• RUB:
    5.35
  • USD:
    467.29
  • EUR:
    501.03
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2023

Жолдағы жауапсыздық

361 рет
көрсетілді

Атырау облысының жұртшылығын күре жолда ажал құштырған жол-көлік оқиғасының көбейгені алаңдатып отыр. Мәселен, былтыр 89 жол-көлік оқиғасының салдарынан 50 адам көз жұмған. Жыл басталғалы 10 наурызға дейін 54 жол апатынан 24 жолаушы жантәсілім еткен. Ал 75 адам әртүрлі жарақат алған.

Әрине, себепсіз ешнәрсе болмай­ды. Осы тұрғыдан айтқанда, жол апа­тының көбеюінің себебі неде? Жер­гілікті поли­ция қызметі бас­қар­масының бас­тығы, полиция пол­ков­ни­гі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, жол апатының ең басты себебі – көлік жылдамдығын шамадан тыс асыру.

– Қазір көлік жүргізушілерінің дені діттеген жер­ге жылдам жету үшін жылдамдықты үдетуді әдет­ке айналдырып алды. Бірақ сол жыл­дамдықтың өкінішке ұласар жол апатына ұрындыратынын, тіпті көліктегі жолаушыларды ажал құш­тырып, өміріне қатер төнді­ре­ті­нін ескермейді. Әсіресе заңсыз такси қызметімен айналысатын жүргізу­ші­лердің қатысуымен болатын жол апаты жиіледі. Облыс және аудандар орталығында жиналып тұратын такси жүргізушілерінің саны күннен-күнге артып отыр, – дейді Ерлан Биғамбаев.

Оның дерегіне сүйенсек, такси жүр­гізушілерінің кінә­сінен бір емес бірнеше адамның ажал құш­қанына дәйек ретінде келтірер дерек көп. Мәселен, былтыр қаңтарда Жылыой ауданында «Honda Odyssey» мен «ВАЗ-211540» көліктері соқ­ты­ғысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Ре­сейде шығарылған көліктің жүргізуші мен үш жо­лаушысы, «Honda Odyssey» көлігіндегі бір жо­лау­шы көз жұмған. Бұған «Honda Odyssey» жүр­гізушісінің кінәсі сот-медициналық сараптама қо­ры­тындыларымен, куәлардың айғақ­та­ры­мен толық дәлелін тапқан. Сол себептен Жылыой аудандық соты­ның үкімімен оған 7 жыл мерзімге көлік құрал­дарын жүргізу құқығынан, 5 жыл мерзімге бас­ бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Осындай бірнеше адам қазасына әкелетін тағы бір ірі жол-көлік оқи­ға­сы былтырғы қазанда «Индер – Қа­ра­бау – Миялы – Сағыз» тас жолын­да тіркелген. Бұл жол апаты­нан да бес адам мерт болып, ­­үш адам ауыр дене жарақатын алған. Өкі­нішке қарай, жол апатына ұшы­ра­ған көлік жүргізушісі поли­ция қыз­меткерлерінің ескертуіне құлақ ас­па­ға­ны анықталып отыр. Өйткені оған жол-көлік оқиға­сынан бір сағат бұрын полиция қызмет­кер­­лері­ жылдамдықты асырғаны үшін әкім­шілік хаттама толтырып, ескер­ту­ берген. Бірақ содан кейін де жол қоз­ғалысы ережесін сақтамаған жүр­гі­зуші қарсы бағытқа шығып, жол-кө­лік оқиғасына ұрынған. Тағы бір дерек­ке­ тоқталсақ, 28 ақпанда «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының ше­карасы» бағы­­тындағы тас жолдың 491-шақырымында «Тойота Ипсум» ша­ғын автобусы қарсы бағыттағы жүк көлі­гімен түйіскен. Қызылқоға ауданы­на бара жат­қан шағын авто­бус­тың рулінде 31 жастағы жүр­гізуші бол­ған. Жол апатынан бес жолаушы жан­­тәсілім етіп, екі адам ауыр жарақат алған. Жо­лау­шы тасымалдап жүрген жүр­гізушінің бұған дейін үш рет жыл­дамдықты асырғаны, бір мәрте жол таңбасы қағидасын бұзғаны анық­­талып отыр. Ал 9 наурызда да бес адамның о дүниеге аттануы­на себеп­­кер болған жол-көлік оқиғасы тір­келді. Өзекті өртейтін бір жайт, «Ларгус» пен «УАЗ» көліктерінің соқ­тығысуынан болған жол апатынан­ ерлі-зайыпты жұп төрт айлық нәрестесімен бірге көз жұмды. Тағы үш жолаушы облыстық ауру­х­а­на­ның кереуетіне таңылды.

Жолда жүру ережесін сақтамай, барар жеріне тез жету үшін асығып-апты­ғып, жылдамдықты арттырудың соңы талайдың еңірегенде етегін жас­қа­ толтырған өкінішке ұрындырып жа­тыр. Бұл – жол апатының басты себебі. Ал салдары қандай? Күре жол­дың бойында талай жолаушыны­ ажал құштырған жол апатынан ке­йін талай ата-ана бауыр­ еті баласын,­ жақын туысы мен бауы­рын мәң­гі­лікке жоғалтты. Тіпті бір отба­сы­ның­ енді ғана маздай бастаған ша­ңы­рақ оты сөнгенін жасыру мүмкін емес. Әкесі мен анасынан айырылған бала­лар­дың шырқыраған дауысы төбе құй­қаңды шымырлатады. Бірақ мұны түсі­нетін, көлігіндегі жолаушының қауіп­сіздігіне кепілдік, аман-есен жет­уіне жанашырлық танытатын жүр­гізуші қайда? Әрине, бәрі деме­сек те жолаушыларды о дүниеге ат­тан­дыруға себепкер болып жүрген жүр­гізушілердің кейбірі жол-көлік оқи­ғасының осындай орны толмас сал­дарына көз жұма қарайтын секілді. Әйт­песе, полицейлердің ескертуінен ке­йін жылдамдықты арттырмас еді. Әттең...

 

Атырау облысы