• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Елорда 31 Наурыз, 2023

Ораза кезінде дұрыс тамақтану жолдары қандай?

5737 рет
көрсетілді

№9 қалалық емхананың СӨС дәрігері Майра Рыспаева қасиетті Рамазан айында толыққанды дәрумендері бар тамақтану жолдарын атады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалыпты емес тамақ рационы, дұрыс жолмен тамақтанбау сіздің жұмыс өнімділігіңіздің төмендеуіне, тез шаршауыңызға әкеліп соғады. Дәрігер таңғы сәресінен бас тартпау қажеттігін басып айтты. Майра Сарбасқызы тағамда ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар болмаса, адам денсаулығына зиян екенін атап өтті.

«Ауызашар кезінде тамақ шамадан тыс көп болмауы керек, тағамды ысырап етпеңіз және артық тамақтанбаңыз. Таң сергек, жеңіл болуы үшін ұйқыға ауырлық сезіммен жатпаған дұрыс. Ұн мен қуырылған тағамдарды шектеу қажет. Ұзақ ашығудан кейін қуырылған тағам астың дұрыс қорытылмауына және асқазанды күйдіруге әкеп соғады. Ақуыз бен талшыққа бай тағамдарды пайдаланған дұрыс. Өзіңізді ойдағыдай сезіну үшін рационға көкөніс, ет, балық, дәндер мен жеміс-жидек қосылуы керек», деп атап өтті дәрігер.

Ауызашар уақытынан кейін денедегі сұйықтық деңгейін ұстап тұру үшін көбірек су ішу қажет. Майра Сарбасқызының айтуынша, су балансын сақтамасаңыз, дегидратация кезінде жүрек айну, бас айналу және әлсіздікке тап болу қаупі туындайды.

«Ораза уақытында жылдам көмірсуларды ұмытқан дұрыс. Олар қандағы глюкоза мөлшерін бірден арттырып, қарныңыздың тез ашығуына әкеледі. Тәтті тағамдар, кәмпиттер, күшті дәмдеуіштері қосылған секілді ағзаны тез шөлдететін тағамдардан бас тартыңыз», деді Майра Рыспаева.

Сондай-ақ тамақтан кейінгі аздаған белсенділік асқазан-ішек жолдарының жұмысына көмектесетінін еске саламыз.

«Күні бойы асқазан тыныштық жағдайында болады. Тағамды жақсы сіңіру үшін серуендеу – ең жақсы шешім. Ас ішкеннен соң бірден ұйқыға жатпаңыз және белсенді дене жаттығуын жасамаған жөн, бұл жүрек айнуы мен ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін», дейді дәрігер.

Ораза кезінде тамақтану жайлы кеңестер:

1. Ауызашарда негізгі тағамды тұтынуды сорпа мен салаттан кейін 1-2 сағаттан соң бастаңыз;2. Аз-аздан жиі тамақтанған жөн;3. Пайдалы майлар тойымдылық сезімін ұзартады. Рационда жаңғақтарға, сүт өнімдеріне және етке басымдық беріңіз;4. Суды жиірек ішіңіз. Тамақтану режимінің өзгеруіне байланысты ішек проблемалары пайда болуы мүмкін. Олардың алдын алу үшін диетаға көбірек клетчаткаға бай тағамдарды қосыңыз;5. Сәресіні жіберіп алмаңыз. Таңертеңгі тағамға айран, йогурт, жұмыртқа, ірімшік және дәнді нан сияқты жеңіл тағамдарды таңдауға болады. Сондай-ақ бұршақ сорпасы, йогурт, жемістер, кептірілген жемістер, ет кесектері бар көкөніс салаты болуы мүмкін;6. Газдалған шырындар, фастфуд секілді дәрумендер мен минералсыз тамақтан бас тарту;7. Тамақ дайындау әдісіне назар аударыңыз. Қайнатылған, пеште немесе буға пісірілген тағам біздің асқазанымызға анағұрлым пайдалы екенін ұмытпаңыз;8. Шөлдететін тағамдардан бас тарту. Мысалы, ұн өнімдері, тәтті кондитерлік өнімдер, ысталған, тұздалған, маринадталған өнімдер, т.б.;9. Рационыңызды көмірсулар, майлар мен ақуыздармен байытылған тағамдардан құрыңыз.