• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Наурыз, 2023

Ең тиімді жол – вакцина

301 рет
көрсетілді

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін тәмсілдің маңызы әлі де жойыла қойған жоқ. Солай десек те, Атырау облысында 14 жасқа дейінгі балалар арасында түрлі аурудың көбейгені байқалады. Тіпті қызылшаны жұқтырғандар да бар.

Облыстық санитариялық-эпидемиоло­гия­лық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиеваның ай­туынша, қазір көптеген әлем елдерінде қызыл­шаның таралу қаупі артқан. Өйт­кені бұған COVID-19 пандемиясынан кейін қызылшаға қарсы вакциналау, осы ин­фекцияға эпидемиялық қадағалаудың төмендегені себеп болып отыр.

– Атырау облысында қызылша ауруы соңғы рет 2019 жылы тіркелген еді. Төрт жылдан кейін биылғы наурыз айында аталған аурудың төрт жағдайы тіркелді. Алғашқы жағдай бізге шетелден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген. Қазір қызылша жұқтырған 4 жағдайдың біреуі зертханалық талдаумен дәлелденді. Қалған 3 жағдайдың зертханалық нәтижесін күтіп отырмыз, – дейді А.Сәрсенғалиева.

Оның айтуына қарағанда, қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцина салдыру. Атырау облысында балаларды қызылшаға қарсы қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу көзделген.

– Бұл вакцинаға дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағынан сертификат берілген. Сертификат – вакцинаны алудың тиімді әрі қауіпсіз екенінің кепілі. Қызылшаға қар­сы вакциналау еліміздің ұлттық егу күн­тіз­­бесіне сәйкес 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі, – деп мәлімдеді А.Сәрсенғалиева.

Департаменттің баспасөз қызметі тарат­қан ақпаратқа сүйенсек, жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпиде­миялық маусымы желтоқсаннан мамыр­ға дейін созылады. Атырау облы­сын­да былтырғы 1 желтоқсаннан бергі эпи­де­миялық маусымда жіті респираторлық ви­рустық инфекциялардың 41 661 жағдайы тір­келіп отыр. Бұл инфекциямен 14 жасқа дейінгі 26 186 бала, 3 210 жүкті әйел ауырған.

Ал тұмау вирусының алғашқы жағдайы 2022 жылдың 30 қыркүйегінде тіркелген. Осыған байланысты науқастардан алынған 489 үлгінің 65-інен тұмау ауруының қоздырғышы болғаны дәлелденіпті. Оның ішінде 37 үлгіден тұмау вирусының В типі, 28 үлгіден тұмау вирусының А типі бар.

 

Атырау облысы