• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 29 Наурыз, 2023

Мемлекет басшысы сайлауға белсене қатысқан азаматтарға алғыс айтты

294 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында қазақстандықтарға алғыс білдірді,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент өз сөзінде басты реформаларды атап өтті.

«Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі», деді ол.

Сондай-ақ ол рефорламаларға сәйкес өткізілген сайлау халықтың көптен күткен өзгерісі екенін айтты.

«Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң, күрделі кезеңдегі тиімді өзгерістер халықтың сенімін оятқанын атап өтті. 

«Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрі бұл жолғы сайлаудың ерекшелігін айта келе, сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасаған азаматтарға алғысын білдірді.

«Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын», деді Президент.