• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 28 Наурыз, 2023

Отбасына арналған 30 сабақ

591 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының кіші залында «От­басындағы 30 сабақ» кітабы­ның тұсаукесері өтті. Іс-шараға кітап ав­­торлары – «Отбасы хресто­ма­тия­сы» қоғамдық қорының ат­қарушы директоры Бағдат Құдияр мен «Sana» оқу орталығының директоры, әдіскер Әйгерім Аюбек Алматыдан арнайы келген.

Орал қалалық кітапханалар жүйесі ұйымдастырған кездесуге қалалық білім беру басқармасына қарасты мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жергілікті зиялы қауым өкілдері, оқырмандар қатысты. Жаңа шығарманың ерекшелігі бар, отбасындағы 30 сабақ екі бөліктен – ата-анаға арналған әдістемелік кітаптан және балаға арналған жұмыс дәптерінен тұрады.

– Балалармен күн сайын кездесіп жүріп түсін­генім – ең алдымен ата-анамен әң­гімелесіп, ата-анасын дайындау қажет екен. Баланың дүниетанымын қалыптас­тыру, сөздік қорын дамыту, бала бойына адам­гершілік құндылықтарын дарыту – алдымен ата-ананың міндеті. Сондықтан құндылықты әрі миды дамытатын құралды жасап шықтық, – дейді Әйгерім Қалдыбекқызы.

Жаңа кітаптың тұсауын ақын әрі ұстаз, Жазушылар одағының мүшесі Дариға Ғазезқызы, ардагер ұстаздар Тілек­тес Байқадам мен Маржан Ақметқалиқызы кесті. Орал қаласы мәдениет және тілдер­ді дамыту бөлімінің басшысы Серік Ербо­лат­ұлы жас ұрпақтың дамуына ықпал ететін дүниелерді әрдайым қолдайтынын айтты.

Аталған еңбекте қазақ халқының ұлт­тық өнеріне ерекше орын берілген екен. Соның ішінде халық әндері мен күй­лері туралы айтылып, олардың тарихы баян­далған. Осы кітаптың таныстыры­лымына Орал қалалық ардагерлер клубының «Бабалар үні» домбыра ансамблі мен «Асыл әже» вокал тобы және Д.Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің оқушылары арнайы келіп, кітапқа жазылған бірнеше ән мен күйдің тарихын әңгімелей отырып, орындағаны ерекше көрініс болды.

– Көріп жүрміз, XXI ғасырдың басында отбасы институты әлсіреп кетті. Көнекөз қариялар азайған соң дастарқан басында өнегелі әңгіме айтып, сөз ұстайтын жан си­реді. Ата-ана баласына не әңгіме айтып берерін білмей таусылды. Бүгінгі баланың көкірегін смартфондағы арзан әзіл-қалжың толтырып жүр. Осы тұста «Отбасы хрес­томатиясы» қоғамдық қоры шығарған бұл құралдың маңызы ерекше, – дейді осы іс-ша­раның жүргізушісі, жас ғалым Жандос Хамза.

 

Батыс Қазақстан облысы