Өмір жолы тақтайдай тегіс емес. Үлкендер «қамшының сабындай қысқа» деп тұжырым жасаған мына жалғанның сынағына ерік-жігері мен төзімі мықтылар ғана шыдайды. Әрине, ол үшін сын сағаты соққанда өмір үшін арпалысқа толы күресуге талпындыратын шын жанашыр жанның қолдауы қажет-ақ.
Қазақ эстрадасындағы жас әншінің бірі Ернар Айдар орындайтын «Күнім, сен сөнбеші!» дейтін ән бар. Осы әнге клип түсірілген. Сол клиптің бас кейіпкерлері – атыраулық Марлен мен Әнел. Әншінің оларды таңдауы тегін емес.
Өйткені екі жастың махаббат хикаясы әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа кеңінен тараған. Сол себептен бұл клипті қазақ қоғамы жылы қабылдады. Оған алдымен Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының тұрғыны Марлен Нұрғасеновтің ауыр дертке шалдыққан ғашығын қолдап, оның оттегі баллонын көтеріп жүргені әсер еткені даусыз. Дана Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» дегеніндей, жас жігіттің ғашығына деген кіршіксіз сезімі, қиналған сәттегі жанашырлығы жүрек тебірентеді.
Жас жігітттің жүрегін баураған сүйіктісі Әнел Мұратова 2009 жылы ауыр дертке шалдыққан. Бірақ қайсар бойжеткен Марленнің қолдауымен қиындыққа қарсы тұрып, өмір сүруден үмітін үзген жоқ. Дертінен айығу үшін алдымен Ақтөбедегі, одан соң айшылық болмағанымен, бірнеше күн жол жүрерліктей алыстағы Алматы мен Қарағанды қалаларындағы білікті дәрігерлердің кеңесімен жеті жылға жуық емделді. Тіпті бір өкпесін алдырып, оттегі баллонымен жүруіне тура келді. Бір күнде 20-ға жуық дәрі-дәрмек қабылдаған оның асқазаны мен жүрегі сыр беріп, тыныс алуын, ағзасын одан сайын әлсіретті.
Өзге елден келген профессордың «Әнелдің өмір сүру мүмкіндігі 30 пайыз. Сондықтан оған күрделі операцияны жасауды ешкім жауапкершілігіне алмайды» дегені бойжеткеннің жүрегіне шаншудай қадалса да мойыған жоқ. Керісінше, өмір үшін, болашағы үшін күресіп, шар қайрақтай ширықты. Өйткені оның қасында ауруханада бірге түнеп, сырқаты жанына батқан сәтте сөзімен де, ісімен де қолдау білдірген Марлен бар. Оның бұл әрекеті бойжеткеннің ерік-жігерін жаныды. Ауыр сырқатынан айығуға үміт отын үрлей түсті.
Бір-біріне сенген жұп 2015 жылы отбасын құрып, некесін Қарағанды қаласында қидырған. Содан бері Әнелдің жағдайы жақсарды. Олар жақында сәбилі болып, өмірге келген ұлға Дінмұхаммед есімін берді.
«Алланың құдіретінде шек жоқ қой. Бізді әке, ана атанады деп кім ойлаған? Енді міне, Алланың қалауымен әке, ана бақытын сезіндік. Көп жыл күткен балапанымыз аман-есен дүниеге келіп, өмірімізді 360 градусқа өзгертті», деп жазды Әнел әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ерге тән ерлікке пара-пар іс қазақ қызының да қолынан келеді. Соның мысалындай, жол апатынан кейін арбаға таңылуға мәжбүр болған Дәурен Жәрдемовке қолдау білдірген Ділназ Дәулетбаеваның жанашырлығы жұртшылықтың ықыласына бөленді. Әкесін жұмысқа алып бара жатқан жас жігіт екі жыл бұрын көлігі аударылып, ауыр жарақат алған.
Жол апатынан кейін оған Атырау, Алматы және Ыстамбұл қалаларындағы ауруханаларда операция жасалған. Қиналғанын білдіргісі келмесе де, оған оңай болмағаны анық. Сондай сәтте ата-анасы, достары мен сүйіктісі қолдау білдірген. Әсіресе, Ділназ Дәулетбаеваның қолдауына жетер ештеңе жоқ.
Екеуі кездейсоқ танысқан. Дәурен қалада тұратын ағасының үйіне жиі келіп жүргенде Ділназды көргенін айтады. Өйткені медицина колледжінде оқитын бойжеткеннің ата-анасы ағасының отбасы мекен еткен көпқабатты үйде тұрады екен. Бір подъезден кіріп-шығып жүрген инабатты бойжеткенді ұнатқанымен, жүрек қылын шертетін сезімін білдірмеген. Олар жол апатынан кейін бір-бірімен жақын араласып, сырласа бастаған.
– Біз бір жылдан аса бірге серуендеп, сырымызды айтып, сөйлесіп жүрдік. Ділназдың қиналған кезде теріс айналмай, қолдау танытқан адамгершілігіне риза болдым. Екеуміз бүгінгі қиындықты бірге жеңуге сөз байластық. Содан кейін құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру салтымен тойымыз өтті. Ауылда ата-анамыздың жанында болғымыз келген. Бірақ ауылда қоларбамен жүру қиын ғой. Сол себептен қалада тұруға шешім қабылдадық, – дейді Дәурен.
Жасы әлі отызға толмаған жігіттің аяғынан тұрарына сенімі мол. Өйткені оның қасында айтар сөзін қас-қабағынан ұғатын, адамгершілігі мол жары Ділназ бар. Оған жылы сөзімен қуат берген дәрігердің бірі спортпен шұғылданудың пайдасы тиеріне кеңес берген. Дәрігердің бұл кеңесі жас жігітті жігерлендіріп, үмітін оятты, сенімін нығайтты.
– Бәрі мүмкін ғой. Ең бастысы, үміт үзбеу, сенімді қадам басу үшін күресті тоқтатпау керек. Бұл қиындықты жеңетінімізге сенемін, – дейді ол.
Әрине, кез келген адам жанашыр бола алмайды. Әсіресе тағдырдың сынағына тап болған сәтте әр пенденің бет-пердесі де, адамдық айнасы да анық аңғарылады. Дегенмен өнегелі отбасыдан тәрбие алғандар ғана Әнелін аялаған Марлендей мейірімділігін, Дәуреніне дем берген Ділназдай инабаттылығын жоғалтпайтыны даусыз.
Атырау облысы