17 наурызда тасқын судың жоғары қысымы мен Ойыл өзені деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Ойыл ауданы Қаратал ауылының айналасындағы топырақтан қорғаныш үшін жасалған үйінді қысымға төтеп бере алмады. Соның салдарынан жағалауды су шайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елді мекенді су басу қаупіне байланысты тұрғындар Қаратал ауылдық мектебіне алдын ала көшіріліп, су шайған жағалаудағы аумақты қалпына келтіру шаралары жүргізілді. 17 наурызда Ойыл ауданы әкімдігінің қаулысымен табиғи апатқа байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
«Шұғыл қолға алынған шаралардың арқасында су деңгейі төмендеді, эвакуацияланған адамдардың сол күні-ақ үйлеріне оралуына мүмкіндік туды. Қазір су тасқынынан болған залалды бағалау жөніндегі комиссия үйлер мен аула аумақтарын тексеруді жалғастырып жатыр. Бірде-бір отбасы көмексіз қалмайтынына сендіргім келеді», деді облыс әкімі.
Ауыл тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында Қараталда комиссия жұмысы аяқталмағанына қарамастан, 11 отбасыға 500 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді. Комиссия барлық ғимарат пен құрылысты тексергеннен кейін келтірілген шығын көлемін сарапшылардың қорытындысына сәйкес зардап шеккендерге толық өтеп береді.