Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің батыс, шығыс өңірлеріндегі жеті гарнизонда болып, бірқатар кездесу өткізді.
Жұмыс сапары барысында министрдің орынбасары мерзімді қызмет сарбаздарымен, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен және олардың отбасы мүшелерімен, әскери зейнеткерлер мен Қарулы Күштердің ардагерлерімен кездесіп, әскери қызметшілерді тұрғын үймен, медициналық және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша түсініктемелер берді. Сонымен қатар Үкімет жанындағы жұмыс тобының зейнетақы заңнамасын жетілдіру жөніндегі қызметінің нәтижелерін жеткізді.
Үкімет жанындағы бұл жұмыс тобы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес әскерилерді зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін пысықтайды. Ол 1998 жылдың бірінші қаңтарынан кейін шақырылған және 2016 жылдың бірінші қаңтарынан кейін жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге зейнетақыны индекстеу мәселелерін алдын ала оң тұрғыдан қарастырды. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін қызметтен босатылған, бұл үшін жеткілікті еңбек сіңірген және еңбек өтілі бар әскери қызметшілерге зейнетақы төлемдерін алу құқығын беру мәселелері шешіледі. Қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекс жобасына әскери зейнеткерлерге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге толық көлемде зейнетақы жинақтарының қалдықтарын біржолғы пайдалану құқығын беру мүмкіндігі туралы толықтырулар енгізілді.
Әскери қызметтің беделін арттыру үшін де нақты қадамдар жасалды. Өткен жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынатын меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда мерзімді қызметтің жеті мыңға жуық сарбазы осы жеңілдікті пайдаланып отыр. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі еліміздің 45 жоғары оқу орнымен келісім жасасты. Осыған сәйкес мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтар екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсе алады.
Сарбаздармен әңгімелескен Қорғаныс министрінің орынбасары олардың болашақ жоспарларымен танысып, еліміздің әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі мен оқу шарттары туралы айтты. Ол оқу кезеңінде курсанттар тегін тұрып, тамақпен, заттай жәрдемақымен, медициналық қызметпен қамтамасыз етілетінін және стипендия алатынын атап өтті. Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсу оларға мансаптық өсу, сондай-ақ көп деңгейлі білім беру жүйесі шеңберінде, оның ішінде шетелде одан әрі білім алуға мүмкіндік береді.