім­ге шабыттандыратын таптырмас мүмкіндік болады деген үміттеміз», – деді Maqsyt Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Жалпы, жоғары оқу орнындағы қоғамдық кітапхана деген жаңа ұғым емес. Мысалы, New York University, Harvard, Stanford сияқты әлем­нің жетекші университеттерінде қоғам­ның қолдануына ұсынылған кітап­ханалар бар.

Public Library қорының сыйымды­лығы 13 мың кітапқа дейін жетеді. Бірінші залда қазақ тіліндегі әдебиет­тер, қазақ авторлары, әлемдік бестсел­лер­лердің қазақ тіліндегі аудармалары, сондай-ақ Қазақстан туралы шет тілде­ріндегі әдебиеттер орналас­қан. Кейінгі залдарда бизнес, көшбасшы­лық, стратегия, менеджмент, команда құрылымы, адам ресурстарын басқару, коучинг, қаржы, қаржылық сауатты­лық және инвестиция туралы туындылар бар. Сондай-ақ бизнес-идеяларды қалай тексеру керек, стартаптарды қалай бас­тау керек деген сияқты, яғни барлығы болашақ және қазіргі кәсіпкерлер мен менеджерлерге арналған кітаптарды таба аласыз. Тарих, әлеуметтану, мәдениет, өнер бойынша да танымдық әдебиеттер бар.

«Философия» бөлімінде антикалық философиядан, классикалық неміс тілінен анархизм іліміне дейін кең ауқымды философтардың кітап­тары ұсынылған. Сонымен қатар классикалық көркем әдебиет туын­дылары, публицистика, ғалам, ға­рыш, жаратылыстану туралы ғылы­ми-көпшілік басылымдар және се­риялық басылымдар. Денсаулық, дұрыс тамақтану және дене туралы әдебиеттер, психология бойынша әдебиеттермен қатар, мұнда жастарға арналған өзін өзі тану, психикалық денсаулық және рухани даму туралы көптеген танымал кітап бар.

«Жалпы, кітап адамның ішкі дү­ние­сін байытып, ой-өрісін кеңейтіп, мұқтажын қанағаттан­дыратын рухани азығы болып қала бермек. Ал қоғамның әл-ауқаты, даму деңгейі білімге тікелей байланысты. Қазіргі саяси-экономикалық жарыста көш бастап, әлемдік аренада жетекші орын алу үшін қоғамға рухани жаңғыр­татын, білім мен ғылымға қолайлы орта ұсыну керек», – дейді Талғат Нәрікбаев.

Қоғамдық кітапхананың ашылу салтанаты «Астана» Халықаралық қаржы орталығының сот өкілдері мен Халықаралық төрелік орталығының қазіргі төрағасы Томас Крюммель мырзаның және бұрынғы төрағасы Барбара Доманн ханымның ресми сапары аясында өткізілді.

Жиын соңында Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Томас Крюммель IAC-тағы коммер­циялық дауларды шешу үшін арбитраж­дың артықшылықтары туралы айтып берді. Ал Доманн ханым 2022 жылғы Халықаралық төрелік орталы­ғының төрелік және медиация ереже­лерінің новеллалары туралы тыңдау­шыларымен бөлісті.

Public Library кітапханасы Maqsyt Narikbayev University-дің негізгі кіреберісіндегі холда орналасқан. Оған кез келген Астана қаласының тұр­ғындары мен қонақтары  келіп,   рухани көкжиегін кеңейтіп, танымын байыта алады.