• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 21 Наурыз, 2023

Президент Наурыз мерекесімен құттықтады

442 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл.

Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстағы ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген.

Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының баршаға ортақ мейрам екенін атап өтті.

«Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, Әз-Наурыз – нағыз халықтық мейрам», деді Тоқаев.

«Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!», деп тілегін білдірді Президент.