Қарасу ауданындағы Тінтуір өзені тасып, кемерінен асқан су Қарамырза ауылына кіріп кетті. Облыстық ТЖД мамандары су басқан елді мекендегі 35 тұрғын үйдің қауіпті аймақта қалғанын, Набережный көшесінде апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 15 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланғанын мәлімдеді.
Тұрғындар өз қалаулары бойынша көрші көшелердегі жақын туыстарының үйіне орналасып, құтқарушылар елдің қолындағы ірілі-ұсақты малды қауіпсіз жерге айдап шығарған.
552 адам тұратын Қарамырза тұрғындарына су тасқынынан төнетін қауіп туралы алдын ала хабарланған. Ауыл әкімдігінің ғимаратында ашылған жедел штаб мүшелері үйді-үйді аралап, тұрғындарға қандай көмек керек екенін анықтау, қажет болған жағдайда психологиялық көмек көрсету шараларын қолға алып жатыр. Қауіпті аймақта құрамында 36 адам, 13 техника, 3 қайық, 14 мотосорғы, 1 дроны бар құтқару қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен полиция күштері жүр.
Бүгінде Қарамырза, Зеленов, Железнодорожный, Октябрьск, Қарасу және Восток ауылдары ерекше бақылауға алынған. Қарамырза ауылында Тінтуір өзеніндегі су деңгейі мен еріген қар суын күні-түні қадағалап отыратын екі бақылау бекеті қойылған.
– Осыдан екі күн бұрын қардың күрт еруіне байланысты атыз-атыздан жиналып келіп құйылған қызыл судың салдарынан Тінтуір өзенінің деңгейі 2 метр 30 сантиметрге дейін көтерілді. Кемерінен асқан су 6-7 сағаттың ішінде Қарамырза ауылына жетті. Қазір бұл ауылдағы 35 тұрғын үй, 60 аула су астында қалып отыр. Көршілес Молодежный ауылында да бір үйді су басып кетті. Зардап шеккендер жоқ, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деді облыстық ТЖД-ның қоғаммен байланыс тобының өкілі Уәлихан Досанов.
Су тасқынына байланысты Қарасу ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан халқымен кездесуінде тасқын судан зардап шеккен отбасылар үшін жаңа тұрғын үйлер салынатынын айтты.
– Су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет материалдық көмек көрсетеді. Жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары баспанасын су басқан тұрғындарға қауіпсіз жерден жаңа үйлер салып беруге уәде етіп отыр. Кәсіпкерлердің тұрғын үй салуға жұмсаған шығындарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Биыл су деңгейі 2,5 метрге көтерілді, сондықтан инженерлік құрылыстарды жасау мүмкін емес. Жалғыз дұрыс шешім – тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, – деді әкім.
Төтенше жағдай департаментінің соңғы мәліметінше, Қарамырза ауылындағы тасқын судың беті қайта бастаған. Мамандар Тінтуір өзеніндегі су деңгейі 1 метр төмендегенін айтып отыр. Нәтижесінде, 17 үйдің айналасындағы су кері қайтқан. Қазірше 18 үй, 60 аула қызыл судың құрсауында қалып отыр. Эвакуацияланған 39 адамның 15-і өз үйлеріне қайтып оралған.
Қазір құтқарушылар жылжымалы мотосорғылардың көмегімен су басқан тұрғын үйлерді құрғату жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қостанай облысы