• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Наурыз, 2023

«БЛЭК» – біздің ұлттық бренд

285 рет
көрсетілді

Көз жауын алатын, ұлттық нақышпен өрнектелген бұйымдары бүгінгі күні алты Алашқа танылған, ынтымағы мықты ұжымның негізі сонау 1989 жылы қаланған. Шағын ұжым бүгінде толысқан, мақсат-мұратына жеткен, қуатты кәсіпорынға айналып отыр.

Көне тарихының көмбесін ақтар­са­ңыз, бәрі қарапайым, ойла­ма­ған жерден басталған екен. Көкшетаулық суретші, безендіруші әрі көркемдеуші дизайнер Юрий Никитенко әлдебір та­ны­сының үйінде ас ішіп отырған. Жа­рықтық жергілікті жұртқа біртабан жа­қын, ежелгі салт-дәстүрін, әдемі, өне­гелі әдет-ғұрпын білмекке ынтызар адам еді. Бұл жолы да көптен бері дәм-тұзы араласып жүрген әлгі отбасында көне астаудан дәм татқан. Бұрын табақтың сан түрін көріп жүр­генімен, астаудан алғаш рет ас ішіп­ті. Ықы­ласы ауғаны сондай, сол бойы әлгі көне астаудың сұлбасын қағазға сы­зып алған. Кейде бір ерте көк­тем­де сыздықтай аққан судың жүйтки жүгірер жылға іздейтіні бар емес пе? Тапса, дарияға айналмақ. Құдды сол сияқты «сабақты ине сәтімен» дегендей, ойға алғаны орала кеткен. Әуел баста нан және ет кесетін алақандай әдемі тақтайшалар, алуан түрлі гүл өсі­ре­тін әрқилы пішіндегі ыдыстар, ша­ғын үстелдер жасайтын кәсіпорны бар еді. Енді міне, жаңа бағытта жұмыс іс­теу­ге болады.

Шынында да, ол кезде Көкшетау қа­зақ­тары астауды сирек пайдалана­тын. Көргендер көп, дәм татқандар да аз емес. Тек астау атаулы ауылдағы аға­йынның арагідік пайдаланатын бұйымына айналғалы не заман. Қайсыбірі үй іргесіндегі сарай­да қаңсып тұр. Жұрт жаппай темір табаққа көшіп, ескіден есі шыға безіп жатқан уақыт. Ал Юрий Егорович ас­тауды жаңғыртқысы келді. Жалғыз бұ­йым ғана емес, құтты көркем­өнер туындысы тәрізді жасаса қай­тер еді? Ол үшін көзтартарлық етіп ұлттық мәнерде әр беруі, сән бітіруі керек. Қос құлағына кебеже қа­рын биенің, сауыр­лы айғырдың бей­не­лерін салса. Түйенің тұрқы, қойдың кескіні орын алса. Осылайша, суретші қиялы ша­рық­тап кеткен. Ойға алға­нын орын­даған кезде астауға да әр біткен. Әйтсе де ағашқа ою-өрнек салу да оңай-оспақ шаруа емес. Біршама нәзік жұмыс болғандықтан, шыдам­ды­лықты, айрықша машықты, түптеп келгенде тұла бойға жаратқан ие сыйлаған икемділікті қажет етеді.

Жер­гілікті жұрттың әлмисақтан келе жатқан тұрмыс-салтын түбегейлі зерт­теп, ой елегінен өткізген кезде жал­ғыз астаумен шектеліп қалуға болмайтынын ұққан. Тегеш те, ожау да қажет. Жомарт көңілдің, аста-төк қонақ­жай пейілдің белгісіндей қазы-қарта, жал-жая мелдектей толған астау­дың жанында сапырылған сары қымыз құйылған торсық тұрса, ғажап емес пе? Кірпияз көңіл де кенересіне толар еді. Міне, осындай өнімдердің бәрін біртіндеп шығара бастады. Жетілдіре түсті. Аяғы бар астауларды да жасайтын болды. Үш бөліктен тұратынын да. Өз еңбегімен дархан даланы жайлаған дана қазақтың кәдімгі күн­делікті тұрмыста пайдаланған зат­тар­дың қаншалықты сымбатты, салтанатты болғандығын дәлелдеп шықты. Юрий Егоровичтің біздің жұрттың айдынын асыруға қосқан сүбелі бір еңбегі осы. Жақсы хабар жел­дей жүйт­кіп, кең таралады емес пе?

Көкшетаулық қолөнер шеберле­рінің, атап айтқанда, «БЛЭК» кәсіп­орны­ның өнімдері туралы жергілікті жұрт ауыздарының суы құрып айта бастады. Өзге өңірден де ат түйедей қалап тапсырыс берушілер көбейген. Уа­қыт шымылдығы тұмшалаған ға­жайып дүниеге өзгеше өң бітіріп, өз халқына сыйлаған Юрий Егорович мұ­нымен де тоқтап қалмады. Әрлеп әбді­ре, сыңғырлатып сандық та жасады. Әсіресе сандықтың алуан түрін. Ілкі заманда қыз жасауына қосы­латын жинақы, ішіне көп зат рет-ретімен сыятын сан алуан сан­дық­тар текшелене бастады. Жатып қалған жоқ, тұ­тынушысын тез арада тапты. Өйт­ке­ні халық та дәл осы уақытта жо­ғалт­қанын іздеп, өшкенін жандырып жатқан шақ еді. Ұлттық мере­ке­­лерде тігілетін киіз үйлерді бе­зен­діруге қажетті бұйымдардың неше ата­сын жасап шықты.

Жаңалыққа жаны құмар Юрий Егорович 2016 жылы өмірден өтті. Әйтсе де бауырлары мен балалары кәсіпорын жұмысын жалғастырды. Артында қалған мұрасы – үш жүзден астам бұйымның авторлық куәлігі. Сол бұйымдарды сый-кәде, тарту ретінде алып жатқан қонақжай халық қолөнер шеберінің бастаған ісінің игілігін әлі де көріп келеді. Үш бағытта жұмыс істейтін кәсіпорын бір ғана астаудың елуден астам түрін шығарады. Ағаш­тан ойылған ыдыс-аяқта сан жоқ десе де болғандай. Домбыра, қобыз, басқа да ұлттық аспаптардың қорап­ша­сын жасайды. Қабырғаға ілінетін, Көкшенің көрікті табиғаты бей­не­лен­ген паннолар не сән. Мына бі­рінде Бурабайдың қайталанбас көркем кө­рі­нісі кестеленіпті. Міне, тоқ­пақ жал­ды тұлпар мінген, алдас­пан қы­лы­шын айға білеген ел қор­ға­ған баһадүр батырдың қаһарлы кес­кі­ні. Көрген жанның жүрегі дір ете түсетіндей.

2017 жылы кәсіпорын бөренеден бұралатын үй салуға кірісті. Облыс орталығында алғаш рет шағын зауыт ашып, өз істерін дөңгелете бас­тады. Сібірдің құшақ жетпейтін қара­ғай­ларын пайдаланды. Қыста жылы, жазда салқын ағаш үйлердің сыртқы бейнесі де сурет тәрізді еді. Тек қым­бат­тау. Жетпістен астам үй салды. Шы­ғыны көп, бейнеті бесбатпан. Тап­сырыс берушілер де көп емес. Арғы-бергі тәжірибені таразы басына тарта келе, ұлттық бұйымдар жасаған жөн деп шешті.

Өмір жолы қашан түп-түзу болған. 2010 жылы әлдебір себептермен орын алған тілсіз жау да тақсіретін тарт­қыз­ған. Дайын өнімдер салоны отқа оранды. Кәсіпорынның құжат­та­рымен бірге. Алға жылжымақ түгілі бұ­рынғы межеге жетудің өзі арман болып қалған. Юрий Егорович жүрек ауруына ұшырады. Сол дерт қайтпас сапарға алып кетті. Әйтсе де көзі тірі­сін­де бастаған қыруар жұмыс тоқырап қалған жоқ. Төңірегіндегі ет жақын туыстары түгел еңбекқор еді. Адал еңбек бәрін де жеңеді екен. Бастапқы қалпын тапқан. Бәлкім одан да жоғары. Қазір кәсіпорында 140-тан астам адам еңбек етеді.

– Ең алдымен жергілікті жұрттың көне мәдениетін тірілтуді көксейміз, – дейді кәсіпорынның бас директоры Олег Никитенко, – ағаштан түрлі ұлттық интерьер жиһаздарын жасаймыз. 150-ден астам өнім түрі дайындалады. Шеберлерге жалақы атқарған еңбегіне қарай төленеді. Компа­ния­­ның өнімдері Астана, Алматы қа­лаларындағы филиалдары арқылы саты­­лады. Еліміздің бірнеше ірі қала­сын­да өкілдіктеріміз бар.

Бір айта кетерлігі, ағашқа жан бітіре­тін хас шеберлер компанияның өзінде тәрбиеленеді екен. Бұл жерде еңбек адамына ерекше құрмет көрсетіледі. Өйткені олар жаратқан ие бойларына айрықша өнер сыйлаған нәзік жүректі адамдар. Табиғи икем­ді­лік­пен бірге темірдей төзімді қажет ететін өміршең өнердің төріне шығу үшін пенде ғұмырдың жартысын сарп ету керек. Сонда ғана он саусағыңнан өнер тамған шебер атанасың.

Әрідегі аймаңдайлы жұрттың абыройын асырар асыл мұраны қайта тірілтіп, халық қазынасын шүпіл­дете толтырып жатқан жасампаз кәсіп­орын­ның білігі мен беталысына қалай разы болмассың. Көкшеге көктем келіп, наурыз айы туғанда, бүгінгі ағайынның адал асын астаудан татып, сары қымызын сырлы аяққа құйып, мұрты көкке шаншылып мәжіліс құрып отырса, осынау тұтас, бедерлі бітім-болмысқа бұл компанияның да қосқан айшықты нақыш, бейнелі суреті аз емес.

 

Көкшетау