• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әлем 03 Сәуір, 2023

Turkiy adabiyot durdonalari

379 рет
көрсетілді

Turkiy adabiyot durdonalari – бұл түркі әдебиетінің жауһарлары деген сөз. Осындай атаумен Өзбекстанда жарық көрген 100 том­дық антологияның 10 томы қазақ әдебиетіне арналған.

Жер бетіне тарыдай шашылған түркі жұрты­ның басынан небір нәубет заман өткендігі белгілі. Бірақ оларды қай уақытта да ортақ мәдениет, түбірі бір тіл мен діл біріктіретіні сөзсіз. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бүкіл түркі баласының жоғын жоқтап, барын ертеңгі ұрпаққа аманаттау  бағытында түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырып, жер-жаһанға түркі мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін таныстыруға мұрындық болып келеді. Осы ұйымның жетекшілігімен Анкара қаласында Түркі елдері жазушылар одағы құрылған болатын. Жақында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Өзбекстан Мәдениет, спорт және туризм министрлігі, Жазушылар одағы және Науаи уәлаяты әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жыр жауһары» атты халықаралық фестиваль өтті. Түркі елдері қаламгерлері  бас қос­қан алқалы жиын ұлы ақын Науаидың шығар­машылығына арнал­ды. Жауһар жырлар жазып, атын алтын әріптермен әлемдік әдебиет тарихына жазып кеткен данышпан Науаидың есімімен аталатын шаһар түркі жұртының мәдениетін асқақтатып,  болашақ жоспарларды кеңескен кемел қалаға айналды.

Біз Ташкент халықаралық әуежайына қонғанда, ауа райының да, бізді күтіп алушылардың да жүзі жылы болды. Ор­та Азия төсіндегі осы бір тынымсыз ша­һар­дың кешкі тіршілігі сырттан келген адам­ға өзгеше бір сезім сыйлайтындай. Біз қонақүйге жеткенде, есік алдында қазір­гі түркі әлемінің абызы, Әзербайжан Жазу­шылар одағының төрағасы, жазушы Анар Рзаевпен кездестік. Ол кісі біздің алды­мызда ғана Бакуден ұшып келіпті. Аман­дастық, Қазақстаннан келгенімізді, «Ақ жалау» деген кітабын оқығанымызды айт­тық, жылы күлімсіреді де, алғысын жеткізді.

Таңғы астан соң, теміржол вокзалына қарай жолға шықтық. Қасымда отырған Қырғызстан Жазушылар одағының төраға­сы, ақын Нұрланбек Қалыбеков сөзді Мағжан Жұмабаевтан бастады. «Түр­кі әлемінде қазірге дейін Мағжандай рух­ты ақын туған жоқ, оның өлеңдері сол кезде тек қазақ даласын ғана емес, бүкіл түркі топырағын тербетіп тұрды. Мен Мағжанды қайталап оқи беруден жалық­паймын, «қараңғылықтың көгіне күн болып сонда мен шықсам!» деу Мағжанның ғана қаламынан туатын жыр» деген жылы лебізімен көңілімізді бір көтеріп тастады.

Ташкент шаһарынан шыққан пойыз Науаи қаласын бетке алып, жүйткіп барады. Екі вагон ақын-жазушыны тиеп алған отарба межелі жерге дейін үш сағат жүреді. Бұндайда әңгіме ғана жол қыс­қартады емес пе? Анадайда отырған Баш­құр­тстан Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Аигиз Баймұқаметовті сөзге тарт­тық. Ол жас болса да, іскер, ізденгіш жігіт, жақында ғана Жазушылар одағына төраға болып сайланған-ды. «300 мүшесі бар одақты басқару қиын емес» деп әзілде­ген ол, сөз арасында башқұрт тілінде сөйлей­тіндердің азайып бара жатқанын, тіпті мектептерде башқұрт тілі таңдаулы пән екенін айтты да, терезеге қарап, мұңайған қалып танытты. Жер бетіндегі қай халық туған тілі үшін жанталаспайды дейсіз, Аигиз бауырымыздың да бұл сөзінде сондай астарлы да салмақты ой жатқанын сезіндік.

Қаламгерлер өзара әңгіме-дүкен құрып, Науаи шаһарына қалай жеткендерін де білмей қалды. «Құш кепсіз, Науаи шаһарына келдік» деген сөз естілісімен сыртқа қарай беттедік. Кенет дала азан-қазан болды да кетті. Сөйтсек, Науаи уәлаятының әкімі Нормат Тұрсынов өзі бастап меймандарды ұлттық ансамбльмен қарсы алып тұр екен. Өзбекше музыка, жылы амандасу, күлімсіреген жүздер алдағы сапарымыздың сәтті болатынын аңғартып тұрған­дай. Көп уақыт өтпей «Жыр жауһа­ры» фестивалінің ашылу салтанаты басталды. Ең алдымен сөз алған Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, халық ақыны Сирожиддин Саййид аталған іс-шараны бастамас бұрын Түркиядағы жойқын зілзала құрбандарының рухына бір минут үнсіздік жариялап, еске алуды өтінді. Ол сөзінде «Жыр жауһары» фестивалінің ұлы Науаидың атымен аталған топырақта өтуінің маңызы аса зор екенін, тілі бір, діні бір түркітілдес елдер қаламгерлерінің бір-бірімен танысып, білісіп, шығармашылық әлем­де ортақ ойды орнықтырудың қазіргі қоғам үшін аса қажет екенін жеткізді.

Қырғызстанның халық жазушысы, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде Әлішер Науаидың күллі түркі дүниесінің данышпаны, түрік тілінің реформаторы, осы тіл жүйесінің дамуына айырықша үлес қосқан тұлға екенін айта келе, «бәріміз ұлы Науаидың тұяғымыз» деп жиылған жұртты бір тебі­рентіп тастады. «Жақында біз Түркі елдері Жазушылар одағын құрдық. Себебі осыған дейін түркі халықтары қаламгерлерінің басын біріктірген ұйым болған жоқ. Біз осы ұйым арқылы әдебиетімізді, мәде­­ние­тімізді өзге жұртқа кеңінен таныс­тыра­мыз. Жазушылар біріксе, әдебиет бірігеді, әдебиет біріксе, мәдениет бірігеді, мәдениет біріксе, өлке бірігеді, өлке біріксе, бір туған халықтар бірігеді. Әр мәдениеттің үзігі – әдебиет. Сол үшін де біз Түркі елдері Жазушылар одағының алғашқы жиынын Әлішер Науаидың атымен аталатын мекенде өткізіп жатырмыз. Бұдан соң да түркі дүниесінің басын біріктіретін ауқымды іс-шараларда кездесе берейік», деді Сұлтан Раев.

Одан кейінгі сөзді Қазақстан Жазушы­лар одағының, Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет алды. Ол Анкарада өткен алқалы жиында Түркі ел­де­­рі Жазушылар одағының төрағасы болып сайланған болатын. «Түркінің тілін төрлеткен, өзбектің елін өрлеткен Науаи бабамыздың атындағы шаһардың халқымен жүздескенімізге қуаныштымыз. Науаи – Абай атамыздың ұстазы. Бұл түбі бір түркілердің қазірге дейін жеткен телегей теңіз білімі, дәстүрі мен са­л­ты, философиясы көктен түскен жоқ, бабамыз Науаи туындыларының арқа­сында бізге жеткен. Тарыдай шашылып кеткен түркі халықтарының ұрпағы есін жиып, етегін жинап, бірін-бірі тауып жатқаны, ТҮРКСОЙ ұйымының құрылып, біздің жоғалтқан дүниелерімізді түгендеп жатқаны біздің көңілімізге медет» деген ізгі тілегін білдірді Ұ.Есдәулет.

«Фарход» сарайында өткен концерт аясында Анар Рзаев Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің жарлығымен «Достық» орденімен марапатталды. Президенттің құттықтау хатын Өзбекстан Президентінің мемлекет істері жөніндегі кеңесшісі Хайрдин Султанов жеткізді. «Отан рухы» деп аталатын концертте екі сағат бойы Отанға, елге, жерге, халыққа арналған мадақ жырлар мен әндерді тыңдадық. Өзбек ағайындарымыз ұлттық мемлекет құру жолында идеологияны мықтап ұстанатынын байқадық. Өмірден өткен және көзі тірі өзбектің классик ақындарының рухты жырларын нәшіне келтіріп оқыған жас ұрпақ жаңа қадамға, баянды келешекке деген үмітін байқатқандай.

Келесі күні аталған форум аясында Түркі елдері Жазушылар одағының ал­ғашқы жиыны өтіп, өзекті мәселелер талқыланып, туысқан халықтардың Жазу­шылар одағының төрағалары ортақ мәмі­леге келді. Фестивальге түркі елдері Жазу­­шылар одағын құрған тәуелсіз 6 мем­­­­лекеттің қаламгерлер ұйымдары бас­шы­­ла­рымен қатар, Түрік елінен 3 ұйым, Татарстан, Башқұртстан елдерінің Жазу­шылар одағы басшылары, ұлы Науаи жыр­ларының әр елден келген аудармашылары және Өзбекстанның халық ақындары Махмұт Тайыр, Ғұсман Қари, Қазақстан, Қарақалпақстан қаламгерлері қатысты. Өзбектің көрнекті ақыны Мұхамет Әли жүргізген «Жыр жауһары» мүшәйрасында әр елден келген ақындар бірінен соң бірі лек-легімен өлең оқып, поэзияның құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Науаи жырларын өзге тілге аударғандар ішінде қырық жылдан бері үздіксіз еңбек­те­ніп келе жатқан қазақ ақыны Несіпбек Айтұлының есімін ерекше атауға болады. Оның тәржімасымен ұлы ақынның «Хам­са», «Ескендір қорғаны», «Фархат-Шы­рын», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары қазақ­ша сөйледі. Ақынның бұл еңбегін ескерген өзбек жұрты өте ризашылық танытты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған Науаидың «Хамса» атты еңбегіне жазған алғы сөзінде «Мәуелі бәйтерек сынды Науаи мен Абайдың асыл мұрасы еншісі ортақ екі елді жақындастыратын бірегей рәміз қызметін атқарып келді. Ұлы ақын Абайдың ұстазы болған Әлішер Науаи классикалық поэзияның сан алуан үлгілерін ел игілігіне айналдырып, күллі түр­кі әлемінің жарық жұлдызы атанды» деп ұлы ақын шығармашылығына өз баға­­сын берген еді. Еңбегі еленген ақын Несіп­бек Айтұлына Науаи қаласының әкімі Мұрат Егемқұлов «Науаи қаласының құр­мет­ті азаматы» атағын және «Өзбекстан Жазу­шылар одағының құрметті мүшесі» куәлігін берді.

Осы іс-шарада көңіл аударатын тағы бір маңызды шаруаның бірі – Өзбек елінде жарық көрген 100 томдық «Turkiy adabiyot durdonalari» атты түркі әлемінің әдеби антологиясы. Аталған еңбектің таныстырылымы Өзбекстан Жазушылар одағы кітапханасында өтті. Бұл 100 томдық Президент Шавкат Мирзиёевтің тікелей қолдауымен жарық көріпті.

Өзбекстан Президенті әдебиет пен мәдениетке ерекше назар аударып, оған қатысты шаруаға ерекше қолдау біл­діріп отырады екен. Соның бір айғағы – Өзбекстан Жазушылар одағын өз қамқор­лығына алып, Ұлттық саябақтың қақ ортасынан жаңа ғимарат салып бергені болмақ. Саябақтың бір шетінен қаламгерлер аллеясын ашып, өзбек әдебиетінің көрнек­ті өкілдері Науаи мен Бабырдан бас­тап, Абдулла Арипов пен Еркін Вахи­довке дейін 25 классик қаламгерге, ұлы тұлғаларына еңселі ескерткіштер ор­нат­­­қаны ел басшысының өнерге деген шексіз құрметі деп түсіндік. Сондай-ақ өзбек әдебиетін дамыту мақсатында Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті уни­верситеті бүгінде ел игілігіне қызмет етіп келеді. Ондағы көркем аударма факультеті өзбек әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға еңбек ететін тәржімашылар даярлайды. Ал Жазушылар одағы жанынан «Ижод» («Шығармашылық») атты Қор құрып, өзбек қаламгерлерінің кітаптарын басып шығаруға, шет тілдеріне аударуға жыл сайын қаржы құйып отыратынын естіп, сүйіндік. Ал әдеби газет-журналдарды қаржыландыру мәселесін ұлттық компанияларға жүктепті. Бір қуантарлығы, жас қаламгерлерге арнап көппәтерлі үй мен жатақхана салыныпты. «Міне, Мир­зиёевтің әдебиетке қамқорлығы осын­­дай!», деді Өзбекстан Жазушылар ода­ғы­­ның төрағасы Сирожиддин Саййид риза көңілмен. Бұл да біз үшін тәжірибе боларлықтай іс екен деген ой түйдік.

Түркі әлемінің әдеби антологиясының 10 томы қазіргі қазақ әдебиетіне арналыпты, оның ішінде 80-81 томдар – поэ­зия мен проза антологиясы. Бұл да болса, әдебиетіміздің туысқан елдерге жаңа қы­­ры­нан таныстырылуының бастауы болмақ.

Осылай бес күн бойы ала тақиялы ағайынның дастарханынан дәм татып, суын ішіп, ұлы Науаи рухына тағзым етіп қайттық. Көз алдымызда «Құш кепсіз» деп қошемет көрсетіп тұрған ақ көңіл де қонақжай өзбек ағайынның бейнесі қалып қойды. Мүмкін ол мекенге әлі талай баратын шығармыз.

 

Астана-Ташкент-Науаи-Нұрата-Астана