• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мереке 21 Наурыз, 2023

Солтүстіктегі наурыз шырайы

166 рет
көрсетілді

Наурызда Қызылжар аспаны шайдай ашық болғанымен, қыстың ызғары қайтпай, суық самал соғып тұрды. Соған қарамастан халықтың көңілі көтеріңкі, орталық алаң халыққа лық толды.

Мұнда Наурыздың келуіне байланысты театрландырылған көріністер, жергілікті өнерпаздар мен шақырылған меймандардың көңілді концерттері өтіп жатты. Әсіресе, республикаға белгілі әнші Біржан Есжанның домбырамен әуелете салған әндері қаланың алыс жерлеріне дейін естіліп тұрды. «Орда» тобы да өздерінің өнерін паш етті.

Біраздан соң бас сахнаға облыс әкімі Айдарбек Сапаров шығып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. «Халқымыз ұлы күнге балап, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен береке мейрамы. Бұл күн дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын арайлы шаттық күні. Халықты дін мен ділге, тіл мен түрге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысымызды ұйыстыра түсті. Қазір Наурыз үш күн бойы аталып өтілетін еліміздегі ең үлкен, ең ұлық мерекеге айналды», деген әкім ел Президентінің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының халықтың әл-қуатын жақсартуға арналғанын еске салды және облыстың экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталып өтті.

Алдағы уақытта аталып өтіле­тін мәдени шаралар қа­та­рын­да биыл Қожаберген жы­раудың 360, Шал ақынның 275, Ақан серінің 180, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы бар екені айтылды. Со­ның ішінде М.Жұма­баевтың 130 жылдығына арналған шаралардың басталып кеткенін жеткізді. «Жуыр­да ғана Мағжанның 30 өлеңін жатқа айту конкурсына Петропавл қаласы мен аудандарымыз­дан түрлі этнос өкілдері арасынан 300-ге жуық оқушы қатысты. Оның 70-і конкурстың финалдық бөлігіне жолдама алып, жүлде алды. Енді халықаралық айтысқа дайындық жүріп жатыр», деді ол. Сонымен бірге әкім кешегі өткен сайлаудың елді демократиялық өзгерістерге бастайтын маңызды шара болғанына сенім білдірді.

Осы жерде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кеше ғана Астана қаласында ТМД Үйлестіру кеңесінің төрағасы М.Волковтың қолынан ТМД ардагерлері кеңе­сінің «Құрмет» белгісін алған Ескендір Елеусізов ағамызды әңгімеге тарттық. «Халқымыздың көңілі әрқашан жайлы болып, еліміздегі ынтымақ пен бірлік берік болсын! Сонда ырысымыз да мол болады», деген тілегін жеткізді ақсақал.

Бұл күні асық ату, күрес сияқты ұлттық ойындардан жарыстар, ал алқақотан жапсарласа қонған киіз үйлерде қолөнер шеберлерінің туындыларының көрмесі өтті. Наурыз көже сапырылып, ұлттық тағамдардың буы бұрқырап жатты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы