Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интернеттегі алаяқтарға қатысты түрлі шаралар қабылдап жатыр.
Әдетте, алаяқтар бағдарламалық қамтылым арқылы ауыстырылатын нөмірлерді пайдаланады. Сондықтан былтыр байланыс операторлары телекоммуникация желілеріндегі рұқсат етілмеген әрекеттерді, оның ішінде алаяқтық әрекеттерді (антифрод жүйесі) болдырмау үшін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Мәселен, 2022 жылы аталған жүйенің нәтижесінде байланыс желілеріндегі ауысымдық нөмірлерден шамамен 18 млн шетелдік қоңырау бұғатталды, 2023 жыл басталғалы бұл көрсеткіш 8,5 млн қоңырауды құраған.
Сондай-ақ ведомство Ішкі істер министрлігімен және байланыс операторларымен бірлесіп, былтыр алаяқтық жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты ел тұрғындарының хабардарлығын арттыру жұмысын ұйымдастырып, ескерту сипатындағы SMS-хабарламаларды жіберіп отыруды қолға алды. Мәселен, «Кселл» АҚ алаяқтық нөмірлерді анықтау және бұғаттау, сондай-ақ келіп түсетін алаяқтық қоңырауларды шектеу жүйесін енгізді. Жүйенің тиімділігін арттыру және басқа мобильді операторларды нөмірлей отырып, қоңырауларды бұғаттау үшін «Мобайл Телеком-Сервис» және «КаР-Тел» серіктестіктерімен бірлесіп, қоңырау келіп түсетін нөмірді ауыстыру мәніне халықаралық трафикті өзара тексеру үшін интеграциялық орта енгізілді.
Қазір тіркелген байланыс операторларымен мобильді нөмірлерден қалалық нөмірлерге және қалалық нөмірлерден мобильді нөмірлерге ауыстыруды болдырмау бойынша шаралар пысықталып жатыр.
Сонымен қатар министрлік азаматтарды алаяқтардың құрбаны болмас үшін қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтауға шақырды. Яғни интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттің паролін ешкімге айтпау керек. «Дербес деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның қолданылу мерзімін, CVC/CVV-кодын (банк картасының артындағы үш сан, картаның түпнұсқалығын тексеру коды), код сөзін және қаражаттың қалдығын бейтаныс жандарға айтуға болмайды. Жасалған операцияны растау үшін SMS-кодты ешкімге көрсетпеген абзал», делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство елімізде ұрланған абоненттік құрылғылардың (ІІМ деректері) тізілімінде болуы үшін IMEI кодтарын тексерудің цифрлық сервисі құрылғанын, сондай-ақ https://imei.rfs.gov.kz сайтынан ұрлық үшін пайдаланылған телефондарды қайда тексеруге болатынын еске салды. Министрлік қызметінің бұл бағыттағы жұмысы тұрақты негізде жалғаса бермек.