Бішкекте өткен «Central Asian Tech Awards – 2023» байқауының жеңімпаздары анықталды. Жеті аталымның үшеуінде отандастарымыз үздік атанды. Олар АҚШ-тағы Кремний алқабына жолдама алды.
Орталық Азия технологиялық форумы аясында өткен байқауға барлығы 114 өтінім түскен, оның 39-ы Қазақстаннан берілген. Байқауда жеңіске жеткен отандық стартаптар – Astana Hub мүшелері. Мәселен, Networks Energy стартапы теміржол көлігін өңдеу және теміржол саласындағы бизнес-үдерістерді автоматтандыруға арналған IT-платформа жасау арқылы күллі аймақтың технологиялық секторына айтарлықтай әсер еткені үшін «Орталық Азиядағы жыл серпіні» атағына ие болды. Аталған компанияның арқасында еліміз теміржол тасымалы үдерістерін автоматтандыруға жол ашатын бірегей өнімге қол жеткізіп, IBM немесе SAP технологиялық алпауыттарының лицензиясы мен шешімдерінсіз жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
– Орталық Азия аймағындағы IT-технопарктердің көңілінен шығу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл марапат компанияның Қазақстанды аймақтағы көліктік және цифрлық хабқа айналдырудағы үздіксіз күш-жігерінің маңыздылығын көрсетеді. Біздің команда өңірдегі логистикалық салада озық технологияларды әзірлеу және енгізу бойынша өз миссиясын жалғастырады, – деді Networks Energy бас директоры Бақыт Ержанов.
Отандық өнертапқыш әрі педагог Рүстем Ермеков «Орталық Азиядағы жылдың IT-педагогі» аталымында үздік деп танылды. Ол 2021 жылы «30-ға дейінгі Forbes»-тің тізіміне енді, сонымен қатар QBit – роботтехникаға арналған қазақстандық жинақты жасағаны үшін Saby қорының грантын жеңіп алды.
– Білім саласында жүргеніме 6 жылдай болды. Жұмысым таза энтузиазмға негізделген. Себебі дұрыс білім беру және сыни тұрғыдан ойлауды дамыту арқылы әлемдегі қордаланған мәселелерді шешуге болатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта әртүрлі білім беру шешімдерін әзірлеп жатырмыз. Негізгі өнімдеріміздің бірі – QBit, балаларға STEM инженериясын, роботтехниканы және бағдарламалауды үйретуге арналған жинақ. Жақында micro:lab шағын цифрлық зертханамызды да іске қосамыз, – деп жоспарымен бөлісті Рүстем Ермеков.
Қазақстан атынан қатысқан тағы бір жоба – Red_mad_robot central asia «Ең жылдам дамып келе жатқан IT-компания – Экспорт – шетелде ақпараттық-коммуникациялық технология қызметтерінің аутсорсингі» аталымында жеңіске жетті. Компания шағын және орта кәсіпкерлікке бизнес бағыттары бар әмбебап банктер үшін қаржылық және қаржылық емес қызметтерге арналған цифрлық платформалар әзірлейді.
«Central Asian Tech Awards – 2023» байқауына Қырғызстанның Жоғары технологиялық паркі, Astana Hub, IT Park Uzbekistan жетекшілері және Орталық Азияның IT-индустриясының басқа да сарапшылары қазылық етті. Орталық Азия технологиялық форумы Орталық Азия, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ-тан келген 50-ден аса IT-компания мен 600 қатысушының басын қосты.