• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Наурыз, 2023

Электронды коммерция нарығында өсу бар

245 рет
көрсетілді

Жақында Дубайда Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Ready4Trade Орталық Азия» жобасы аясындағы конференция өтті. Онда Орталық Азиядағы электронды коммерция әлеуеті талқыға салынды. IMARC тобының дерегінше, 2022 жылы өңірдегі электронды сауда-саттық нарығының көлемі 8 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіштің алдағы бес жылдағы жылдық өсім қарқыны 25,4 пайызды құрауы мүмкін дейді сарапшылар.

Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға интернет байланыстың жеделдеуі, түрлі смарт құрылғылардың кеңінен таралуы, сондай-ақ орта тап үлесінің көбеюі аймақтағы электронды коммерция индустриясын дамытуға сеп болып жатыр. Енді бес елдің бұл салада біріге қызмет етуі аталған бағыттың одан әрі қарқын алуына көмектеспек.

Конференцияға қатысушылар әріп­тес­терімен білім алмасуға, мемле­кет­тік-жекеменшік ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын зерттеуге, шешуді қажет ететін негізгі ұлттық саясаттар мен ережелерді анықтауға және Орталық Азиядағы сауда ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдарын талқылауға мүмкіндік алды.

Конференцияның маңызды жаңа­лығы – қолөнершілер мүмкіндігін одан әрі кеңейту үшін NOVICA атты хабты іске қосты. Аталған хаб Орталық Азия қолөнершілеріне онлайн сатудың жаңа арналарын ұсынады. Сол арқылы шеберлер бүкіл әлем бойынша халықаралық деңгейде өз өнімдерін сатылымға шы­ғара алады. Екі күндік сапар кезінде қаты­сушылар жергілікті тапсырыс­тар­ды орындау орталықтарына барып, әлемдік электронды коммерция нарығындағы алпауыт елге айналып отырған БАӘ-нің электронды сауда нарығының жетістіктерімен танысты. Қазір БАӘ – Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі елдерінің ішінде электронды коммерция бойынша көшбасшы саналады. Сонымен қатар онлайн сатып алушылардың 60 пайыздан астамы Дубайда.

ЕО-ның БАӘ-дегі елшісі Андреа Маттео Фонтананың айтуынша, эконо­микалық өсім мен сауда көлемінің артуы үшін электронды коммерция тамаша мүмкіндік саналады.

Айта кетейік, «Ready4Trade Орталық Азия» – ЕО қаржыландыратын, Халық­аралық сауда орталығы жүзеге асыратын төртжылдық жоба. Жобаның мақсаты – ОА бес елінде аймақішілік және халықаралық сауданы дамыту арқылы Орталық Азияның жалпы тұрақты және инклюзивті экономикалық дамуына үлес қосу. «Ready4Trade Орталық Азия» жобасының бенефициары – Үкімет, шағын және орта кәсіпкерліктер.

Мамандар Қазақстандағы онлайн сауданың көлемі де, деңгейі де өсіп келе жатыр деген пікірде және мұны нақты цифрлармен растайды. Қазір жалпы саудадағы онлайн сауда үлесі шамамен 15 пайызға жеткен. Euromonitor International компаниясының дерегі бойын­ша, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстандағы электронды сауда көлемі 20,2 пайызға, 1,3 трлн теңгеге өсті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 220,1 млрд теңгеге көп. Ірі тауар топтарының бірде-бірі минус динамикасын көрсетпеген. Ел тұрғындары интернет арқылы сатып алуды біртіндеп ұлғайтып келеді. Былтыр онлайн сатылымдағы басым үлесті фэшн-сегмент (32,4 пайыз) иеленген. Азаматтар интернеттен киім, аяқкиім, түрлі аксессуар сатып алу үшін 423,9 млрд теңге (+17 пайыз) жұмсаған. Екінші орында – 27,1 пайызды құраған тұрмыстық техника мен электроника. Үштікте – 355 млрд теңгеге сатылған жоғары технологиялық тауарлар тұр (11,6 пайыз).

PwC компаниясы сарапшыларының бағалауынша, елдегі бөлшек электронды сауданың 83 пайызын маркетплейс еншілейді. Оның көшін Kaspi.kz бастайды. Компанияның жария есебіндегі дерек бойынша осы онлайн платформаның былтырғы қаңтар-қыркүйектегі таза табысы 36 пайызға өсіп, 422 млрд теңге болған. Платформаның белсен­ді тұ­тыну­шылары 2021 жылмен салыс­тыр­­ғанда 8 есе артқан. Екінші орында – Alibaba Group. Ресейлік Wildberries үшінші орында. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, былтыр 9 айда бұл компанияның сатылым көлемі 92,4 млрд теңгеден асып түскен.

Euromonitor International сарапшы­ларының айтуынша, 2023 жылы жаһан­дық электронды сауда нарығының айна­лымы 10 трлн долларға жетеді. Бұл сегмент дамуды қарқынды түрде жалғастырады және түрлене түседі. Жаңа үрдістер пайда болмақ.