Күркетауық еті өндірісінің келешегіне қауіп төніп тұр. Мемлекеттік қолдау мен субсидия тоқтап қалса, 150 адамды жұмыспен қамтып отырған павлодарлық кәсіпорын жабылып тынуы ғажап емес. Субсидия төлеудің жаңа шарттары фабрикаға жылма-жыл бөлініп келген демеуқаржыны екі есе азайтқан. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта оны тіпті тоқтатып тастауды жоспарлап отырған көрінеді.
«Субсидия тоқтаса, күніміз не болады?» деп алаңдаған «Turkey PVL» ЖШС ұжымы Үкіметтен демеуқаржыны төлеу тетіктерін бұрынғы күйінде қалдыруды сұрап отыр. Күркетауық еті әлеуметтік маңызға ие азық-түлік себетіне енбейтіні белгілі. Дей тұрғанмен бүгінде оны Қазақстан бойынша небәрі екі фабрка – Павлодардағы «Turkey PVL» және Түркістан облысындағы «Ордабасы құс» компаниялары өндіретінін ескерген абзал. Соңғы аталған кәсіпорынның да жағдайы мәз емес.
Керекудегі күркетауық етін өндіретін кәсіпорын бұдан бірер жыл бұрын мемлекеттің қолдауынсыз, өз бетінше банктерден несие алып ашылған. Компания басшысы Ербол Досыбаевтың сөзіне сүйенсек, жаңа өндірісті құруға 3,5 млрд теңге жұмсалыпты. Цех жылына 8 мың, ал күніне 30 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Бірақ бұл үшін еңбек ұйымына кеңею қажет. Жаңадан қосымша инкубатор мен 9 құс қорасы салынса, өндіріс ұлғаяды. Бұл жоба-жоспарды өміршең етуге компанияның қаржылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Сондықтан бар үміт – мемлекет көмегінде. Оның үстіне жаңадан қабылданған субсидия талаптары бойынша кәсіпорында жылына 20 мың тонна күркетауық еті шығарылуы керек деп жазылған. Ал кәсіпорын жылына небәрі 2,5-2,7 мың тонна ет береді. Субсидия талаптары 5 мың тоннаға дейін азайтылғанның өзінде серіктестікке қазіргі өндірісті екі есе өсіру міндеттеледі. Ондай көрсеткішке қол жеткізу демеуқаржысыз ойға сыймайтын дүние деп санайды Ербол Кәрібекұлы. Сондықтан бұрын төленіп келген субсидия нормативтері қайтарылып, дамуға мүмкіндік берілсе абзал. Кәсіпорында қаржы пайда болса, жаңа инкубатор тұрғызылып, кеңеюге деген үміт пайда болар еді дейді ондағылар.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұған дейін кәсіпорынға асыл тұқымды шаруашылықты дамытқаны, өндірісті ұлғайтқаны және өнім сапасын арттырғаны үшін күркетауықтың әр килосына 200 теңгеден субсидия төленіп келген. Субсидиялау нормативтері бойынша 2021 жылы «Turkey PVL» ЖШС-ға жалпы сомасы 100 млн, былтыр 250 млн теңге төленген. Бұған қоса қазір қосымша 67,6 млн теңгенің өтінімі резервте тұр. Басқарманың мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов биыл жыл басынан субсидия талаптары өзгеріп, килосына 100 теңгеден есептеліп жатқанын жеткізді. Соған орай басқарма 2023 жылға күркетауық еті бойынша небәрі 83,2 млн теңге қарастырып қойған. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жуықта субсидия төлеудің жаңа қағидаларын қабылдайды деп күтіліп отыр. Ол бойынша күркетауық еті демеуқаржыдан мүлде қағылып қалуы ықтимал.
«Күркетауық еті тауықтың еті сияқты әлеуметтік азық-түлік қатарына енбейді. Субсидия талаптарының қатаң болуы да содан. Оның үстіне ережені министрлік бекітеді. Иә, биыл нормативтер азайтылды, бірақ әзірше субсидия төлеу жүйесі сақталып отыр. Егер ол толық тоқтатылса, күркетауық цехы өзгеріс қабылданғанға дейінгі кезең үшін қазіргі қолданыстағы ережелер бойынша қаражатты ала алады. Мемлекет қазір тауық еті мен жұмыртқа өндірісіне айрықша назар аударып отыр. Жұмыртқаның бір данасына 3 теңге, бір килограмм тауық етіне 50 теңге субсидия төленеді. Алайда облыстағы Қызылжар құс фабрикасы тоқтағалы, тауық еті бойынша демеуқаржы алып отырған субъектілер бізде жоқ. Сондықтан бұл нарық қазіргі уақытта бос тұр», деп түсіндірді бөлім жетекшісі.
Ербол Досыбаевтың пікірінше, күркетауық етін өндіргені үшін төленетін субсидия бұған дейін расымен тиімді болған еді. Соңғы өзгерістер, яғни субсидия көлемінің азайып кетуі кәсіпкердің бизнесін өркендетуге кедергі болып отыр. Кәсіпорынды кеңейту, ет өндірісін өсіріп, жаңадан жұмыс орындарын құру үшін қазіргі сәтте мемлекеттің қолдауы ауадай қажет.
«Субсидия төлеудің жаңа талаптары шын мәнінде біздің фабрикамыздың одан әрі дамуына қауіп төндіріп тұр. Жыл басынан қабылданған қағидаларды өзгертуді, бұрынғы бағаларды қайтаруды сұраймыз. Биылға өндірісті дамыту бойынша жоспарларымыз көп еді. Алайда демеу болмаса, барлық жобамыз күл-талқан болғалы тұр. Қазір күркетауықтың жемі өте қымбат. Амин қышқылы мен ақуызға, протеинге бай қоспа болмаса, күркетауық ет жинай алмайды. Ондай өнімдер біздің өңірімізде өндірілмейді. Амалсыздан сонау Алматы облысынан соя күнжарасының (шрот) тоннасын 350 мың теңгеден, күнбағыс дәнінің күнжарасын 520 мың теңгеден сатып алып отырған жайымыз бар. Бұдан басқа да түрлі қоспа қажет. Қазақстан бойынша күркетауықтың етін біздің кәсіпорын және Түркістан облысындағы «Ордабасы құс» фабрикасы беріп тұр. Алайда былтыр бидай қымбаттап кеткен уақытта оңтүстіктегі әріптестеріміз күркетауық етінің өндірісін уақытша тоқтатып тастады. Себебі нарықтық жағдайда тиімсіз. Ал біз өміршеңдігімізді сақтап қалдық. Қазіргі күні біздің өнімдеріміз Қазақстанның ішкі нарығында, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде сатылады», дейді Е.Досыбаев.
Павлодар облысы