• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 29 Наурыз, 2023

Қауіптің беті қайтпай тұр

184 рет
көрсетілді

Көкшенің кең көсілген даласында қасат қардың көбесі жаңа сөгіле бастады. Осыған орай, қызыл судың қаупі еселене түсті.

Қардың күрт еруі – қашанда қауіпті. Қоңыр күзден бері қар­баласа қамданғанмен жылға із­деген топан судың қай тарап­тан құйыларын күні бұрын болжап білу әсте мүмкін емес. Облыс ор­талығын жарып өтетін Қыл­шақты өзеніндегі су деңгейі лық­си толқып, арнасынан асып кетуге шақ тұр. Жекелеген аудандарда су басу қаупі бар. Қазір коммуналдық қызмет су тасқынына қарсы тиісті шараларды атқаруда. Арықтар мен суөткізгіш құбырлар тазартылып, өзендегі мұз қопсытылуда. Кейбір жер үйлердің жанында пайда болған қызыл су сорылып, тазартылып жатыр.

– Бұл су өзен аңғарымен емес, құба жоннан ылдилай құйылып келді, дейді облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­тығы Нұрлан Атығаев, – қазір бақы­лау бекеттері арқылы қада­ғалаудамыз.

Облыс орталығының көшелері қардан арылғанымен, иен даладағы тау-теңіз қардың мұрты бұзыла қойған жоқ. Қазіргі таңда Астана ма­ңындағы Қоянды, Шұбар, Қара­өткел, Талапкер, Рақымжан Қош­қарбаев ауылдарында қызыл су­ды қауіпсіз аймаққа ағызып жі­беру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар көшелерді көлкіген судан арылту хақында өтініштерін жиі түсіруде.

Егіндікөл және Астрахан аудан­дарында біршама қауіп бар. Астрахан ауданының Ескі Колу­тон, Ягодное, Жаңа тұрмыс, Жал­тыр және Қоскөл ауылдарында көл­­кіген көк су мол. Қауіп те жоға­ры. Себебі, бұл елді мекен­дер су айдындарына жақын орна­ласқан.

– Жергілікті бюджеттен көк­темгі су тасқынын алдын алуға 8 миллион теңге қарастырылған, дейді Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұқанов, – сол қаражатқа қажетті инертті материалдар мен жанар-жағар май сатылып алынды. Аудан әкім­шілігі алдағы уақытта сексенге жуық арнайы техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Сулы, нулы Қорғалжын ауда­нында 8 елді мекенді су басу қаупі бар. Оның ішінде Нұра өзе­нін жағалай қонған Ұялы мен Өр­кендеу ауылдарының тұрғындары алаңдап отыр. Қауіпті аймақта 194 үй мен 13 маңызды нысан бар.

– Біздің өңірде автомобиль жол­дарын да су басып қалуы мүм­кін. Мұндай жолдардың қа­шықтығы 800 метрді құрайды. Былтыр Қорғалжын ауылының Рақымжан Ма­дин және Шоқ­мет Әубәкіров атындағы көше­лердің бойындағы арналар ке­ңейтілді. Өркендеу мен Ұялы ауыл­дарындағы өзен аңғарлары нығайтылды, – дейді Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Ғаб­ды-Сабыр Мұхамедди.

Сабынды, Ұялы, Өркендеу ауыл­дарында С-28 электр да­был­қаққыштары да орнатылып­ты. 117 жоласты су өткізу құ­быр­­лары қардан аршылған. Қы­зыл судың қаупінен сақтану жұмыстары Аршалы ауданында да жүргізілуде. Елді мекендерден 528 669 текше метр қар шығарылған. Түрген ауылының жа­нын жанай өтетін Есіл өзе­нінің үш аңғарында жарылыс жұ­­мыстары жүргізіліп, ағын су­дың жолы ашылды. Жібек жолы ауылында 300 тонна, Батпақкөл су айдынының жағалауын бекіту үшін 400 тонна инертті материалдар әзірленген.

Күн қабағына қарағанда көк­тем күшіне еніп келеді. Көкшенің сай-саласы да қызыл суға мелдек­тей толатын уақыт алыс емес. Сон­дықтан мейлінше сақ болған жөн.

 

Ақмола облысы