Жан-жағына жылылық пен мейірім шуағын шашып жүретін жандар болады. Айналасына бір-ақ ауыз жүрекжарды сөзімен сыйлы болып, құрметке бөленіп жүретін азаматтар да кездеседі. Халқымызда «Айналайын», «Айнам» деген жүрекке нұр құятын сөздер бар. Жақыныңа ғана емес, бір көрген жатқа айтсаң да бұл сөздер адам көңіліне ерекше бір жылымық әкеледі.
«Алтыным» деген әдемі де әдепті сөзімен талай оқырманының жүрегіне жол тапқан Әкім аға Ысқақ сондай жан. «Алтыным! Ең үлкен байлық – Адам. Ең керемет сыйлық – көңіл. Адамыңды құрметте, көңіліңді кірлетпе!» Дәл осы сөздер өмірінің ұранындай ақынның. Әр оқырманы мен тілекшісінің көңіл терезесіне үңілу жазушының ұлағатты ісіндей болып кеткен.
Өткенде ақын аға «Адам – өмір дәптерін» сыйға тартты. Бір деммен оқып шықтым. Әкенің ұлына жазған өсиет-кітабы кез келген адамды ізгілікке жетелеп, адалдық пен әдептілікке бастайды. Әркім өз әкесімен тіл қатысқандай, сыр ақтарғандай күй кешері анық. Асқар тауыңды енді ғана танығандай, нағыз бет-бейнесін, ақыл-парасатын енді түсінгендей түлейсің.
Атасының өсиетімен өскен Әкім аға: «Басыма түскен сын сәттерде ата аманатына жүгіндім. Дем берді, алға сүйреді. Өзі өмірден өтсе де, сөзі жадымда жаңғырып, әлі күнге дейін менімен өмір сүріп келеді. Өсиет сөздері ғана емес, көзі тірісінде өмірлік тағылым берген сабақтары да аз емес», дейді. Осылайша, ата аманатын ұрпағына жеткізуді перзенттік парызы санаған автор «сол сүрлемді жолдың ізімен өз ұрпағына сөз қалдырған» екен. Жеке бастың қол жеткізген нәпақасымен өлшеп, тұрмыстық жағдайдың дәрежесімен таразыламайды әкелік аманатын. Кең тыныспен, әлемге үн қатқандай сабырлы қалпымен сыр шертеді. «Алтыным», «Ұлым» деп басталатын әке өсиеті шындап келгенде әрбір ата-ананың өз ұл-қызына айтар аманаты – ақылы, тілегі мен үміті, артар сенімі мен ақтарар жан сыры іспетті.
«Адам – өмір дәптері» – Әкім Ысқақтың ұлы Мұхтарға жазған 37 хат-сырынан құралған кітап. Отыз жеті хаттың әрбір сөзінен әкелік үлкен қамқорлық, әкелік тілек пен арман тұнып тұрғанын аңғару қиын емес. Әр хатты оқыған сайын ата мен немере арасындағы ерекше бір мейірімді, әке мен ұл арасындағы терең түсіністікті, ұл мен әкенің бір-біріне деген құрметінің құны шексіз екенін аңғарасың.
Ұлына хат жаза отырып, ұрпаққа тәрбие берер сөз айтқан ақын: «Ұлым! Өмірде ең жақының – ата-анаң, атаң, әжең. Достарың да қымбат екенін білемін. Сан түрлі тағдыр толқынында олар өзгеруі де мүмкін. Жаныңда тек адалдары ғана қалады. Ал сенің жанашырың ретінде қандай жағдайда да ата-анаң ешқашан да өзгермейді. Өмір сен ойлағандай бола бермейтіні де ақиқат. Сондықтан «өмір дегеніміз – күрес» деп бекер айтылмайды. Бұл арман, адалдық, намыс үшін күрес ғұмыр бойы жалғасады», деген ұлағатты ойын жеткізеді.
Рас, әкенің перзентіне айтары таусылмайды. Бірақ әр әке оның бәрін әртүрлі жеткізеді. Бірі – сөзбен, енді бірі – ісімен. Тіпті айтарын мүлде жеткізе алмайтындар да жетерлік. Әкім ағаша айтсақ, «Балалары есейген соң әкелік ниет іште жалындап тұрғанымен сыртқа шығара бермейтіндер» де баршылық. Автордың айтқанына сүйенсек, «Өмірден түйген ойын қалдыра білу – адамдығыңның бір белгісі емес пе?!» Ал ақынжанды әкенің мақсаты – «жүрекке жететін, мәңгілік қалатын сөз жазу». Сол үшін де ол «жан дүниесіндегі сырларды, көкейіндегі ойларды ақ параққа сеніп тапсырады».
Қазақта «тегіне тартқан» деген кесімді сөз бар. Әсіресе ұлдың бойындағы жақсы-жаманды қасиеттерін байқаса, оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді. «Тегіне тартқан екен», дейді. Жақсылығын айтса – мақтағаны, жамандығын байқаса – кемдігін бетіне басқаны. Ал перзент үшін, оның ішінде ер бала үшін әкенің орны бөлек. Өйткені әкенің перзентіне қалдырар ең үлкен мұрасы – жақсы тәрбиесі ғана. Мал-мүлкі, жиған-тергені, абырой-беделі ұлға өмірлік азық бола алмайды. Атадан ақ бата алған, әке мектебінен өткен бала сол аманатқа қиянат жасамауға тырысады. Сол себепті де халқымыз, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды», дейді.
Ал Әкім ағаның ұлы Мұхтарға аманаттаған мұрасы не дейсіз бе?! Ол мұрасы – әкенің «Жүректен шыққан жеті сөзі», «Өзінің өзіне сабақтары» мен «Ота алдындағы ойлары». Кітаптың өн бойындағы әкенің ақылы – қарапайым адам құндылықтары – үлкенді сыйлау, ананы құрметтеу, жақсыдан түңілмеу, тамырыңнан ажырамау, жақыныңды жат санамау, туған жерді қадірлеу, Отанды сатпау. Сосын кітабының тұмары болған мына сөздер.
«Адам – өмір дәптері.
Қолмен жазуың маңызды емес, шынайы жүрекпен жазуың маңызды.
Қолтаңбаңның қағазда қалуы маңызды емес, өмірлік қалдырар сөзің мен ісің маңызды.
Жұрт алдында сөйлеуің маңызды емес, берген уәдеңді, адамдық борышты орындауың маңызды.
Әйтеуір бықсып тірлік жасау емес, оттай жана білуің, өзіңе керектіні таба білеуің, өмірде қала білуің маңызды.
Балам, хат жазу да маңызды емес, өсиетімді есте сақтауың, оны ұрпаққа жеткізуің маңызды.
Міне, осы саған аманат!».
Әке – әрқашан ұлға таяныш. Сондықтан да болар анадан мейірім күтер баланың әкеден сүйеу іздейтіні, қорған табатыны. Сол себепті де болар ұлын ізгілік пен ізеттілікке, мейірім мен адалдыққа баули отырып әке Әкім: «Алтыным, әйтеуір әлсіз болма! Әлсіздер ғана көңіл күйі жоқта жақынына қатты сөз айтып, тұнжырап, салқын қабақ танытады. Мықтылар ғана қай уақытта да өзіне қымбат жанын зор құрметпен қарсы алып, күндей күлімдеп жарқырап тұрады.
Сенің әлсіз болуға хақың жоқ! Өйткені сенің адамнан, жақыныңнан артық әлемде байлық та жоқ!», деп түйсіксіз жанның өзіне тың сезім мен сенім ұялатар сөз айтатыны.
Әр ойын өмірдің өзінен алынған мысалмен нақтылап, әдемі де әсерлі естеліктерімен әспеттеп, айтар сыр-пікірін аңыз-әңгімелермен айшықтап берген автор: «Жүріп өткен жолыңда аяқ астында тас жатса, өзің сүрінбесең де алып таста. Сенен кейін жүргендер зәбір шекпесін» деуші еді бұрыңғылар» деп, өмірдің ащы-тұщысын көрген үлкендердің де ұлағатын орайын тауып ұсынып отырады.
Сапар шеккен елдердің тағылымға толы мақал-мәтелдерін теңізден маржан сүзгендей іріктеп алып, белгілі тұлғалардың сөздерін жиып-теріп беруі де әкелік қамқорлықтың бір үлгісіндей екен. Ал ақынның өзінің ғана емес, ұлының да өмірлік бойтұмарына айналған сөзі – «Бәрі де жақсы болады!». Әр хаттың түйініндей болған қысқа қайырымдары да құрғақ кеңеске құрылмаған, ой салады, ойлантады. Бір ғана сөз – «Адам болуың – жүрегіңдегі гүлді солдырмай, тоңдырмай алып жүруің. Ал бақытты адам болуың – сол гүлді құлпырта, жайната білуің!». Түйіні де осында – «Көңіліндегі күнді жоғалтқан адам сұлулығын да жоғалтады».
Ал сіз адамдық гүлдің жайқалғанын көре алдыңыз ба? Біз өзі өмірдің әр сәтіне қуана аламыз ба? Арайлап атқан әр таңды күлімдеп, ақ тілекпен қарсы аламыз ба? Адамға сән беретін қасиеттер қайсы? Қайта-қайта жасаған өз қателігімізді тез кешіреміз, ал өзгенің қателігін ше? Сізге өмір екінші рет берілсе, не істер едіңіз? Пендешілік тұрғыдан келгенде «Өмір дәптерде» қойылатын осы сұрақтардың көбіне жауап бере алмай, кібіртіктеп қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені көбіміз атаның аманатын арқалай алған жоқпыз, әкенің тәлімінен шөліміз қанғанша сусындап, мейіріміне қанып, бір-бірімізге қуаныш сыйлар ізгі тілек, жылы сөз айтпадық...
ТҮЙІН. Рас, әр адамның өзінің өмір дәптері болады. Ол дәптерді кім қалай, немен толтырады – әр пенденің пешенесіне жазылған дүние. Бірінікі қателікке толы шимай-шатпақ болуы мүмкін. Енді бірінің қойын дәптері өзіне құнды болғанымен елге қажетсіз. Көрінген жерде жазылып, жыртылып, жарамсыз болып қалатын жазба-жапырақтар да жетерлік. Әркімнің өз өмірінен үзіліп түсер жапырақ-жазбалары бар. Ал сіздің өмір дәптеріңізде не жазылған? Ұрпағыңа айтар аманатыңыз қандай? Ұл-қызыңызға қалдырар мұраңыз не?