• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Басылым 04 Сәуір, 2023

Әр адам – өмір дәптері

678 рет
көрсетілді

Жан-жағына жылылық пен мейірім шуағын шашып жүретін жандар болады. Айналасына бір-ақ ауыз жүрекжарды сөзімен сыйлы болып, құрметке бөленіп жүретін азаматтар да кездеседі. Халқымызда «Айналайын», «Айнам» деген жүрекке нұр құятын сөздер бар. Жақыныңа ғана емес, бір көрген жатқа айтсаң да бұл сөздер адам көңіліне ерекше бір жылымық әкеледі.

«Алтыным» деген әдемі де әдепті сөзімен талай оқырманының жүрегіне жол тапқан Әкім аға Ысқақ сондай жан. «Алтыным! Ең үлкен байлық – Адам. Ең керемет сыйлық – көңіл. Адамыңды құрметте, көңіліңді кір­лет­пе!» Дәл осы сөздер өмірінің ұра­нындай ақынның. Әр оқырманы мен тілекшісінің көңіл терезесіне үңілу жазушының ұлағатты ісіндей болып кеткен.

Өткенде ақын аға «Адам – өмір дәптерін» сыйға тартты. Бір деммен оқып шықтым. Әкенің ұлына жаз­ған өсиет-кітабы кез келген адам­ды ізгілікке жетелеп, адалдық пен әдеп­тілікке бастайды. Әркім өз әкесімен тіл қатысқандай, сыр ақтарғандай күй кешері анық. Асқар тауыңды енді ғана танығандай, нағыз бет-бейнесін, ақыл-парасатын енді түсінгендей түлейсің.

Атасының өсиетімен өскен Әкім аға: «Басыма түскен сын сәттерде ата аманатына жүгіндім. Дем бер­ді, алға сүйреді. Өзі өмірден өтсе де, сөзі жадымда жаңғырып, әлі күнге дейін менімен өмір сүріп келеді. Өсиет сөздері ғана емес, көзі тірісінде өмірлік тағылым берген сабақтары да аз емес», дейді. Осылайша, ата аманатын ұрпағына жеткізуді перзент­тік парызы санаған автор «сол сүр­лемді жолдың ізімен өз ұрпағына сөз қалдырған» екен. Жеке бастың қол жеткізген нәпақасымен өлшеп, тұр­мыстық жағдайдың дәрежесімен таразыламайды әкелік аманатын. Кең тыныспен, әлемге үн қатқандай сабырлы қалпымен сыр шертеді. «Алтыным», «Ұлым» деп басталатын әке өсиеті шындап келгенде әрбір ата-ананың өз ұл-қызына айтар аманаты – ақылы, тілегі мен үміті, артар сенімі мен ақтарар жан сыры іспетті.

«Адам – өмір дәптері» – Әкім Ысқақтың ұлы Мұхтарға жазған 37 хат-сырынан құралған кітап. Отыз жеті хаттың әрбір сөзінен әкелік үл­кен қамқорлық, әкелік тілек пен арман тұнып тұрғанын аңғару қиын емес. Әр хатты оқыған сайын ата мен немере арасындағы ерекше бір мейі­рімді, әке мен ұл арасындағы терең түсіністікті, ұл мен әкенің бір-біріне деген құрметінің құны шексіз екенін аңғарасың.

Ұлына хат жаза отырып, ұрпаққа тәрбие берер сөз айтқан ақын: «Ұлым! Өмірде ең жақының – ата-анаң, атаң, әжең. Достарың да қымбат екенін білемін. Сан түрлі тағдыр толқынында олар өзгеруі де мүмкін. Жаныңда тек адалдары ғана қалады. Ал сенің жанашырың ретінде қандай жағдайда да ата-анаң ешқашан да өзгермейді. Өмір сен ойлағандай бола бермейтіні де ақиқат. Сон­дықтан «өмір дегеніміз – кү­рес» деп бекер айтылмай­ды. Бұл арман, адалдық, на­мыс үшін күрес ғұмыр бойы жал­­ғасады», деген ұлағатты ойын жеткізеді.

Рас, әкенің перзентіне айтары таусылмайды. Бірақ әр әке оның бәрін әртүрлі жет­кізеді. Бірі – сөзбен, енді бірі – ісімен. Тіпті айтарын мүлде жеткізе алмайтындар да жетерлік. Әкім ағаша айтсақ, «Балалары есейген соң әке­лік ниет іште жалындап тұрғанымен сыртқа шығара бермейтіндер» де баршылық. Автордың айтқанына сү­йенсек, «Өмірден түйген ойын қал­­дыра білу – адамдығыңның бір бел­гісі емес пе?!» Ал ақынжанды әке­нің мақсаты – «жүрекке жететін, мәңгілік қалатын сөз жазу». Сол үшін де ол «жан дүниесіндегі сырларды, көкейіндегі ойларды ақ параққа сеніп тапсырады».

Қазақта «тегіне тартқан» деген кесімді сөз бар. Әсіресе ұлдың бойын­дағы жақсы-жаманды қасиеттерін байқаса, оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді. «Тегіне тартқан екен», дейді. Жақсылығын айтса – мақтағаны, жамандығын байқаса – кемдігін бетіне басқаны. Ал перзент үшін, оның ішінде ер бала үшін әкенің орны бөлек. Өйткені әкенің перзентіне қалдырар ең үлкен мұрасы – жақсы тәрбиесі ғана. Мал-мүлкі, жиған-тергені, абырой-беделі ұлға өмірлік азық бола алмайды. Атадан ақ бата алған, әке мектебінен өткен бала сол аманатқа қиянат жасамауға тырысады. Сол себепті де халқымыз, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды», дейді.

Ал Әкім ағаның ұлы Мұхтарға аманаттаған мұрасы не дейсіз бе?! Ол мұрасы – әкенің «Жүректен шық­қан жеті сөзі», «Өзінің өзіне сабақ­тары» мен «Ота алдындағы ойлары». Кітаптың өн бойындағы әкенің ақы­лы – қарапайым адам құндылықтары – үлкенді сыйлау, ананы құрметтеу, жақсыдан түңілмеу, тамырыңнан ажырамау, жақыныңды жат санамау, туған жерді қадірлеу, Отанды сатпау. Сосын кітабының тұмары болған мына сөздер.

«Адам – өмір дәптері.

Қолмен жазуың маңызды емес, шынайы жүрекпен жазуың маңызды.

Қолтаңбаңның қағазда қалуы ма­ңызды емес, өмірлік қалдырар сөзің мен ісің маңызды.

Жұрт алдында сөйлеуің маңызды емес, берген уәдеңді, адамдық борышты орындауың маңызды.

Әйтеуір бықсып тірлік жасау емес, оттай жана білуің, өзіңе керектіні таба білеуің, өмірде қала білуің маңызды.

Балам, хат жазу да маңызды емес, өсиетімді есте сақтауың, оны ұрпаққа жеткізуің маңызды.

Міне, осы саған аманат!».

Әке – әрқашан ұлға таяныш. Сон­­дықтан да болар анадан мейірім күтер баланың әкеден сүйеу іздейтіні, қорған табатыны. Сол себепті де бо­лар ұлын ізгілік пен ізеттілікке, мейі­рім мен адалдыққа баули отырып әке Әкім: «Алтыным, әйтеуір әлсіз болма! Әлсіздер ғана көңіл күйі жоқ­та жақынына қатты сөз айтып, тұн­жырап, салқын қабақ танытады. Мықтылар ғана қай уақытта да өзіне қымбат жанын зор құрметпен қарсы алып, күндей күлімдеп жарқырап тұрады.

Сенің әлсіз болуға хақың жоқ! Өйт­кені сенің адамнан, жақыныңнан артық әлемде байлық та жоқ!», деп түйсіксіз жанның өзіне тың сезім мен сенім ұялатар сөз айтатыны.

Әр ойын өмірдің өзінен алын­ған мысалмен нақтылап, әдемі де әсерлі естеліктерімен әспеттеп, айтар сыр-пікірін аңыз-әңгімелермен айшықтап берген автор: «Жүріп өткен жолыңда аяқ астында тас жатса, өзің сүрінбесең де алып таста. Сенен кейін жүргендер зәбір шекпесін» деуші еді бұрыңғылар» деп, өмірдің ащы-тұщысын көрген үлкендердің де ұлағатын орайын тауып ұсынып отырады.

Сапар шеккен елдердің тағылым­ға толы мақал-мәтелдерін теңізден мар­жан сүзгендей іріктеп алып, бел­гілі тұлғалардың сөздерін жиып-те­ріп беруі де әкелік қамқорлықтың бір үлгісіндей екен. Ал ақынның өзі­нің ғана емес, ұлының да өмірлік бой­тұмарына айналған сөзі – «Бәрі де жақсы болады!». Әр хаттың түйініндей болған қысқа қайырымдары да құрғақ кеңеске құрылмаған, ой салады, ойлантады. Бір ғана сөз – «Адам бо­луың – жүрегіңдегі гүлді солдырмай, тоңдырмай алып жүруің. Ал бақытты адам болуың – сол гүлді құлпырта, жайната білуің!». Түйіні де осында – «Көңіліндегі күнді жоғалтқан адам сұлулығын да жоғалтады».

Ал сіз адамдық гүлдің жай­­қал­ғанын көре алдыңыз ба? Біз өзі өмір­­­дің әр сәтіне қуана аламыз ба? Арай­­лап атқан әр таңды күлімдеп, ақ тілек­пен қарсы аламыз ба? Адамға сән беретін қасиеттер қайсы? Қайта-қай­та жасаған өз қателігімізді тез кеші­реміз, ал өзгенің қателігін ше? Сізге өмір екінші рет берілсе, не істер едіңіз? Пендешілік тұрғыдан келгенде «Өмір дәптерде» қойылатын осы сұрақтардың көбіне жауап бере алмай, кібіртіктеп қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені көбіміз атаның аманатын арқалай алған жоқпыз, әкенің тәлімінен шөліміз қанғанша сусындап, мейіріміне қанып, бір-бірімізге қуаныш сыйлар ізгі тілек, жылы сөз айтпадық...

ТҮЙІН. Рас, әр адамның өзінің өмір дәптері болады. Ол дәптерді кім қалай, немен толтырады – әр пенденің пешенесіне жазылған дүние. Бірінікі қателікке толы шимай-шатпақ болуы мүмкін. Енді бірінің қойын дәптері өзіне құнды болғанымен елге қажетсіз. Көрінген жерде жазылып, жыртылып, жарамсыз болып қалатын жазба-жапырақтар да жетерлік. Әркімнің өз өмірінен үзіліп түсер жапырақ-жазбалары бар. Ал сіздің өмір дәптеріңізде не жазылған? Ұрпағыңа айтар аманатыңыз қандай? Ұл-қызыңызға қалдырар мұраңыз не?