• RUB:
    4.9
  • USD:
    443.72
  • EUR:
    482.28
Басты сайтқа өту
Құқық 05 Сәуір, 2023

Қашқын деген қара таңба

406 рет
көрсетілді

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қазіргі таңда қылмыс жасады деген күдікке іліккен 2,5 мыңнан астам адамға іздеу жарияланған екен. Жалпы, соңғы үш жылда елдегі қылмыстық қудалау органдары­ әртүрлі қылмыс жасады деген күдікпен 3 мыңнан астам адамды іздеуде.

Ал күні кеше «қашқындар» де­ген­ қара тізімді Алматы облы­сы­ полиция департаментінің бұ­рын­ғы бастығы, генерал-майор­ Серік Күдебаевтың аты-жөні то­лық­­­тырды. Генералдың қашып кет­кеніне қатысты дәл күлкі күні тара­ған ақпараттар қайғылы қаңтар қыр­ғынын әлі ұмыта қоймаған қара­ша­ халыққа оңай тимегені анық. Се­бе­бі Күдебаев «Қасіретті қаңтар» оқи­ғасына қатысты күдікті деп таны­лып, оның үстінен Қылмыстық ко­декстің екі бірдей бабы – 370-бап­ – «Қызметтегі әрекетсіздігі» және­ 362-бап – «Биліктегі немесе­ лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бо­йынша қылмыстық істер қозғалған еді.­ Сот процесі кезінде прокурорлар генерал Серік Күдебаевқа 9 жыл бас­ бостандығынан айыру жазасын сұ­рады. Алайда...

Алғашында бұқаралық ақпарат құ­рал­дары, кейіннен әлеуметтік же­лі­лерде Күдебаевтың шетелге қа­шып­ кеткені туралы ақпараттар тарай­ бастады. Ал күні кеше бұл алып­-қашпа әңгімені Жетісу облыс­тық­ соты растап берді.

Талдықорған қалалық сотының бас­­пасөз қызметінің хабарлауынша, үкім­ жариялау алдындағы соңғы сөз сөй­леуге тиіс болған С.Күдебаев сот оты­­рысына ауруына байланысты кел­меген. Ал күдіктінің адвокаттары генералдың ауруханаға түскені туралы анықтама да берген екен.

«Осыған байланысты сот отырыстары кейінге қалдырылды. Осы ке­зеңде С.Күдебаевқа қатысты еш­қайда кетпеу және тиісті мінез-құ­лық туралы қолхат түріндегі бұл­тартпау шарасы қолданылған. Сот­ 2023 жылғы 30 наурызда Қыл­­мыстық-процестік кодекстің 157 ­және 355-баптарына сәйкес С.Кү­де­баевты 3 сәуір сағат 10:00-де жет­кізу туралы қаулы шығарды. Қау­лы­ны орындау кезінде прокурор С.Күде­баевтың елден кеткені туралы мәлі­мет­ берді.

Прокурордың өтініш хаты не­гі­­­зінде сотталушының басқа ел­дер­­­г­е одан әрі көшуін болдырмау­ және оның орналасқан жерін анық­тау­ мақсатында судья сотталушы­ С.Күдебаевты халықаралық із­дес­ті­руге жариялау және бұлтартпау ша­ра­сын «қамауда ұстауға» өзгерту тура­лы қаулы шығарды.

Бүгінгі күні Қылмыстық-про­цес­тік кодекстің 324-бабына сәйкес із­дестіру жариялануына байланыс­ты­ іс тоқтатылды. Іздестіруді қа­да­ғалауды жүзеге асыру үшін қыл­мыс­тық іс Жетісу облысының прокуратурасына жіберілді», делінген сот­тың ресми жауабында.

Айта кетейік, Серік Күдебаевтың қаш­қаны туралы «сенімді көздерге» сіл­­теме жасай отырып ақпарат тарат­қандар күдіктінің Қырғызстан арқы­лы Өзбекстан шекарасына өтіп, сол жақ­та чартермен Солтүстік Кипрге, енді­ бірі Түркияға ұшып кеткенін де­ жазған еді. Алайда еліміздің Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Ше­кара қызметі «азамат Серік Мыр­зақұлұлы Күдебаевтың ресми жұ­мыс­ істеп тұрған өткізу пункттері ар­қы­лы Қазақстанның Мемлекеттік ше­ка­расынан өтпегенін» хабарлады. Құ­зырлы органның мәлімдеуінше, бүгінгі күні «шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен өзара іс-қимылда тексеру тағайындалған».

Шыны керек, қашқын генерал ісі­ күллі құқық қорғау органдарына­ күйе жағып кетті. Заңгерлер, қо­ғам­ белсенділері «осы іс бойынша­ кү­діктілерді қамауға алып, қатаң жа­уап­­кершілікке тартпайынша, мұндай жағ­дайлар тоқтамайды» дегенді алға­ тартады. «Ал күдіктілерді анық­­таудың еш қиындығын көріп тұр­ған жоқпын. Олар – кезінде күдіктіні қа­маудан босатуға өтініш берген про­курор, шешім қабылдаған судья,­ ше­ка­радан шығарып жіберген қыз­меткер. Егер осыларды бірден қа­­мауға алып тексерер болса, заң­сыз­ нұсқау берген басшылары да анық­талар еді», дейді Мәжіліс депу­та­ты, заңгер Абзал Құспан.

Қашқын деген қара таңба кім-кім­ге­ де абырой бермесі анық. Қайыра Бас­ прокуратура ұсынған дерек пен дә­йек­ке сүйенейік. Баспасөз қызметінің мә­лі­­­меттеріне қарағанда, негі­з­­інен ішкі істер органдарының желі­сі бойынша, алаяқтық жаса­ға­ны­ үшін – 400, ұрлық үшін 250 адам­ іздеуде жүр екен. Ауыр және­­ аса ауыр қылмыстар жасады­ деген­ 400 күдіктінің 250-і іздеу жария­лан­ғаннан кейін ұсталған. Шет мем­лекеттермен жолға қойылған ынты­мақтастықтың арқасында іздеу­де жүрген қылмыс жасаған 600 күдік­тінің жүрген жері анықталған. Олар­дың көпшілігі көрші Ресей, Аме­рика Құрама Штаттары, Түркия Рес­­пуб­ликасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Украинада жасырынып жүр.

Шет мемлекеттерде ұстау және олар­­ды кейіннен Қазақстанға экс­тра­­дициялау, соның ішінде про­ку­рорларды үйлестіруімен ұстал­ған­дар саны – 500. Мысалы, осы жы­лы­ қоғамдық резонанс тудырған қыл­мыс жасады деген 6 күдікті ұс­тал­­ды. Оның 4-уі кісі өлтіру, екеуі­ қаржы пирамидаларын ұйым­дас­тыр­ға­ны­ және басқарғаны үшін жа­за­­ға тар­тыл­ған.

Ал қаңтар қырғыны кезінде елі­­­­не­ қорған болуға тиіс қашқын ко­мен­­­­данттың дәл қазір қай елде бас сау­­ғалап жүргені белгісіз...