• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 29 Наурыз, 2023

Тексеріс нәтижелері көңіл көншітпейді

249 рет
көрсетілді

Қостанай облысындағы білім нысандарының үштен бірі қауіпсіздік талап­тары­на сай кел­мейді. Сыныпта отыр­ған балаға сырттан төнер қауіптің алдын алу мақсатында таяуда ғана білім мекемелеріне жүргі­зілген тексеру шаралары барысында бірталай олқы­лықтар анықталып отыр.

Мәселен, бірталай мектеп, балабақша, колледж ғимаратта­рында арнайы күзет қызметі жоқ, турникет, дабыл нүктесі тәріз­ді сақтану құрылғылары орнатыл­маған. Ал сырттай бейнебақылау жүйесі бекітілген талапқа сай емес. 159 білім мекемесіндегі бейнебақылау құрылғылары ауыс­тыруды қажет етеді.

Таяуда прокуратура мен қала­лық білім бөлімі облыс орта­лы­ғында орналас­қан бірнеше мектепке тексе­ру жүргізіп, онда­ғы мамандандырылған күзет қыз­ме­тінің қырағылығын сынап көр­ген. Нәтиже көңіл көншітпейді. Тексеру өткен 5 мектепте де күзет қызметінің салғырт жұмыс істей­тіні анықталды.

Қостанай қалалық прокурату­ра­сының аға прокуроры Элмира Нұрқанова өзі тексеріп шыққан мектептің біріне сөмкесіне жалған граната салып кіріп кеткенін айт­ты. Білім ордасына келген бейсауат жанның сөмкесінде не жатқаны ешкімді қызықтырмаған.

– Менің әріптесім, тіпті, «гранатасын» сөмкеге жасырмай-ақ, қолына ұстап өтіп кетті. Талап бойынша, мектепке келген сырт адамды күзетші металл іздейтін құрылғының көмегімен тексеріп шығуға тиіс. Егер құрылғы белгі берсе, күзетшінің әлгі адамның, мәселен, сөмкесін тексеруге құқы бар. Алайда мұның бірін де істеген жоқ. Сонымен қатар сыртқа шығатын эвакуациялық жолдарды тексердік. М.Горький атындағы №19 гимназияның эвакуациялық есігі құлыптаулы болып шықты. Пульттік күзет қызметі де өз міндеттерін дұрыс атқармайды. Келісімшарт бойынша қызмет көрсететін пульттік күзет шақырту түсірген нысанға 5-10 минуттың ішінде жетуге тиіс. Ал №14 мектептің пульттік күзет қызметі дабыл нүктесі басылғаннан кейін, 27 минуттан соң ғана келді, – дейді аға прокурор.

Прокуратура тексеру барысында анықталған кемшіліктерді тізіп көрсетіп, қалалық білім бөліміне ескертпе хат жолдаған. Білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, мектептердегі мамандандырылған күзет қызметі таяуда ғана жұмыс істей бастаған. Қазір күзет қызме­тіндегі кем-кетіктердің орнын толтыру жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, мектеп күзетшілеріне жасына қарай шектеу қойылды. Бұдан былай жасы 50-ден асқан азаматтар білім мекемелерін күзету жұмысына қабылданбайды. 

Ал енді бейнебақылау мәселе­сіне келсек, облыстық білім басқармасының есебінше, ескірген бейнеқұрылғыларды жаңартуға 166 млн теңге қажет екен. Бұған дейін осы мақсатқа бөлінген 99,5 млн теңге 99 мектепті жаңа құрылғымен қамтамасыз етуге жетеді. Қалған нысандарға бейнебақылау орната қоятындай қаржы болмағандықтан, басқарма облыс бюджетінен 66,3 млн теңге бөлуді сұрап отыр. Бұл қаржы бөлінсе, өңірдегі балабақшалар мен мектеп, колледждердің бей­некамералары толықтай жаңар­тылатын болады.

 

Қостанай облысы