Тоғызқұмалақ – Ертіс-Баян өңірінде кеңінен таралған ойын. Әсіресе оқушылар арасында аса танымал. Жуықта Екібастұзда өткен турнирде 100-ден астам спортшы бас қосты.
Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің жүлдесі үшін жыл сайын тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылады. Әйтсе де, биылғы жарыстың жөні бөлек. Қазақстанның Құрметті журналисі, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің алғашқы редакторы Аманкелді Қаңтарбаевтың туғанына 80 жыл толуына орайластырылған додада Павлодар, Екібастұз қалаларынан, Ертіс, Баянауыл, Шарбақты, Май, Аққулы және Успен аудандарынан 100-ден астам жас ойыншы бақ сынады.
«Екібастұз дауысы» – ақпараттық орталығы» ЖШС «Отарқа» газетінің қызметкері, журналист Жассерік Жәлелұлы өмірден өткен ұстазы Аманкелді ағаның қоғамға сіңірген еңбегі, қайраткерлігі жайлы естелік айтып, тұлға сонау 1990-шы жылдары газет жүлдесі үшін турнир ұйымдастыруға бастамашы болғанын атап өтті. Содан бері аталған турнирді №1 БЖСМ жыл сайын өткізіп жүр. Бұл жолғы жарысқа Қаңтарбаевтар әулеті мен «Екібастұз дауысы» – ақпараттық орталығы» ЖШС демеуші болып отыр.
Бір қызығы, дәстүрлі доданың алғашқы жылдарғы турнирлеріне оқушы шағында қатысқан Ардақ Қанапашев пен Ақан Файзолла бүгінде есейген, жарысқа төрешілік етіп жүр. Екібастұздағы №1 БЖСМ-де тоғызқұмалақ жаттықтырушысы ретінде шәкірттерін даярлап жатыр. А.Қанапашевтың шәкірті Жәмила Баялдашева былтыр әлем чемпионатында рапидтен чемпион атанып, бұл үшін ұстазына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.
Павлодар облыстық Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Арыстан Қапаев ұлттық ойынның серпінді дамуына мұндай турнирлердің зор үлес қосатынын атап өтіп, бәсекені облыстық жарысқа айналдыруға қолдау көрсететінін айтты.
Дода 9, 11 және 13 жастағы ұлдар мен қыздар арасында рапид түрінен ұйымдастырылып, әр жерден келген мықтылар жарыстың көрігін қыздырды. Ұлдар арасында екі- бастұздықтар Асанәлі Серіков пен Әмір Наурызғали және Павлодар қаласынан келген Арнат Қайриденов жеңімпаз атанса, қыздардан екібастұздық Ясмина Маданиятова мен Мәдина Сейітқазинованың, тағы бір павлодарлық Ясмина Қапсалямованың бағы жанды.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы