• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 29 Наурыз, 2023

Малсақ қауымның мұңы

186 рет
көрсетілді

Ауылдағы ағайынның несібесі молаймауына төрт түлік малын бағатын тоқымдай жердің әбден тозғаны себеп болып тұр. Он сан шөп өсетін шүйгін, шалқар шабындығы, қара оты мол киіздей туырылған жайылымы болмаған соң мал сүмесімен әупірімдеп күн көрудің өзі қиын шаруаға айналып барады.

Өтпелі кезеңнің өкпек желі таби­ғаты тамылжыған Зеренді ауда­нының ондаған ауылының шаңырағын шай­қал­тып кетті. Әлі де бірер ауыл соңғы қазығын суырып, үдере көшудің қамында. Мәселенің мәнісіне үңіліп көрсе­ңіз, қараша ауылдың түндігін жел­піл­­детіп тұрған екпіні қатты адуын­ желдің аңысы белгілі. Ауыл тұр­ғын­дарының негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал. Қазір егін шаруа­шы­­лығымен айналысатын ірі серік­тес­тіктер қараша ауылдардың та­бал­дырығына дейін тақап жыртып тас­тағандықтан, бірер қарасын қай­тып бағарын білмей, сең соққан ба­лықтай есеңгіреп отыр.

– 1999 жылы «Бөгенбай» шаруа қожалығын құрдық. Жылқы, қара мал, қой өсірудеміз. Мал басын өз төлі есебінен көбейтейік деп қанша тырысқанымызбен, адымымызды аштырмай тұрған күрмеуі қиын мәселе шаш-етектен, дейді шаруа қожалығының басшысы Қайратбек Хамзин. – Біздің шаруашылықтың еншісіне тиген жер – небәрі 32 гектар. Көз ал­ды­ңызға елестетіп көріңізші, жа­йылым да, шабындық та осы. Ға­лым­дардың есептеуіне қарағанда, бір бас малға 9 гектар жер қажет екен. Осы қисынға салсаңыз, біздегі жағдай тіпті ушығып тұр деуге болады. Красиловка ауылы Айдабол елді мекенімен жалғасып жатыр. Арақашықтығы екі шақырым ғана жер. Жер бөле келгенде әлгі 32 гектар жер Айдабол ауылының жанынан берілді. Ол ауылдың малы біздің жерімізді жаз бойы тақырлап жеп қояды. Малы ғана емес, құсы да сол жердің үс­тін­де. Қашанғы күзетіп тұрасың. Мал иелерімен жаға жыртысуға дейін жет­тік. Қо­­ры­­масаң өзге шөп шауып алатын жер жоқ.

Шын мәнінде жер жеткілікті. Бірақ оны әне бір жылдары ірі серіктестік иеленіп алған. Алқап көлемін қуалаған олар етек-жеңі кең пішілген егістік алқаптарға қоса орман-тоғайдың ете­гі­не дейін, ағаш-ағаштың арасын да ту-талақай етіп жыртып тастаған. Жоспар қуалаған кешегі кеңес заманында да соқаның тісі тимеген, тусырап жатқан, ауыл тұрғындары жеке­мен­шік малдарына қысқы мал азығын дайындап алатын алаң­қай­лар еді. Қазір түк жоқ.

– Кешегі кеңес заманында осы ауыл­да 1200 бас қара мал, 400 бас­тан ар­тық жылқы, отар-отар қой болды. Со­ның бәрі сыйып тұрды ғой. Ал қазір Красиловкадағы жүз отбасының қо­ра­сынан жүз қара мал шыға ма, жоқ па білмеймін. Ауылда өндіріс ошағы жоқ, халық тек осы малының арқасында ғана күн көріп отыр. Әйт­песе, ешкім де кір жуып, кіндік кескен ата қонысын тастап кетпейді ғой, – дейді шаруашылық басшысы.

Шаруа қожалығының еншісінде 493 гектар егістік жер бар. Осы алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңіріп, қарекет етуде. Қайратбек Сабырұлы қара басының қамын ғана емес, жалпақ жұрттың мұңын айтуда. Жайылымы тар, шабын­ды­ғы болмағандықтан, төрт тү­лік­тің басын көбейту қиын дедік қой. Оған қара қарғаның миы қай­най­тын ыстықта мал суарудың ма­шақатын қосыңыз. Ендігі бір мәселе – осы елдің жеріне егін егіп, шаруасын дөңгелетіп отырған ірі серіктестіктің қол ұшын беруге ынталы еместігі. Қалай дейсіз бе, айта кетелік. Серіктестік күзде егінін шауып алғаннан кейін алам деген кісілерге иен тегін жатқан сабанды сатып береді, қалған өтпегенін өрттеп жібереді. Малсақ қауым серіктестік басшыларына талай рет өтініш айтыпты. Мәселен, әсіресе жылқы малы қысты күні талғажау ететін арпаның сабанын егістік алқаптың шетіне жинап қойса. Жылқы малы осы сабанмен-ақ қы­раулы қыстан жалы жығылмай шығар еді. Биыл қыс малсақ қауым үшін жайсыз болды. Ақпан ауа жаңбыр жауып, күн күрт жылынып, даланың дидары қарауыта қабарып, көк мұз болып тұр. Тұяғы берік ірі мал болмаса, тай-жабағы тегіс қолға қараған. Жылқы малын қыс­татып шығару үшін жем-шөп көп керек.

– Менің білуімше, бүкіл Зеренді аймағының жылқысы тегіс қолға қараған, – дейді шаруа қожалығының басшысы. – Мал ішінде шығын да көп. Біз қазір жылқымызды күндіз ағаш бауырына жайып, кешкісін қамап аламыз. Машақаты көп, бірақ қиындықтан шығар жол қайсы?

Осындай бейнетті белден кешіп жүріп баққан малдың өнімін өткізу де оңай емес екен. Шаруа қожалығы бірнеше мәрте етті тендер арқылы саудалап көрген, бірақ бағаның тұрақсыз болуы себепті оңбай опық жегеннен кейін мұндай талпынысты біржола доғарған. Ендігісі алыпсатарлардың ауылға келер сәтін аңду.

Бұл мәселе жалғыз «Бөгенбай» шаруа қожалығына ғана қатысты емес, жалпақ жұрттың көргені осы. Мал шаруашылығының мандымай тұрғаны да осы бір сойыл­дай мәселеге байланыс­ты. Ауыл­дағы ағайын мал өнімдерін сата алмай отыр. Айталық, олар алып­са­тарларға келісін 1500 тең­ге­­ден бере­ді. Егер жолдағы қолдан жаса­­лып тұр­ған бөгесінді алып тастап, дәл осы баға­мен тұтынушыға ұсынса, бү­гінгі бой бермей жатқан баға сәл де болса түсер еді. Өткір мәселе мың мәрте айтыл­ғанымен, жер­гілікті билік селт етер емес.

– Біздің Викторовка ауылдық окру­гі­не қарасты пай иелерінің жеті жарым мың гектар егістік алқабы бар, – дейді шаруа қожалығының басшысы. – Оның 5,3 мың гектар жері – егістік алқабы, пай иелерінің меншігінде 2,2 мың гектар жері шабындық пен жайылым жер болуы керек еді. Ал серіктестік егін еккен алқаптарының пай үлесін ғана береді. Жайылымдық және шабындық жерлерді түгел жыртып тастады. Сол себепті халық мал бағудан пайда табатын емес. Мен осы бөлімшеде зоотехник болып қызмет атқарған кезімде 464 бас сауын сиыр болатын. Күніне 7,5 мың тонна сүт сауатынбыз. Викторовканың сүт зауытына өткі­зетін едік. Қазір де халық осылай еңбек етіп, мал сүмесімен күн көруіне әбден болады ғой. Тек жағдай болмай, жандары жүдеп жүр. Мен бұл мәселені талай рет кө­тер­дім. Еш нәтиже шығатын емес.

Ауыл халқы мал сүтін де баға­лап өткізе алмай отыр. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, ма­ңай­дағы сүт зауыт­тарының бірі сүттеріңе су қосыл­ған деп көле­мін кемітуге тырысады екен. Мәсе­лен, бір тонна сүттен 100 келі­ні шы­ға­рып тастайды, ал ендігі бір сүт зауыты майлылығын кемітеді. Екі ортада ауыл халқының еңбегі еш, тұзы сор.

Түндігі замананың желімен жалп-жұлп еткен қараша ауыл күн­дер­дің бір күнінде жағдайдың түзелетінінен дә­мелі. Кәдеге аспай жатқан жер ха­лыққа қайтарылып жатыр деп құлақ­тан­ғаннан кейін біздің де көсегеміз көгеретін шығар деп күтіп отыр.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы