• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 05 Сәуір, 2023

Көктемгі егістің күрмеуі

342 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды мәселемен бірге азық-түлік қауіпсіздігіне де назар аудар­ды. Осы орайда ырыздықтың бастау көзі болып саналатын көктемгі егісті ұйымшылдықпен өткізудің мәні зор.

Жауапты науқанға мұқият дайындық бар делінгенімен, қолбайлау болатын, көптен бері қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Айталық, жанар-жағармайды уақтылы жеткізу, бұрын бөлінген субсидиялар бойынша электрондық шот-фактураларға түзету енгізу, сондай-ақ кейінгі жылдары өңірдің үш-төрт ауданын мекендейтін ақбөкендердің қара жердің қойнауына сіңірілген дән қылтиып шығысымен басып тастайтыны тәрізді жайлар бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы­ның мәліметіне қарағанда, көктемгі егіске дайындалып, алапат шаруа алдында белдерін бекем буып отырған диқандар биыл 5,2 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Оның ішінде дәнді және бұр­шақты дақылдар да бар. Сөз арасында мұндай да­қыл­дардың көлемі биыл 54,3 мың гек­тарға көбейе түсетіндігін сыналап айта кетелік.

Ең бастысы, көктемгі егісті уақтылы, ұйым­шыл­дықпен, барынша сапалы өткізу. Бұл орайда, жұмысты ілкімді ұйымдастыру, агро­тех­никалық шаралардың уақтылы, мұқият атқарылуы, алқаптағы ылғалды сақтап қалуға септігін тигізбек. Осы орайда, әр күні жылға азық болатын жауапты науқан кезінде кідіріссіз жұмыс істеуі үшін жанар-жағармайдың уақты­лы жеткізілуі де айрықша маңызды. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі Энергетика министр­­лігімен бірлесіп дизель отынын жет­кізу үшін арнайы кесте түзген. Осы орайда, өңір диқандарының алдында бірқатар өзекті мәселенің туындап отырғаны да рас.

– Ең бастысы, тасымалдаушы вагондардың жүйелі түрде жүктелмеуі. Мұнай өңдеу зауыттары белгіленген вагондық норма 65 тонна көлемінде болса, іс жүзінде 58-59 тонна ғана құяды. Нәтижесінде, әр вагоннан 5-6 тоннадан жетіспейді. Цистерналар вагонының жүк көтеру мүмкіндігі 62 тоннаға дейін екендігі ескерілмейді, дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гүлден Хаметова.

Жалғыз ол ғана емес, дизель отынын жеткізу мәселесінде тағы бір түйткіл бар. Еліміздің өзге өңірі көгеріп көктем келгенде, гүл жайнап тұрғанымен, солтүстіктің ауа райының ахуалы белгілі. Жазғы дизель отыны қатып қалуы да әбден ықтимал. Өңірлік кәсіпкерлік палатасының сарапшылары біздің өңірдегі ауа райының жағдайын ескере отырып, осы мәселеге көңіл аударуда. Айталық, Павлодар мұнай химия зауытының өнімі -13С суыққа дейін төтеп береді. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімі -6С градусқа дейін ғана. Демек, табиғаты қатал біздің өңір үшін Павлодар өнімі дұрыс тәрізді. Оның үстіне жолдың қашықтығын да ескеру керек.

Ендігі бір мәселе, ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының басшылары қажетті тыңайт­­­қыш­тарды уақтылы субсидиялауға айрық­ша көңіл бөліп отыр. «Кенесары бидай» серік­тестігінің директоры Қуанышбек Ыбы­раев­­тың айтуына қарағанда, 2023 жылы бөлін­ген қаражат өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеткіліксіз.

– Осы жылы еліміз бойынша көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу үшін субсидияның уақытында төленуі өте маңызды, дейді Қуанышбек Ыбыраев.

Айтса айтқандай, биыл өңірдің ауыл шаруа­шылығы құрылымдары қаржы тапшылы­ғын сезінетін түрі бар. Өйткені өткен жылдың астығы әлі сатылып біткен жоқ. Себеп – баға төмен. Теріскейдегі көршімізде өткен жылы егін бітік шықты әрі саясаттағы жағдайға байланысты сата алмай отыр. Қазір Ресейдегі бидайдың әр тоннасы 90 мың теңгенің төңірегінде. Ақмолалық диқандар бидайдың тоннасын 100 мың теңгеге сата алмай отыр. Айтуларына қарағанда, алушы жоқ. Есесіне ресейлік астық заңды-заңсыз жолдармен Орталық Азия нарығын жауып тастады. Қырсығы біздің диқандарға тиюі әбден мүмкін.

– Егер біз бұдан арзанға сататын болсақ, шығынға белшемізден батамыз, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының өкілі Құлан Болатов, – өйткені біздің бидайдың өзіндік құны осы шамада. Егер бұдан арзандап кетсе, жұмсаған шығынымыздың көлемін толтыра алмауымыз да мүмкін.

Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласына өте қауіпті. Оның үстіне астықты қоймаларда сақтаудың өзі қаншама шығын. Әлемдегі ахуал­ға көз жүгіртсек, былтыр Иранда да астық мол шыққан. 4,9 миллион гектар жерден 13 миллион тонна бидай жинапты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, 45 пайызға жоғары. 2022 жылдың өзінде Ресей Иранға 1,8 миллион тонна бидай сатқан көрінеді. Ресей бидайының бағасы неліктен арзан? Біріншіден, өнімінің мол шыққандығы. Өткен жылы жалпы құны 260 миллиард рубльге бағаланатын ондаған мил­лион тоннаны қамбасына құйып алды. Жа­рым-жартысы әлі сатылған жоқ. Енді бе­кер­ге шығынға ұшырамау үшін арзанға өткізуге тырысуда. Міне, осындай астық нарығындағы ахуал ақмолалық диқандардың да қабырғасына батып тұр. Бидайдың өтпеуі көктемгі дала жұмыстары қарсаңындағы қаражаттың тапшылығын тудырады.

Ендігі бір мәселе, соңғы кезде диқандардың бас ауруына айналған ақбөкендер хақында. Өңірдің Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары өткен жылы зар қақсаған. Олардың айтуларына қарағанда, егістік алқапқа миллиондаған қаражат салынуда. Оның басым бөлігі қарызға алынады. Енді келіп ойламаған жерден ақбөкеннің тұяғымен бірге қауіп ілесуде. Егістік алқаптарын қорғау үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары дән көктесімен үзбей кезекшілік ұйымдастыруға мәжбүр. Бұл шаруа да қосымша қаражатты қажет етеді. Миллиондаған гектар алқапты қас қақпай күзетіп тұру үшін қаншама техника, жанар-жағармай, адам қажет. Қазір мамандар­дың айтуынша, ақбөкеннен келер зиян қара шегірткенің шапқыншылығынан кем түсер емес. Және бір айта кетерлігі, ауыл ша­руашылығы құрылымдары егістік алқапта­рын «Қызыл кітапқа» енген, қасиетті саналатын ақбөкендерден сақтандыра алмайды екен. Себебі сақтандырудың мұндай түрі жоқ. Тығы­рықтан шығар жол да айтылуда. Мәселен, жануар­лардың ғасырлар бойы қалыптасқан бағытын нақты анықтап, қорықшыларды қар­жы­ландыру. Ақбөкендерден келген залалды бағалау үшін құзыретті мемлекеттік органдар мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан арнайы комиссия құру. Ақбөкеннің табанында тапталған егістік алқаптарға келген шығынды өтеу үшін республикалық бюджеттен қаражат қарастыру.

Міне, осындай басты-басты мәселелер алға ұмтылған диқанның адымына тұсау салуда. Бұған өңірде механизатордың, токарьдің, өзге де мамандардың қасқалдақтың қанындай болып тұрғанын ескерсеңіз, ырыздықты молайтып, дән егудің өзі қиын шаруаға айналып бара жатқандығын аңғарар едіңіз.

 

Ақмола облысы